Жаңалықтар

Мектеп күзетіне енді егде жастағылар алынбауы мүмкін

Мектеп күзетіне енді егде жастағылар алынбауы мүмкін
Фото: ©El.kz/Артем ЧУРСИНОВ 30.05.2023 16:16 820

Мектептердегі күзет қызметінде егде жастағы әйелдер мен зейнетке шыққандар істейді. Бұл туралы Мәжіліс депутаты Дәулет Мұқаев айтты, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.

Күзету, қауіпсіздік деп жатамыз. Бірақ мен барған мектептердің көбінде ересек азаматтар мен әйел адамдар отырады. Олардың айлықтарын сұрасаң, 80-90 мың, әрі кетсе 100 мыңның аралығында алады. Тепсе темір үзетін азаматтарымыз мұндай жалақыға жұмыс істегісі келмейтіні анық. Енді осыған байланысты мектеп күзетуші азаматтардың орташа жасы мен жынысына қатысты статистика жүргізіле ма? Мысалы, күні кеше Павлодардағы мектеп ауласында психологиялық ауытқуы бар адам, әйел адамның көйлегін киіп, балалардың ауласында ойнап жүрген.Дәл сондай жағдай болса, оларды қуып, жүргіріп, қарсы тұру керек. Ал 50-ден асқан кісілер мен әйел азаматтар қалай қорғайды. Осы бағытта қандай шаралар жүргізіліп жатыр? - деді депутат Дәулет Мұқаев.

Оқу-ағарту вице-министрі Еділ Оспанның айтуынша, күзет қызметтерінің лицензиясына қойылатын талаптар күшейтіледі.

Бұл мәселе министрлік тарапынан пысықталуда. Жалпы негізгі кемшіліктің біреуі – күзет агенттіктерінің дайындығы жоқ адамдарды жұмысқа алуы. Бұл мәселеде тиянақтылық керек. Мектеп ұйымдары лицензиясы бар күзет агенттіктерімен шарт жасасады. Ал сол лицензияға қойылатын талапты күшейтуіміз керек. Күзет ұйымдарында жедел әрекет ететін екі топ болуы керек, - дейді Еділ Оспан.

Ал депутат Асхат Аймағамбетов мектеп күзетінде зейнетке шыққан адамдар отырғанын айтады.

Бұл мәселе сатып алу заңнамасына қатысты. Мектептер конкурс жүргізеді. Конкурста қаражат бойынша ең аз ақша сұраған ұйым ұтып алады. Жеңіп алғаннан кейін аз жалақы төлеп, сондай адамдарды алады. Ал біз күзет ұйымдарын не үшін шақырдық? Зейнетке шыққан апайлар емес, дайындықтан өткен күзет отырсын дедік. Бірақ, сатып алу заңына байланысты осындай мәселе туындады. Сондықтан, депуттар мемлекеттік сатып алу заңына өзгеріс енгізуді ұсынды, - деп атап өтті ол.

Сондай-ақ, комитет төрағасы күзет қызметкерлері балалардың мінез-құлқын білуі керек деп санайды. Яғни, әкімдікті күзеткен адам мектепті күзете алмайды. Ол балаларды және мектептің ережелері және өмірінен хабардар болғаны жөн.

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға