El.kz

Мектеп формасын қалай таңдау керек? Министрлік түсіндірді

13.08.2025 18:31

Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрлігінің Санитариялық-эпидемиологиялық бақылау комитеті ата-аналарға жаңа оқу жылы қарсаңында мектеп формасы, аяқ киім және рюкзак таңдау кезінде баланың денсаулығы мен қауіпсіздігіне баса назар аудару қажет екенін еске салады, деп хабарлайды El.kz интернет порталы.

Мектеп формасын таңдауда нені ескеру керек?

Комитет мамандарының айтуынша, мектеп формасын сенімді дүкендерден сатып алған жөн. Себебі:

  • Киімнің таңбасы мен матаның құрамын мұқият тексеру маңызды;
  • Өнімнен қатты иіс немесе химиялық иіс шықпауы тиіс;
  • Сауда нысанында тауардың сапасы мен қауіпсіздігін растайтын құжаттар болуы қажет. Егер мұндай құжаттар болмаса, басқа дүкеннен іздеген дұрыс.

Яғни мектеп формасы рұқсат етілген сауда орындарынан алынуы тиіс және бала терісіне зиян келтірмейтін табиғи матадан тігілгені абзал.

Балалар аяқ киімін қалай дұрыс таңдауға болады?

Аяқ киімге қойылатын талаптар одан да қатаң:

  • Қатты өкшелі болуы керек (аяққа жақсы тірек болады);
  • Аяқтың өлшемі мен пішініне сай келуі шарт;
  • Сенімді бекіткіштері болуы тиіс (липучка, бау немесе ілгек маңызды емес, бастысы – аяқ киімнің орнықты болуы);
  • Тар мұрынды аяқ киімдерден бас тарту керек – баланың башпайлары еркін қозғала алатындай кең болуы шарт.

Мектеп сөмкесін таңдаудағы маңызды кеңестер

Мектеп сөмкесі (рюкзак) де ерекше назарды талап етеді:

  • Бала бойына сай өлшемі бар сөмке таңдалуы тиіс;
  • Кең әрі реттелетін иықбаулар арқалыққа түсер салмақты тең бөледі;
  • Қатты арқалық құрылымы бар сөмке омыртқаны қисайтып жібермей, салмақты тең бөледі. Әсіресе бастауыш сынып оқушылары үшін бұл өте маңызды.

📝 Дәрігерлердің айтуынша, дұрыс таңдалған мектеп формасы, ыңғайлы аяқ киім және анатомиялық мектеп рюкзагы баланың шаршауын, арқадағы ауырсынуды және аяқтың қажалуын болдырмауға көмектеседі.