Жаңалықтар

Мейірімді насихаттайтын әлеуметтік кафе

Астанада «ерекше» жандар істейтін кафе барын білесіз бе?
Мейірімді насихаттайтын әлеуметтік кафе
07.02.2018 11:07 13597

Айманның жасы 31-де. Бойындағы психикалық ауытқуға байланысты Астана қаласындағы Психикалық денсаулық медициналық орталығында есепте тұр, екінші топтағы мүгедек. Денсаулығындағы кінәратына байланысты 6 сынып қана білім алған бойжеткен жақында алғаш рет жұмысқа орналасып, өзін қоғамның толыққанды мүшесі ретінде сезінуге мүмкіндік алды. Бұл ұжымда әзірге 13 қыз-жігіт бір мүддеге жұмылып, жұмыс істеуде. Біз бүгін осыдан үш апта бұрын ғана Астана төріндегі Назарбаев университеті жанынан ашылған «ерекше» жандар жұмыс істейтін – Kunde дәмханасы туралы сөз етпекпіз.

Kunde дәмханасы – психикасында кінәрат бар немесе ментальды ауытқуы бар «ерекше» жандарды бір арнаға тоғыстырған әлеуметтік жоба. Бұл жерде ондай адамдар қоғамнан өз орындарын тауып, өзін құрметтеу мен бағалауды үйренеді.

Kunde – ақыл-ой кемістігі бар жандарды оңалтып, үйретіп, қоғаммен араласуына мүмкіндік жасайтын тіпті қоғамның толыққанды мүшесіне айналуына жағдай жасауға бағытталған инновациялық пилоттық жоба.

Айман – егіздің сыңары. Осы уақытқа дейін тек өз әлемінде өмір сүріп келген Айман үшін осындай әлеуметтік жобаға қатысып, қоғаммен араласуға мүмкіндік алғанына өзі әлі сенер емес. 3 ай бойы арнайы тренингке қатысып, даяшылықты меңгерген кейіпкеріміз Kunde дәмханасында алғашқы еңбек жолын бастады.

– Осында жұмыс істеген маған ұнайды,- дейді ол. – Қызмет көрсетуді үйрендім. Бұрын ешқайда жұмыс істген жоқпын, үйде отырғанмын. Сыңарымның есімі Шолпан. Отбасында бес ағайындымыз. Астанада бауырларыммен тұрамын. Ата-анам Қарағандыда тұрады. Басында жаңа ұжымда қатты қобалжып, үйрене алмай жүрдім. Кейіннен үйренісіп, өзімді еркін сезіне бастадым. Мен екінші топтағы мүгедекпін, дәрінің күшімен жүремін. Оң аяғым мен оң қолым ұйып қалатын, бірақ жұмысқа араласқалы көңіл-күйім де көтеріліп, белсенділік пайда болды.

Әлеуметтік дәмхана ашу туралы идея қайдан келді?

Жас болса да біздің қоғамға аса қажет осындай маңызды әлеуметтік жобаға бас бола білген 21 жастағы Мәулен Ахметов осы бір тамаша идеяның авторы.   

Мәулен кішкентайынан қайырымдылық істерге жақын екен. Жетімдер үйінде қызмет еткен тәтесі Мәуленді үнемі балалар үйіне апаратын. Мұқтаж жандарға көмек қолын созып, жақсылық жасауды Мәулен бала кезінен бойына сіңіріп өсті. Кейіннен ол тіпті АҚШ-та білім алып жүргенде түрлі волонтерлік қозғалыстарға белсене араласып, өзін сынап көрген. Алғаш рет осылайша инклюзивті білім деген ұғыммен танысып, психикалық ауытқуы бар балалар да ел қатарлы мектепте білім ала алатынын көрді.

Мәулен елге келгеннен кейін түрлі қайырымдылық шаралары мен акцияларға қатысу арқылы қоғамдағы ондай мәселелерді шешу мүмкін емес екеніне көз жеткізді. TEDx-те сөз болған пәрменді альтруизм идеясын тыңдағаннан кейін Мәуленге әлеуметтік жоба ұйымдастыру туралы ой келді. Бұл қозғалыстың  өкілдері әдетте қайырымдылықпен шұғылданып қана қоймай, барынша қоғамға пайдалы іс қылып, мәселені шешуге күш жұмсайтындықтарын ұнатты. Дәл осы тұста Мәулен психикалық ауытқуы бар жандарға көмек қолын созамын деп шешті.   

Мәулен Назарбаев университетінің 3 курс студенті. Ол «Әдебиет» мамандығын меңгеріп жүр.  

– Университетті өз үйім деп есептеймін, - дейді кейіпкеріміз. – Осында тұрамын, білім аламын, мемлекет біздің жан-жақты дамуымызға жағдай жасап отыр. Университеттің әкімшілігі университет қабырғасынан әлеуметтік кафе ашу туралы идеямды бірден мақұлдап, маған қолдау білдірді. Университеттің президентіне идея ұнады. Ғимаратты тегін пайдалануға мүмкіншілік берді. Осындай психикалық ауруға шалдыққан немесе ментальды ауытқуы бар жандарға көмектессем деген идеяны пісіріп, жетілдіріп серіктестерімнің қолдауымен іске кірісіп кеттік. 

Мәуленнің пікірінше, әлеуметтік дәмхана әлемдік тәжірибеде психикалық ауытқуы бар адамдарды оңалтуға септігін тигізетін ең тиімді әдіс. Бұл жоба тексерілген және көптеген елдерде әлі де жалғасын тауып келеді. Мұндай әлеуметтік жобалар арқылы жүздеген кафелер мен мейрамханалар қаншама «ерекше» жандарды жұмыспен қамтып қана қоймай, олардың қоғамда өз орындарын табуына ықпалын тигізіп отыр.

– Бұл тың идея емес, әлемнің көптеген елдерінде мұндай тәжірибе бар, - дейді Мәулен. – Оңалту арқылы олардың қоғамға сіңісуіне, бейімделуіне көмектескіміз келеді. Біз әлем елдеріндегі көптеген әлеуметтік кафелердің тәжірибесін зерделедік. АҚШ-тың Техас қаласындағы Hugs кафесі мен Алматыдағы «Training cafe» дәмханасын мысалға келтіре аламын. Осы аталған дәмханаларда да психиятриялық есепте тұратын адамдар жұмыс істейді. Hugs кафесін ашқан Рут Томпсоннан көп нәрсе үйрендік. Мен Томпсонға Facebook желісі арқылы хат жолдап, әлеуметтік жоба туралы идеямды жаздым. Ол бірден қолдау көрсетіп, бізге жан-жақты көмектесті. Мәселен, менде ресторан бизнесі саласында тәжірибем жоқ. Сол себепті меню құру, мекемені қаржылай басқару мен калькуляция жасауға Hugs кафесінің тәжірибесі зор көмек  болды. Ол кісі тіпті жобаға қаржылай көмек ретінде 500 АҚШ $ долларын аударғанын да айта кеткенім жөн.

Әлеуметтік жоба туралы

Мәулен аталмыш әлеуметтік жобаны бірнеше мекеме мен өзіне қолдау білдірген мамандармен бірлесіп, жүзеге асырған. Мәуленнің серіктесі осы салада тәжірибесі мол медицина психологы Әсем Саттарова Астана қаласындағы Психикалық денсаулық медициналық орталығының директоры Ербол Нұрқатовпен таныстырып, жүздестіріпті.

– Ербол Нұрқатов мырза бірден жобаға қолдау білдірді, - дейді Мәулен. – «Бізге де жаңа инновациялық оңалту әдісі керек» деді. Осылайша, бірлесіп осындай мекеме аштық. Менің жобама үш жақты қолдау білдірген серіктестердің арқасында әлеуметтік дәмханамыз өз жұмысын бастап кетті. Мәселен, Назарбаев университеті жобаға қолдау білдіріп, кафе орналасқан аумақты тегін пайдалануға мүмкіндік берсе, Психикалық денсаулық медициналық орталығы мамандары сол мекеменің ғимаратында тегін тренингтер өткізуге жағдай жасап, әрі сол дәрістерді жүргізетін психолог мамандарды ұсынып отыр. Үшіншіден, «Бақыт» деген қор құрдық. «Бір жағадан бас, бір жеңнен қол» шығарып, бір мүддеге жұмылғанның арқасында жоба жұмысы алға ілгерілей түсті.   

Мәуленнің айтуынша Kunde дәмханасының ашылғанына үш апта ғана болса да, келушілердің қарасы көп. Бизнес жоспар бойынша тамақтану орынына 50-60  адам келеді деп жоспарланса, әзірге күніне 80-100 жуық келушілерге қызмет көрсетіліп отыр екен. Бастапқыда психолог мамандар мұнда жұмыс істейтін «ерекше» жандар күніне 3-4 сағат қана жұмыс істеуге қабілетті деп болжаса, мұндағы қыз-жігіттердің талпынысы өзге нәтижені көрсетіп, толыққанды 6 сағат тікесінен тік тұрып, қызмет көрсетуге қауқарлы  екендіктерін дәлелдепті.

Динара Бозжігітова, тренинг менеджер

Ең әуелі осы жастарды еңбекке баулып, тренинг барысында қызмет көрсетуге үйретіп жүргенім өзімнің тарапымнан азды-көпті көмегім деп білемін. Тренингте даяшылар мен аспаздарды, бармендерді үйретіміз. Мекеме «Камми» қонақжайлылыққа үйрету мектебі деп аталады. Әлеуметтік жоба аясында осы «ерекше» жандарға қызмет көрсетуді үйретуге ұсыныс алдым. Біз үш ай бойы аптасына 3 реттен дәрістер өткіздік.  Бұл – олардың өміріндегі алғашқы тәжірибе ғой. Барынша оларды алдап-сулап үйретуге тырысамыз. Осы дәмхананың ашылу салтанаты болған күні Мәулен осында қалып, басқарушы маман болуымды сұрады, бас тарта алмадым.

Біз Динарадан тренинг барысында «Қандай қиындықтар болды?» деген сауал қойдық.  

– Олардың есте сақтау қабілеті нашарлау, - дейді Динара. – Үнемі жалықпай қайталап отыру керек. Тіпті қарапайым шанышқы мен кесені қалай ұстау керектігін ұдайы естеріне салып, қайталаудан жалықпаймыз. Олардың жұмыс істеуге де ынтасы бізді қуантады. Ешқайсысы жұмыстан кешікпейді, талпынысы мен жауапкершілігі мол. Бұған дейін 13 адамды оқыттық, алдағы уақытта олардың санын 20 жеткізсек деген жоспар бар. Бұған қоса тек ментальды ауытқуы бар адамдарды ғана емес, физикалық тұрғыдан мүгедек болып қалған жандарды да еңбекке баулып, жұмыспен қамтысақ деген ойымыз бар. Негізі жұмыс уақытында біздің қызметкерлерді үнемі бақылауда ұстап, қастарында болатын психолог маманымыз бар. Ең бастысы осында жұмысқа орналасқан жандардың үйренсем, білсем деген ынтасы жақсы. Қызметке араласқалы мұндағы қыз-жігіттер жақсы жағына өзгерді. Жүздеріне күлкі үйіріліп, көңілді жүретін болды. Бұрын мінездері тұйық, бірдемеден қорқып тұрғандай өздеріне сенімсіз, ұялшақ болса, қазір ашылып, қоғаммен араласа бастады. Кафенің ашылу салтанатына көпшілігінің ата-анасы да келіп, қатысқан. Балаларының қоғамда өз орынын тапқанын көрген ата-аналардың қуанышында шек болмады.

Әке-шешесі қуанбай қайтсін? 26 жасар Арман Аймағанбетов отбасындағы жалғыз бала.

– Осында келгелі ыдыс жууды, қызмет көрсетуді, адамдармен қарым-қатынас жасауды үйрендім, жаңа достар таптым, - дейді ол. – Үйде шаруашылыққа жақынмын. Анама көмектесемін. Адамдармен араласқан маған ұнайды. Тренингте бізге келушілерді жылы қабақпен қарсы алып, шығарып салуды үйреткен. Стақанды қалай ұстау керек, табақты стөлге қалай қою керек, дастарханды қалай сәндеу керектігін үйрендік. Жұмысқа кешікпеймін таңертең үйден сағат 7-де шығамын, екі автобус ауыстырып жетемін. Бұрын мен ұялшақ болдым, адамдармен сөйлесе алмайтынмын, қазір адамдармен араласуды үйрендім. Өмірімде көп өзгерістер болып жатыр, ата-анам мені қолдайды, олар мен үшін қатты қуанды.

Арман 9 сыныпты бітіргеннен кейін кондитерлік курс тәмамдаған екен.  Өкінішке қарай ешқайда жұмыс жасамапты. Енді міне, осындай әлеуметтік жобаның арқасында Арман даяшылықты үйреніп, жұмысқа да орналасты. Өзі үй жинағанды, анасына көмектескенді жақсы көретінін айтады. «Достарым бар, бірақ аз» деп жымиды әңгіме соңында кейіпкеріміз.

 

«Kunde» дәмханасында диагноздары әрқилы жандар жұмыс істейді. Ең бастысы олар да өздерін қоғамның бір мүшесі ретінде сезініп, еңбекке араласа бастады.

Мәуленнің пікірінше, ментальды ауытқуы бар жандар үшін «Kunde» әлеуметтік жобасы мүмкіншілік пен жетістіктің шыңы емес. Олар дәмханада тәжірибе жинап, ортаға әбден бейімделгеннен кейін өздері қалаған мейрамхана мен тамақтану орындарына жұмысқа тұрып, қоғамның толыққанды мүшесі ретінде қалыптасуына жағдай жасау басты мақсат. «Ондай мүмкіндік жастардың 30 пайызында бар»,- дейді Мәулен.

– Еліміздің әрбір облыс орталығында психикалық науқасқа шалдыққандарды емдейтін медициналық мекемелер бар, сондықтан бізге қарап өзге қалалардан осындай дәмхана ашамын деген кәсіпкерлер табылса, жан-жақты қолдап, жол көрсетуге біз қашан да әзірміз,- дейді жас кәсіпкер Мәулен Ахметов.

Мәулен осы жобаны краудфандинг арқылы жүзеге асырды. Маусым айынан тамызға дейін «Indiegogo» платформасы арқылы табысты краудфандингтік кампания жүргізіп, нәтижесінде 10 мың АҚШ долларын жинады.

Осындай әлеуметтік жобаларды қолдап, Мәуленнің бастамасын жалғастыруға ниетті жандар табылса, Қазақстандағы БҰҰ-ғы бағдарламаларды дамыту кеңсесіне жобаңызды ұсынып, өтініш беруге кеңес береді. Сонымен қатар «Global crowdfunding academy» атты халықаралық компанияға да өтініш беруге болатынын айтады.

Суреттерді түсірген Арман Мухатов

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға