Жаңалықтар

Мейірболат Тоитов: «Бұл айқас өзгемен емес, өзіңмен»

«Astana Arlans» боксшысы
Мейірболат Тоитов: «Бұл айқас өзгемен емес, өзіңмен»
Фото: Нұрбек Әлманбет 05.01.2017 18:01 14058

Адам мен адамның айырмасы неде? Иә, өмірлік көзқарасы, алған тәрбиесі мен атқаратын қызметінен бөлек мыңдаған ірілі ұсақ ерекшеліктері болады. Ал бір боксшыны екінші боксшыдан ерекшелейтін басты қасиет ол — еңбекқорлық. Неліктен талант емес дейтін боларсың? Бокс өмірдің ең айқын көріністерінің бірі. Шаршы алаңға шыққанда саған ешкім көмекке келмейді. Бұл айқас. Айқас өзгемен емес, өзіңмен. Не жеңесің, не жеңілесің. Құлайсың немесе құлатасың. Сен ұрасың немесе сені ұрады. Кездесу тек жеңіспен аяқталмайды. Жеңіліп қалғаннан кейін таңертең оянып, ауырған денеңді сүйретіп жаттығу залына келу, ішкі жан дүниеңде сайрап жатқан «қайтесің, барлығы секілді жұмыс істе, жаттық, еңбектен» деген сөздер жігеріңді жани түседі. Қайта тырмысып, өзіңді қыйнап жаттығу — еңбекқорлық.

Мейірболатқа хабарласқанымда ол сынған қолына қарамастан жаттығу залында екенін айтты. Қасында бос тұрғанша жаттыға жүріп, сұхбат алайын деген ниетпен сөмкемді арқалап, жаттығу залына келдім.

Жаттығу арасында Мейірболаттың Олимпиада чемпионы Бахтияр Артаевтың суретіне қарап тұрғанын көріп, әріптесім Нұрбек суретке түсіріп үлгеріпті. Бұл суретте қандай мағына бар екенін сұхбатты соңына дейін оқыған адам түсінеді.

Қарағанды облысы Нұра ауданы Баршын ауылында дүниеге келдім.  Әке-шешем Қорғалжынның тумасы. Астанада тұрып жатқаныма 18 жыл болды. Боксқа келуіме атам марқұм себепші болды. Атам бапкерімді шақырып алды да, «мына баладан боксшы жаса» деді. Атамның арманы болған шығар, кім білсін...

Он жасымда бапкерім «шыдай тұр, әлі кішкентайсың» деп қайтарды. Бір жылдан кейін бокспен тұрақты түрде айналыса бастадым. Бірінші жарыс екі айдан кейін-ақ болды. Қалалық чемпионатта бірінші орын алдым.

Бапкерім Бейбіт Масабаев. Бокс залына аяқ басқан күннен, қазіргі уақытқа дейін жаттықтырып келеді. Қолымды жарақаттап алып бір жылдай бокстан қол үзіп, спортты доғарамын деген де ой болды. Дәл осы мезетте жігерімді қайрап, еңсемді көтерген де бапкерім еді. 

Мектепте төбелескіш бала болған жоқпын. Тиіссе жазасын беретінмін. Өзім ілігіп төбелес іздеген емеспін. Төрт-бес бала жақын араластық. 2012 жылы Бурабайда оқу жаттығу жиынында бапкерім хабарласып, «Астана арланс командасына шақырып жатыр» деді. Ойланбастан келістім. Араға бір жыл салып біз әлем чемпионы атандық. Осы уақытта боксқа деген құлшынысым одан сайын арта түсті. 

Әрбір жекпе-жекте, әрбір жарыста барымды салып жұдырықтасамын. Бокс болған соң ауыр соққылар алатын сәттер болады. Бірақ, нокаут алған кезім болған емес.

WSB әлем мойындаған үлкен жоба. Кеше ғана Рио Олимпиадасында атой салған Василий Левит дәл осы WSB жобасынан лицензия алған болатын.

Қазақстан чемпионатында 60 кг салмақта өнер көрсетемін деп шештім. Өзімнің бапкерім, Мырзағали Айтжанов та бұрыннан осы салмаққа ауысуыма кеңес беріп жүрген болатын. Спортшы үшін жыл өткен сайын салмақ ұстап тұру қиынға соғып жатады. Сондықтан осы жылы тәуекелге бел будым.  

Әуесқой бокс пен кәсіпқой бокс жаттығуларының басты айырмашылығы — физикалық дайындықта. Кәсіпқой бокста ұзағырақ жұдырықтасатын болғандықтан, шыдамдылыққа көп жаттығулар жасаймыз. Жаттығулар күніне екі уақыт екі сағаттан күнделікті болады. Жексенбі күні ғана демаламыз.

Кішкентай қызым бір жарым жаста. Отбасылы болған керісінше рух береді екен. Әйелім Астанадағы жарыстарыма келіп жанкүйерлік танытады. Шетелдердегі жекпе-жектерімді теледидардан үзбей қарап отырады. Осындай дәрежеге жеткенім мені боксшы қылған бапкерім және әрдайым қолдау білдірген отбасымның арқасы.

Соңғы Қазақстан чемпионатында жұдырықтасып жатып бірінші раундтың соңында қолым сынып кетті. Үш раунд үзбей қолғап түйістіріп, жеңіске жеттім. Жартылай финалға шыққаныммен бапкерім сынған қолымды көріп жарыстан «шешіп» алды.

Жақында Астанада жаңадан бокс залы ашылған болатын, сол жерде бос уақытымда кішкентай балаларды жаттықтырамын.  Болашақта тұрақты түрде бапкерлікпен айналысам деп айта алмаймын. Менің мақсатым осыған дейін үйренгенімді соңымнан ерген інілеріме үйретіп кету.  Ертең олардың арасынан Олимпиада чемпионы шығып жатса, «бұл баланы боксқа үйреткен мен» деп айтып отырамын ғой.

Бизнес жасау менікі емес сияқты. Мүмкін бұл ойым уақыт өте өзгеретін шығар. Уақыты келгенде ойлана жатармын. Қазір жасым жиырма алтыда. Отыз жасқа дейін жұдырықтасамын деп өзіме мақсат қойып отырмын.

Астанада жарыс өтіп жатты. Мен өзімнің жұдырықтасатын күнім бүгін емес деп, үйде демалып жатқан болатынмын. Бір уақытта бапкерім хабарласты:

— Қайдасың?

— Үйде демалып жатырмын

— Қалай? Сен он минутта шығасың, тез жет, деді.

Апыр-топыр жиналып залға келдім. Қарасам тура сол уақытта мені шаршы алаңға шақырып жатыр екен. Қыздырынбай, қолыма қолғабымды кие салып рингке кіріп кеттім. Ең қызығы сол кезде жеңіске жеттім.

«Astana Arlans» боксшыларына үш категорияға бөліп жалақы береді. Одан бөлек әрбір өткізген кездесуімізге сыйақы аламыз. Өмір сүруге жетеді.

Достарымның айтуы бойынша «коронный» соққым  бауырдан ұру. Қарсыластарым көбіне осындай соққылар кезінде накдаунға түсіп жатады.

Жаттығу кезінде айтылған тапсырманы соңына дейін істеу қажет деген ұстанымым бар.

Арманым  Олимпиада ойындарында елімнің көк туын желбірету.  

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға