Жаңалықтар

Медициналық қызметкерлер таблеткалар мен психоактивтік препараттарды сақтау шарттарын бұзған

Медициналық қызметкерлер таблеткалар мен психоактивтік препараттарды сақтау шарттарын бұзған
Фото: polisia.kz 18.11.2024 09:52 315

Ел аумағында жоспардан тыс «Дәрмек» республикалық жедел-профилактикалық іс-шарасы өткізілді, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.

Polisia.kz мәліметінше, операцияның негізгі мақсаты – есірткінің заңды айналымы саласындағы құқық бұзушылықтар мен дәріханалық нашақорлықтың таралуына жол бермеу.

Рейдтік іс-шара кезеңінде прекурсорлар мен медициналық препараттарды қолданатын мыңнан астам ұйым, оның ішінде 721 дәріхана, 77 қойма, 159 емдеу-профилактикалық мекемеcі және 129 өнеркәсіптік кәсіпорын тексерілді.

Полиция бұған дейін өткен «Дәрмек» жедел-алдын алу іс-шарасымен салыстырғанда анықталған әкімшілік құқық бұзушылықтардың 30%-ға өскенін атап өтті.

Үш мың тоннадан астам прекурсорлардың айналымы шектелді. Атап айтқанда, бұл синтетикалық есірткілерді өндіруде қолдануға болатын қос мақсаттағы тауарлар. Әкімшілік жауапкершілікке 191 лауазымды тұлға тартылды, оның ішінде 108 медицина қызметкері. Сақтау шарттарын бұзғаны үшін 44 мың таблетка және 14 мың ампула психоактивтік препараттар айналымы шектелді. Есірткі құралдарымен жұмыс істеу саласында бес қылмыстық құқық бұзушылық анықталды, – деді ІІМ есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл комитеті төрағасының орынбасары Қуандық Әлжанов.

Мысалы, Батыс Қазақстан облысындағы өнеркәсіптік объектілерінің бірін тексеру барысында лицензиясыз пайдаланылған 14 тоннадан астам тұз қышқылы анықталып тәркіленді. Абай облысындағы медициналық ұйымды тексеру кезінде есірткі құралдарын сақтау және жою қағидаларын бұзу дерегі анықталды, онда 137 ампула психоактивтік заттар тәркіленді. Фармацевтке қатысты қылмыстық іс қозғалды.

Есірткі құралдары, психотроптық заттар мен прекурсорлар айналымымен айналысатын заңды тұлғаларға бақылаудағы заттарды тасымалдау, сақтау, пайдалану және сату нормаларын сақтау қажет екенін айтамыз. ІІМ есірткінің заңды айналымы саласындағы заңнамада белгіленген талаптарды бұзғаны үшін Қылмыстық кодекстің 303-бабы бойынша қылмыстық жауаптылық көзделгенін еске салады, бұл 600 мың теңгеге дейінгі мөлшерде айыппұл немесе 40 тәулікке дейін қамауға алу түріндегі жаза, – деді Қуандық Әлжанов.

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға