Жаңалықтар

Медицинаға жолдасының қолдауымен келген медбике

Медицинаға жолдасының қолдауымен келген медбике
Фото: Әселия Тәңірбергенованың жеке архивінен 12.05.2023 18:27 1343

«Ауру батпандап кіріп, мысқылдап шығады» деген қазақ денсаулықтың қадірін әу баста-ақ жақсы білген. Алда-жалда басымыз ауырып, балтырымыз сыздаған сәтте ақ халатты жандарға қарай жүгіретініміз анық. Бәрімізге жан керек. Әсіресе, ел қорғаны әскери сала мамандары мен жауынгерлердің денсаулығы қатаң бақылауда болады. 12 мамыр – әлем бойынша медбикелер күні. Атаулы датаға орай 6636 әскери бөлімінің мебикелеріне барып, тыныс-тіршілігімен танысып қайттық, деп хабарлайды El.kz ақпараттық агенттігі. 

Медбикелер күнін белгілеу туралы мәселе алғаш рет 1953 жылы жаһандық деңгейде көтерілген. Тек 12 жыл өткен соң дүниежүзі бойынша медбикелер күні ресми түрде бекітілді.

 1974 жылы медбикелердің Халықаралық кеңесі аталған мерекені мамырдың 12-сі күні тойлауды ұсынды. Себебі, дәл осы күні медбикелер қызметінің негізін қалаушылардың бірі Флоренс Найтингейл өмірге келген.

Ол XX ғасырдың басында Англияның медицинасын түбегейлі өзгертіп, медбикелер қызметінің ашылуына себеп болған. Сол кезеңнен бері медбикелер өздеріне жүктелген міндеттерді адал атқарып келеді. Солардың арасында Ұлттық ұлан сапында қызмет ететін ақ халатты абзал жандар да бар.

Медицина саласына жолдасымның бағыт-бағдар беруімен, қолдауымен және кеңесімен келдім деп айта аламын. Ол кісі де негізінен осы әскери қызметте жүрген азамат. Сонысымен де медицинаға әрі әскери өмірге келуіме ықпал етті, - дейді ефрейтор Әселия Тәңірбергенова.

Ол  өзінің де анас да медбике болып жұмыс істегенін тілге тиек етті. Бірақ бұл салада көп тұрақтамапты. 5 жыл еңбек еткен соң, жеке кәсіпкерлікке бет бұрған.

 Ал мен болсам 2009-2012 жылдар аралығында Шымкенттегі «Авиценна» медициналық колледжінде білім алдым. 020 жылдан бері 6636 әскери бөлімінде қызмет етіп жүрмін, - дейді Әселия Жақсыбекқызы.

Ол медбикелердің дәрігер бекіткен нұсқама бойынша ғана жұмыс істейтінін әрі оларға зор жауапкершілік жүктелетінін тілге тиек етті.

Мысалы, әр науқасқа белгіленген дәрісін беру, екпе салу, система қою секілді жұмыстар медбикенің басты шаруаларына жатады. Бұған жарақатпен келген адамның жаралы тұсын залалсыздандырғаннан кейінгі тану процестерін де қосуға болады.

Елордаға келмес бұрын Семей қаласындағы әскери бөлімде жұмыс істегенмін. Еңбек жолым сол жерден басталды. Кейін отағасы жұмыс орнын ауыстырған соң, менің де өмірімде өзгеріс болды. Осылайша, осы жерде жұмыс істеуге мүмкіндік туды. Бақытыма орай, мұнда да жаны жайсаң мамандармен әріптес болдым, - дейді медбике.

Ол бүгінде бір-бірімізбен бірлігі жарасқан, білікті ұжымдардың біріміз деп мақтанышпен айта аламын. Басшылық құрам әркез қолдап, білмегенімізді айтып, көп дүниені үйретті деп отыр.

Ізгілік жолында жүрген жандардың қай-қайсысы болмасын құрметке лайық. Сондықтан да адам жанына арашашы дәрігерлердің, фельдшерлердің және медбикелердің мемлекет үшін маңызы зор. Соның ішінде әскери салада жүргендеріне жүктелетін жауапкершілік жүгі ауыр.

 Өйткені олар Гиппократ алдындағы антынан бөлек, Отан алдындағы антқа да адалдық танытуы тиіс.

Қатардағы медбикелеріміз бейбіт күннің тынышы кетер болса, ел мен жерді қорғайтын ерлеріміздің қамқоршы періштесіне айналады.

Олар өз міндеттерін атқара жүріп, қару қолдануды, әскери ережелер мен Жарғыларды жақсы біледі. Әскери медбике Аселия Жақсыбекқызының еңбегін 6636 әскери бөлімінің медициналық пункт бастығы да жоғары бағалап отыр. Медициналық пункт бастығы капитан Жеңіс Базарбаевтың айтуынша, әскерде мамандар ер не әйел деп бөлінбейді. Біздің жұмысқа күннің суығы да, ыстығы да кедергі емес деп отыр.

 Міне, осының бәріне әбден төселген мамандардың бірі – Әселия Жақсыбекқызы. Ол қызмет барысында ұқыпты. Батыл шешім қабылдай біледі. Ол күндіз де, түнде де әскери қызметін абыроймен атқарып келеді. Біздің медбикелер күнделікті жұмыс барысында полигондарға барып, ату жаттығуларына да қатысады. Түрлі іс-шаралар біздің қатысуымызсыз өтпейді, - дейді капитан Жеңіс Базарбаев.

Ол сарбаздар мен сардарлардың медициналық тұрғыдағы қауіпсіздіктеріне біз жауаптымыз.  Жеке құрам қайда болса, біз де сол жерден табыламыз. Қызметкерлеріміз мұндай жағдайларға әркез дайын деп айтты.

Әскери бөлімдегі медбикелердің айтуынша, әскери қызметшілер ауа-райының күрт сууы кезінде көбірек шағым айтып келеді.

Әсіресе, жоғарғы тыныс жолдарының аурулары жиі кездесіп жатады. Мұндайда абзал жандар қабылдауына келген науқастардың денсаулығын тексеріп, дәрігерге дейінгі процедураларды орындай алады. Әрі қарай мамандандырылған ем-дом көрсетіледі.

Айта кетсек, кейінгі жылдары елімізде дәорігерлердің жалақысын арттыру бойынша бірқатар бастама жүзеге асырылды.

Медицина қызметкерлерінің жалақысын экономикадағы орташа жалақыдан 2 есе арттыру бойынша жұмыс жүргізілуде. Осылайша, былтыр дәрігерлердің еңбекақысын 30%-ға, орта медицина қызметкерлерінің айлығы 20%-ға артты. Ал биыл жылы дәрігерлердің жалақысы 561 мың теңгеге дейін, ал медбикелердікі 249 мың теңгеге дейін өседі деп жоспарлануда.

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға