Ризвановтардың жеке мұрағаты

Медицинаға адал отбасы: Ерлі-зайыпты фельдшерлердің еңбек жолы

Түркістан облысы Кентау қаласының №5 жедел медициналық жәрдем станциясында қызмет ететін Закир Құлбекұлы мен Гүлнар Ағабекқызы Ризвановтар –  ерлі-зайыпты фельдшерлер. Олардың кәсіби тәжірибесі мен адал еңбегі отбасы құндылықтарымен ұштасып отыр. Балалары да дәрігерлік жолды таңдап, медицинаның әртүрлі саласында еңбек етуде. Медицина мамандары El.kz тілшісіне берген сұхбатында өздерінің кәсіби өмірі, бірге қызмет етудің артықшылықтары мен қиындықтары, сондай-ақ балаларын медицинаға баулуы туралы әңгімелеп берді.

El.kz: Алдымен өздеріңізді таныстырып өтсеңіздер. Қалай таныстыңыздар? Қашаннан бері бірге жұмыс жасап жатырсыздар?

Закир Құлбекұлы: Мен өзімді қысқаша таныстырып өтейін.  Түркістан облысы, Сауран ауданының тумасымын. 1988 жылы Түркістан медициналық училищесіне оқуға түсіп, 1992 жылы аталған оқу орнын ойдағыдай тәмамдадым. Артынша Отан алдындағы борышымды өтеу мақсатында әскер қатарына шақырылдым. Әскердегі екі жылымды санитарлық бөлімде фельдшер болып қызмет атқарумен өткіздім. Бұл кезең мен үшін тәжірибе жинақтап, шыңдалуыма үлкен ықпал етті. 

Әскерден елге оралған соң  Кентау қалалық жедел медициналық жәрдем станциясына фельдшер болып жұмысқа орналастым. Міне, содан бері осы салада еңбек етіп келемін. Жұмыс барысында түрлі қиындықтарды жеңіп, жауапты сәттерден өтіп, талай адамның өміріне араша түстік.

Өмірлік жарым  Гүлнар Ағабекқызы Кентау қаласының тумасы. Ол кісімен осы Кентау қаласында таныстым. Ол кезде жұбайым әлі жас, білім алып үлгермеген. Алғаш рет саябақта серуендеп жүргенде жолығып, бір-бірімізді байқап, жақыннан тани бастадық. Уақыт өте келе қарым-қатынасымыз нығайып, ортақ арман-мақсаттарымызды бөлісіп, 1997 жылы шаңырақ көтердік. Бір жылдан соң, 1998 жылы тұңғыш қызымыз дүниеге келді. Кейін 2000 жылы ұлымызды қолымызға алдық. Арада бірнеше жыл өткен соң кенже ұлымыз дүниее келді. 

Балалы болып, өзі-өзімізге келгеннен соң жұбайым Кентау медициналық колледжіне оқуға түсіп, фельдшер мамандығын алды. Еңбек жолын алдымен емханада медбике болып бастады. Көп ұзамай менің ұсынысыммен жедел жәрдем қызметіне ауысып, қатарымнан табылды. Қазіргі таңда екеуміз де Кентау қалалық жедел медициналық жәрдем бөлімінің №5  станциясында бірге қызмет атқарып келеміз.

Мамандығымыз бір болғандықтан, бір-бірімізді жақсы түсінеміз. Әріптестік қарым-қатынасымыз да, отбасылық өміріміз де үйлесім тапқан. Бүгінгі таңда жұбайым – бірінші дәрежелі фельдшер, ал мен – жоғары дәрежелі фельдшер болып еңбек етіп жүрмін. Бұл салада талмай қызмет етіп, халық денсаулығына бар күш-жігерімізді арнап келеміз.

El.kz: Бір ұжымда жұмыс жасап жатқандарыңызға неше жыл болды?

Закир Құлбекұлы: Жалпы менің медицина саласындағы еңбек өтілімді алсақ, әскер қатарында өткізген жылдарымды қосқанда бүгінде 33 жылға жуық тәжірибем бар. Бұл жолда талай сынақтардан өтіп, түрлі жағдайларға тап болдық. Дегенмен осы саланың жауапкершілігін сезініп, халқымызға адал қызмет ету – мен үшін үлкен мәртебе.

Ал жұбайым бұл салада он жылдан астам уақыттан бері табанды еңбек етіп келеді. 2015 жылдан бері екеуміз бір салада, бір мекемеде халық игілігі үшін еңбек етіп келеміз. Әрине, медицина – оңай сала емес. Әсіресе жедел жәрдемде қызмет ету – әр сәт сайын жылдам шешім қабылдауды, кәсіби шеберлікті талап етеді.

El.kz: Бір салада, бір ұжымда жұмыс істеудің артықшылықтары мен қиындықтары қандай деп ойлайсыздар?

Закир Құлбекұлы: Негізінен біз кезекшілікке кезек-кезек түсіп отырамыз. Кейде кесте сәйкес келіп, бірге кезекшілікке шығатын кездеріміз де болады. Мұндайда артықшылықтары да, белгілі бір қиындықтары да бар.

Артықшылықтарына тоқталсам, ең бастысы – бір-бірімізге кәсіби тұрғыда сүйеніш бола аламыз. Мысалы, менің еңбек өтілім көп болғандықтан, жұбайым кейбір жағдайда тәжірибеме жүгінеді. Шақыртуға барғанда науқастың жағдайын толық түсіне алмай жатса немесе қандай нақты көмек көрсету керегін білмей қалса, менен кеңес сұрайды. Сол сәтте өзімнің білетінімді барынша түсіндіріп, бағыт-бағдар беремін: «былай жаса, осылай көмек көрсет» деп ақыл қосамын.

Гүлнар Ағабекқызы: Иә, дәл солай. Жолдасымның еңбек өтілі маған қарағанда көп. Сондықтан білмегенімді әлі күнге дейін сұрап отырамын. Мәселен,  кейде электрокардиограммаға қатысты сұрақтарымды жұбайыма жолдаймын. «Мына жерде инфаркт белгілері бар ма, жоқ па, қарап жіберші» деп оның пікіріне  сүйенемін.

Закир Құлбекұлы мен Гүлнар Ағабекқызы: Жалпы айтқанда, біз бір-біріміздің білмегенімізді толықтырып, тәжірибемізді бөлісіп отырамыз. Бұл – бірге жұмыс істеудің үлкен артықшылығы. Бірге жұмыс істеуіміз біз үшін бір жағынан қолдау, екінші жағынан үлкен жауапкершілік. Ал қиындықтарына келсек, ондай жағдайлар да болған. Әсіресе бұрын балаларымыз кішкентай кезде бір мезгілде екеумізге де кезекшілік түскен сәттерде қиындық тудыратын. Балаларды қарайтын ешкім болмай, біраз қиналатынбыз. Кейде әріптестерге «екеумізді бір мезгілде кезекшілікке қоймасаңыздар» деп өтініш жасайтын кездеріміз болды. Бірақ ара-тұра бәрібір бірге кезекшілікке шығатынбыз. Сол кезде, расымен, отбасылық тұрғыдан біраз қолбайлау болғанын жасырмаймыз. Қазір, Аллаға шүкір, балаларымыз есейіп қалды. Сондықтан ондай қиындықтар айтарлықтай сезілмейді.

 

(Фото: Ризвановтардың жеке мұрағаты)

El.kz: Кезекшілікке бірге түскен кезде міндеттеріңіз қандай болады?

Закир Құлбекұлы: Жұбайыммен бір бригадаға шыққанда әрқайсымыздың міндетіміз алдын ала нақты бөлінеді. Өйткені жедел жәрдем қызметінде тәртіп пен рөлдік жүйе өте маңызды. Мен бірінші фельдшер болып саналамын, ал жұбайым — менің көмекшім, яғни екінші фельдшер болады. Бізде әдетте бригада құрамы осылай құрылады: бірінші фельдшер, екінші фельдшер және міндетті түрде парамедик-жүргізуші болады. Оның жұмысы тек көлікті басқарумен шектелмейді. Ол шақыртуға кірмесе де, бізге жанама түрде үлкен көмек көрсетеді. Мысалы, науқас  өздігінен жүре алмайтын жағдайда зембілге көтерісіп салады, ауруханаға жеткізу кезінде де көмек көрсетеді. Сондай-ақ, қажетті медициналық құрылғыларды — дефибриллятор, аспиратор сияқты құралдарды әкеліп беріп, бізге жағдай жасайды. Ал қалған негізгі медициналық жұмыстар біздің мойнымызда. Мұндай кезде басшылық пен негізгі шешім қабылдау бірінші фельдшер ретінде менде болады. Яғни мен науқастың жағдайына қарап, нақты не істеу керегін айтамын, команда беремін. Жанымдағы жұбайым болса, көмекші ретінде менің нұсқауларымды орындап, қолғабыс етеді. Ол екпе салады, кардиограмма түсіреді, қажет болса асқазан жуу сияқты күрделі процедураларды да орындайды. Яғни, бір сөзбен айтқанда, біз бригадада нақты жүйеге сүйенеміз: кім басшылық жасайды, кім көмек көрсетеді — барлығы алдын ала белгілі. Соның арқасында әрбір шақырту кезінде жұмысымыз үйлесімді шығады.

El.kz: Үйде де, жұмыста да бірге болу қиын емес пе?

Закир Құлбекұлы мен Гүлнар Ағабекқызы:  Үйде де, жұмыста да бірге болудың өзіндік қиындығы бар сияқты көрінуі мүмкін. Тіпті кейде әзілдеп, «Алдараспандағы Нұржан Төлендиев айтпақшы, үйде де бір адам, жұмыста да бір адам» деп күліп қоямыз. Бірақ  бұны ешқашан ауырлық немесе шаршау ретінде қабылдамаймыз. Қайта, біз үшін бұл үлкен қуаныш. Кейбір адамдар «күнде бірге жүрсеңдер, бір-бірлеріңнен жалығып кетпейсіңдер ме?» деп ойлауы мүмкін. Ал шын мәнінде, біз үшін олай емес. Керісінше, бірге жүргеніміздің пайдасы көп. Өйткені бір-бірімізді көз алдымыздан тастамаймыз, әрдайым қолдау көрсетеміз. Жұмыста да, үйде де жаныңда өмірлік серігіңнің болғаны бізді рухтандырады. Сондықтан біз үшін үйде де, жұмыста да бірге жүру қиындық емес, қайта бір-бірімізге демеу болып, ынтымағымызды арттыратын үлкен артықшылық деп айтар едім.

El.kz: Неліктен дәл осы медицина саласын таңдадыңыздар?

Закир Құлбекұлы: Менің медициналық жолды таңдауыма бала кезімдегі бір ауыр оқиға себеп болды. Мектепте оқып жүрген шағымда өзімнің қарындасым эпилепсия дертіне шалдықты. Оның талмасы жиі ұстайтын, әр ұстамасы бізге өте ауыр тиетін. Сол кезде жас бала болсам да, «мен дәрігер боламын, қарындасыма көмектесемін, оны емдеймін» деп алдыма үлкен мақсат қойған едім.

Қарындасым 1981 жылғы болатын. Өкінішке қарай, оның дертіне нақты ем табылмады. Талмасы қайта-қайта ұстап, денсаулығы күннен-күнге нашарлай берді. Мен әскерден келген тұста қарындасым қайтыс болды. Бұл жағдай мен үшін өте ауыр соққы болды. Бірақ дәл сол сәт менің дәрігер болуға деген шешімімді одан сайын бекіте түсті. «Мен міндетті түрде медицина саласына барамын, осындай аурумен күресіп жүрген жандарға қол ұшын созамын» деп серт бердім. Содан бері осы жолдан тайған жоқпын.

Гүлнар Ағабекқызы: Менің бұл салаға келуім сәл басқаша болды. Тұрмысқа шыққан соң біраз уақыт үй шаруасына, бала тәрбиесіне көңіл бөлдім. Сондықтан мамандық алуды кейінге қалдырдым.  Негізінде медицинаға деген қызығушылығым бұрыннан бар еді. Оның үстіне жолдасым осы салада қызмет еткендіктен  менің қызығушылығым одан сайын артты. Ол жұмыстан келген сайын түрлі оқиғаларды айтып беретін. «Бүгін мынадай науқасқа бардық, мына жағдайда осылай көмек көрсеттік. Бір науқастың клиникалық өлімі тіркеліп еді, реанимация жасап, өмірге қайта алып қалдық» деп өзінің тәжірибесімен бөлісетін. Әр әңгімесін тыңдаған сайын бұл мамандықтың маңыздылығы мен жауапкершілігін сезіне бастадым. Ал уақыт өте келе балаларымыз да өсті. Олар да біздің жолды қуып, осы салада еңбек етуде. Бұл  - біз үшін үлкен мақтаныш.

El.kz: Балалар демекші, екі ұлдарыңыз бен бір қыздарыңыз осы жолды таңдаған екен. Неше перзент тәрбиелеп отырсыздар және олардың медицинаға келуіне нақты не түрткі болды?

Закир Құлбекұлы мен Гүлнар Ағабекқызы: Алланың берген екі ұл, бір қызымыз бар. Біздің балаларымыздың осы салаға келуіне ең бірінші кезекте үйдегі атмосфера әсер етті деп ойлаймыз. Өйткені жұмыстан келген соң екеуміз күнделікті әңгімемізді медицина төңірегінде өрбітеміз. «Бүгін мынадай науқасқа бардық, былай болды, мына жағдайда осылай шешім қабылдадық» деп қызықты оқиғаларды да, қиын сәттерді де бөлісіп отырамыз. Балаларымыз кішкентай кезінен осының бәрін естіп өсті, біздің үстіміздегі тап-таза ақ халатты көріп, дәрігер деген мамандыққа деген құрметтері бала күнінен қалыптасты.

Тұңғышымыз – қызымыз, кішкентайынан-ақ: «Мен дәрігер боламын» деп жиі айтатын. Сол бала күнгі арманының соңынан ерді. Әуелі Кентау қаласындағы «Дарын» мектебін үздік аяқтап, кейін Ақтөбедегі Марат Оспанов атындағы Батыс Қазақстан медицина университетінде білім алды. Содан соң Алматы қаласында Кардиология және ішкі аурулар ғылыми-зерттеу институтында үш жылдық резидентурадан өтті. Бүгінде, шүкір, Шымкент қаласында кардиолог дәрігер болып қызмет етіп жүр.

Үлкен ұлымыз  Түркістандағы Халықаралық қазақ-түрік университетінің түлегі. Ол стоматолог мамандығын таңдады. Қазір Түркістан қаласында жеке клиникада жұмыс істейді. Ал кенже ұлымыз биыл ғана Кентаудағы №12 мектепті үздік аттестатпен тәмамдады. Қызым оқыған жолды қайталап, Батыс Қазақстан медицина университетіне оқуға түсті. Жақында ғана Ақтөбеге апарып, жатақханасына орналастырып келдік. Ол бала кезінен жүрекке ота жасауға қатты қызығатын. «Мен кардиохирург боламын, жүрекке операция жасайтын дәрігер боламын» деп армандайтын. Шүкір, арманына қарай алғашқы қадам жасалды. Ең бастысы, мемлекеттік грантқа оқуға түсті. Әрине, алда әлі талай белес бар, бірақ ол өзінің жолын таңдады деп сенеміз.

Жалпы, балаларымыздың барлығының медицинаға бет бұруы кездейсоқтық емес. Бір жағынан, біздің әңгімелеріміз, кәсібіміз әсер етсе, екінші жағынан, әрқайсысының жүрегінде адам өмірін құтқаруға, көмек қолын созуға деген шынайы ықылас болды деп ойлаймыз. Енді Алла қаласа, болашақта әрқайсысы өз саласының білікті маманы болып, елге аянбай қызмет етеді деген үміттеміз.

 

(Фото: Ризвановтардың жеке мұрағаты)

 

El.kz: Перзенттеріңіз кардиолог, стоматолог сияқты нақты бағыттарды таңдағанда сіздермен ақылдасты ма?
Закир Құлбекұлы мен Гүлнар Ағабекқызы: Әрине, бізбен ақылдасты. «Дәрігерліктің қай бағытын таңдасам дұрыс болады?» деп алдымен бізден сұрайтын. Мысалы, қызым алғашында гинеколог болғысы келді. Бірақ  оған: «Гинеколог болсаң, екі адамның өміріне бірдей жауап бересің – әрі балаға, әрі анаға. Бұл өте үлкен жауапкершілік. Ал жүрек дәрігері – кардиолог болсаң, ол да аса маңызды, әрі қызықты сала» деп кеңес бердік. Кардиология жайлы, инфаркттің белгілері туралы, өз тәжірибемізден мысалдар келтіріп айттық. Қызымыз ойланып: «Онда мен кардиолог боламын» деп шешім қабылдады. Содан кейін интернатурасын тәмамдап, резидентураға түсті. Ең бастысы – бәрін грантта оқыды, ақылы емес. Өз білім-білігімен түсіп, абыроймен аяқтады. Екі ұлымыз да бізден кеңес сұрады. Біз кенже ұлымыздың ағасы сияқты стоматолог болғанын қалап едік. Бірақ ол кардиохирург саласына қызығушылық танытып отыр. Оқуға биыл ғана түсті ғой. Интернатураны бітіру керек, содан соң барып нақты дәрігерлікті бағытты таңдайтын кезде өзі шешім қабылдай жатар.

El.kz: Балалар мамандық таңдарда «бәріміз бір салада жүрмейік, тым болмаса біреуің басқа бағыт таңдасаңдаршы» деген әңгіме болды ма?

Закир Құлбекұлы мен Гүлнар Ағабекқызы: Иә, ондай әңгіме болды. Кішкентай ұлыма: «Бәріміз дәрігер бола бермейік. Дәрігер болу үшін жеті жыл оқисың, одан кейін тағы үш жыл – әпкең сияқты он жыл оқисың. Оның орнына заң жағын таңдасаң, заңгер, адвокат, прокурор боласың» деп айтқанмын. Бірақ ол: «Жоқ, ол маған қызық емес. Мен дәрігер боламын» деп бірден бас тартты. Әрине, көздерін ашқалы үйде әке-шешесін, кейін әпкесі мен ағасын ақ халатпен көріп өскесін, ұлым да сол жолды таңдаған сияқты. Кейде туыстарымыз бен достарымыз қалжыңдап: «Нағыз дәрігерлер отбасысыңдар ғой» дейді. Қызыға қарайтындар да көп. «Балаларыңның бәрі грантпен түсіп, сендердің жолдарыңды қуып жатыр» деп мақтап жатады. Ондайда, әрине, марқайып қаламыз.

El.kz: Енді әр жұмыстың өз қиындығы бар ғой. Әсіресе сіздерде түрлі шақыртулар болады, науқастардың жағдайы әртүрлі болып келеді. Жанға қатты батқан сәттерде кәсіби тұрғыда бір-біріңізге қалай қолдау көрсетесіздер?

Закир Құлбекұлы:  Иә, ондай сәттер  кездеседі. Мысалы, кейде біз жеткенше науқас өмірден өтіп кететін жағдайлар болады. Ол кез келген медицина маманының жүрегіне ауыр тиеді. Әсіресе әйелім ондайға өте сезімтал. «Қолымнан ештеңе келмей қалды, көмектесе алмадым. Мен барғанша жағдайы күрт нашарлап, көз жұмып қалыпты» деп қатты қиналатын кездері болады. Ондай кезде жылап жіберген сәттері де аз емес. Осындай ауыр жағдайларда мен оны жұбатуға тырысамын. «Бұл – Алланың ісі, адамның тағдыры, өмірдің өз заңы. Тұз-дәмі таусылған болар, сен қолдан келгеннің бәрін жасадың» деп басу айтамын. Әйтпесе, бәрін жүрекке жақын қабылдай берсе, ертең өзі ауырып қалады ғой. Сондықтан әрдайым «сен қолыңнан келгеннің бәрін жасадың, артық ештеңе істей алмайсың» деп ақылымды айтып, жанынан табылып қолдау көрсетемін.

El.kz: Шақыртуға бірге барғанда есте ерекше қалып қойған оқиғалар туралы айтып өтсеңіздер...

Закир Құлбекұлы мен Гүлнар Ағабекқызы: Иә, шақыртулардың түр-түрі болады. Оның ішінде шынымен шұғыл, ауыр жағдайлар да бар, кейде көңілге күлкі сыйлайтын, бірақ негізі бізді уақыттан ұтылдыратын, қажетсіз шақыртулар да кездеседі. Есте ерекше қалған бір жағдай бар. Бірақ оны қызық деп айта алмаймын, қайта көңіл қынжылтады.

Бірде бізге кезекті шақырту түсті. Бізде әр шақыртудың өз дәрежесі болады ғой, бұл жолы "үшінші дәрежелі жарақат" деп белгіленген еді. Жарақат болған соң бірден жылдам жеттік. Келсек, бізді науқастың жұбайы есік алдынан күтіп алды. "Науқас қайда?" десек, төрді нұсқады. Кіріп барсақ, бұтына шорты киіп алған шамамен 30-35 жастағы ер адам керуетте жайбарақат жатып алған. Бір қолында ұялы телефоны бар, ойын ойнап жатыр. "Науқас қайда?" деп тағы сұрадық, әлгі жігіт қолын көтеріп белгі берді. Құдды бастауыш сыныптағы оқушы секілді, мұғалім "сабақты кім айтады?" дегенде "мен айтайыншы" деп қол көтергендей көрінді (күліп). Бізді мазақ еткендей әсер қалдырды. Сосын "Қай жеріңіз ауырып жатыр?" десек, аяғын көрсетті. Шамамен екі-үш күн бұрын аяғын бұтақ тырнап кеткен екен. Жарасы қанап жатқан жоқ, жай ғана беті сырылған. Өзі ойынға беріліп кеткені соншалық, сұрақтарға да дұрыстап жауап бермейді. Ал бізді шақырып тұрған әйелі екен. "Жедел жәрдем шақыр деп қоймады, әйтпесе тынышталмайды" дейді. Сол кезде  шыдай алмай, "Осыған бола бізді шақырдыңыз ба?" дедім. "Иә", – дейді. Бірден әйеліне түсіндірдік: "Бұл жағдайда жедел жәрдем көмегінің қажеті жоқ. Ертең емханаға барып  қаралып, қажетті емді қабылдайсыздар", – деп айттық та  біз кетіп қалдық.

Міне, осылайша кейде бізді негізсіз шақырып, уақытымызды алады. Ал сол сәтте бізді шын мәнінде күтіп отырған, көмекке мұқтаж науқастар бар ғой: қызуы қатты көтеріліп, талмасы ұстап жатқан балалар, ауыр халдегі жандар… Осындай сәттерде босқа кеткен уақытқа қынжыласың. Оның үстіне мұндай жосықсыз шақыртулар бізге де кері әсерін тигізеді  – көмек көрсетілмеген шақырту деп есептеледі.

El.kz: Болмашы нәрсеге бола жедел жәрдем шақыратындар жиі кездеседі ме?

Закир Құлбекұлы мен Гүлнар Ағабекқызы: Ара-тұра кездеседі. Мысалы, осыдан біраз уақыт бұрын сондай бір жағдай болды. Таңғы сағат төрттің шамасында шақырту түсті. Мекенжайға жеткенімізде науқастың айтуынша, үш-төрт күннен бері іші өтіп жүрген екен. Біз дереу сұрадық: "Дәрігерге қаралдыңыз ба?" – десек, "жоқ" дейді. "Неге қаралмадыңыз?" – дегенімізде де нақты жауап жоқ. Яғни, үш-төрт күннен бері мазалап жүрген ауруын таңғы төртте бір-ақ еске алған болып шықты.

Кейде ондай шақыртулар жас аналар тарапынан жиі түсіп жатады. Мәселен, бала ауырып қалып, оны емханаға апарып, педиатрдан кеңес алады. Дәрігер қажетті ем-домын жазып береді. Бірақ соны орындаудың орнына, бізді қайта шақырып, "дәрігердің жазғанын көріп, өздеріңіз беріп жіберіңіздерші" деп өтініш білдіретіндер де болады. Әрине, біз үшін ол артық жұмыс, уақытты да алады. Дегенмен, ондай жағдайларда бала науқас болған соң қарап тұра алмайсың. Баланың дене қызуы көтеріліп тұрса немесе жағдайы шынымен көмекті қажет етіп тұрса, қолдан келгенше көмегімізді аямаймыз. Алғашқы жедел көмек көрсетіп, дене қызуын түсіріп, тиісті кеңесімізді береміз.

El.kz: Жедел жәрдем қызметінде еңбек ету үшін ең басты қандай қасиеттер қажет?

Закир Құлбекұлы мен Гүлнар Ағабекқызы: Жедел жәрдем қызметінде еңбек ету үшін ең алдымен мықты білім қажет. Теориялық тұрғыда ғана емес, тәжірибелік тұрғыдан да жақсы дайындық болуы тиіс. Өйткені әр шақырту – күтпеген жағдай, әр науқас – бөлек оқиға. Сонымен қатар бұл салада қажыр-қайрат, төзімділік өте маңызды. Кейде біз жол-көлік апатына барамыз, ауыр жарақат алған науқастарды кездестіреміз. Қолы немесе аяғы сынған, тіпті кей жағдайда адамның дене мүшесі шабылып кеткен немесе басы қатты жарақаттан миы шашылып кеткен жағдайлар болады. Осындай сәттерде адам қаннан қорықпауы керек, психологиялық тұрғыдан мықты болуы қажет.

Жедел жәрдем қызметкері батыл, жылдам әрі нақты шешім қабылдай білуі керек. Өйткені әрбір минут, әрбір секунд қымбат. Науқастың өмірін сақтап қалу көбінесе сол жылдам әрекетке байланысты болады. Қорқып, қобалжып қалатын болсаң, көмек көрсетудің уақыты өтіп кетуі мүмкін.

Бұл жұмыста ең бастысы – кәсіби білім, батылдық және кез келген қиын жағдайда өзін-өзі ұстай алу. Сонда ғана біз науқастың өміріне араша бола аламыз.

El.kz: Жедел жәрдем қызметкерлері шақыртуға барған кезде үйге кірерде аяқ киімді шешу мәселесіне қатысты түрлі пікірлер бар. Кейде әлеуметтік желілерде науқастың туыстары фельдшерлерді үйге «бахиласыз кіргізбейді» деген әңгімелерді естиміз. Сіздерде сондай жағдайлар болды ма?

Закир Құлбекұлы: Иә, ондай талаптар қойылатын сәттер кездеседі. Бұрындары жұмыс істеп жүрген кезімізде біз аяқ киімімізді шешпей-ақ кіріп кете беретінбіз. Ол уақытта адамдардың өзі де түсіністікпен қарап, «жедел жәрдем келді» деп, кілемдерін жинап қоятын. Қазір, әрине, жағдай басқаша. Басшылық «аяқ киімді шешіп кіруге тырысыңдар» деп ескертіп отырады.

Шын мәнінде, егер көмекке шынымен мұқтаж науқас болса, ол біздің аяқ киімімізге мән бермейді. Керісінше, «тез кіріңдер» деп шақырады. Өйткені ең бірінші кезекте – адамның өмірін сақтап қалу. Ал протокол бойынша біз аяқ киім шешуге міндетті емеспіз. Мысалы, ірі қалаларда жұмыс істейтін әріптестеріміз аяқ киімін шешпей-ақ кіре береді. Дегенмен өз басым ойлаймын: егер үйде кішкентай бала немесе жас босанған әйел жатса, сырттан инфекция кіруі мүмкін. Сондықтан кейде аяқ киімді шешіп кіреміз, болмаса бахил киеміз. Қысқасы, біз барған жердің жағдайына қараймыз: біреулер «шешпеңдер» дейді, ал енді біреулер керісінше «аяқ киімдеріңді шешіп кіріңдер» деп талап етеді.

(Фото: Ризвановтардың жеке мұрағаты)

El.kz: Жалпы науқастардың немесе олардың туыстарының жедел жәрдем қызметіне деген көзқарасы қандай?

Закир Құлбекұлы: Негізінен жаман емес. Бірақ кейде бізді жай ғана қызмет көрсетуші персонал сияқты көретіндер бар. «Сендердің міндеттерің – біз айтқанды орындау» деп, бізге үстемдік жүргізгісі келетіндер кездеседі. Алайда біз өз міндетімізді жақсы білеміз. Қай уақытта, қандай науқасқа қанша минутта бару керегін, ауруханаға алып бару немесе бармау тәртібін – бәрін заңды құжаттар бойынша орындаймыз. Бірақ кейбір науқастар немесе олардың туыстары талап қойып жатады. Мәселен, баласының ыстығы аздап көтерілген аналар «міндетті түрде ауруханаға апар» деп талап етеді. Протокол бойынша ондай жағдайда алып бару қажет емес, біз алғашқы көмекті көрсетіп, жағдайын тұрақтандырамыз. Бірақ ата-анасы қоймай сұраған соң амалсыздан ауруханаға жеткіземіз. Ал ол жақтағы педиатр бізге ренжіп, «несіне алып келдіңдер, ештеңесі жоқ қой» деп айтатын кездер болады.

Осыдан кейін біз екі ортада «жаман атқа» қаламыз. Бірақ бізге қойылған басты талап – науқаспен дауласуға болмайды. Сол себепті көп жағдайда жағдайды ушықтырмай, шешімін табуға тырысамыз. Мәселен, науқастың шағымы бойынша соқырішекке күдік туса, біз оны міндетті түрде ауруханаға жеткіземіз. Өйткені оны үйде қалдыру қауіпті – асқынып, өміріне қатер төнуі мүмкін. Кейде біздің күдігіміз расталмай шығады, бірақ ол үшін де сын естиміз: «диагноз қоя алмайсыңдар» дейді. Алайда біздің міндет – нақты диагноз қою емес, уақытылы жеткізу. Ал әрі қарай нақты тексеріп, шешім шығаратын – аурухана дәрігерлері.

El.kz: Егер науқастың жағдайы ауыр, мысалы соқырішекке күдік бар делік. Бірақ ол ауруханаға барудан бас тартты. Мұндайда сіздер не істейсіздер?

Закир Құлбекұлы: Біз ең алдымен түсіндіруге тырысамыз. Егер үзілді-кесілді бармаймын десе, кезекші аға дәрігерімізге хабарлаймыз. Ол кісі «қолхат жаздырып алыңдар» деп тапсырма береді. Сол науқастың немесе туысының қолынан жазбаша түрде «жедел жәрдем қызметінен бас тартамын» деген қолхат аламыз. Бұл кейін бізге шағым түспеуі үшін қажет. Дегенмен, егер біз науқастың өміріне қауіп барын анық көрсек, барынша түсіндіріп, көндіріп алып кетуге тырысамыз. «Ауруханаға барып тексерілесіз, егер бәрі жақсы болса, үйге қайтасыз» деп сабырға шақырамыз. Мәселен, жүкті әйелдерге қатысты арнайы ереже бар – «Ана мен баланы қорғау» протоколы. Онда тіпті аздаған ауырсыну болса да, әйелді ауруханаға жеткізу міндетті. Себебі мұндай жағдайда тәуекел етуге болмайды, әрі қарай шешімді гинекологтар қабылдайды.

El.kz: Ал егер жүкті әйел ауруханаға барудан бас тартып, қолхат жазып берсе ше?

Закир Құлбекұлы: Ондай жағдайда біз міндетті түрде аға дәрігерге хабарлаймыз. Сонымен қатар оның учаскелік дәрігеріне, тіркелген емханасына ақпарат береміз. «Осындай-осындай жағдай болды, науқас ауруханаға барудан бас тартты» деп ескертеміз. Ал әйелдің өзінен жазбаша түрде қолхат алып қоямыз. Бұл біздің жауапкершілігімізді жеңілдету үшін өте маңызды.

El.kz: Аға, еңбек өтіліңіз отыз жылдан астам, сол жылдардағы медицина мен қазіргі өзгерістер туралы айтып беріңізші...

Закир Құлбекұлы:  Қазір медицина саласына мемлекет тарапынан айрықша көңіл бөлініп отыр. Соның арқасында небір заманауи медициналық құрал-жабдықтар қолжетімді болып, жедел жәрдем қызметінің материалдық-техникалық базасы едәуір жақсарды. Бұрынғы уақытпен салыстырсақ, айырмашылық жер мен көктей.  Мысалы, менің еңбек жолымның алғашқы кезеңінде Кентау қаласы бойынша бар болғаны төрт бригада жұмыс істейтін. Соларға ортақ бір ғана кардиограф аппараты болатын. Яғни, науқастар көп, ал жабдық біреу ғана – жұмысымыз едәуір қиын еді. Қазір, Аллаға шүкір, әрбір бригаданың өзіне жеке кардиографы, дефибрилляторы, аспираторы бар. Яғни толық жабдықталған медициналық кешенмен қамтамасыз етілген. Сондай-ақ жаңа автокөліктер берілді. Олардың іші жайлы, жылыту және салқындату жүйесі бар, барлық жағдай жасалған. Ал біз еңбек жолымызды бастаған 90-шы жылдардың басында көбіне «Нива» мен «УАЗ»-бен баратынбыз. Ол көліктерде не пеш жоқ, не кондиционер жоқ, тіпті медициналық аппарат та болмайтын. Ал сөмкеміздегі дәрілер саны да тым шектеулі болды. Мәселен, көбіне анальгин, димедрол сияқты бірнеше дәрімен ғана көмек көрсететінбіз. Жағдай ауыр болғанымен, қолдағы барымен амалдайтынбыз. Шприцтер де көп рет қолданылатын. Инелері біртіндеп мүжіліп, ұшы мүлде өткір болмай қалады. Сонда біз оларды қайрақпен қайрап, стерилизацияға жіберіп, қайта қолданатынбыз. Бұл да өз алдына бір қиындық еді. Кейіннен бір реттік шприцтер, катетерлер қолданысқа енді. Ол біз үшін үлкен жеңілдік болды, әрі қауіпсіздікті арттырды.

Тағы бір үлкен айырмашылық – ақпаратқа қолжетімділік. Бұрын біз медициналық білімімізді толықтыру үшін кітапханаларға барып, энциклопедиялар оқитынбыз. Білмегенімізді кітаптан іздейтінбіз. Қазір барлығы қолымызда – интернет арқылы кез келген ақпаратқа жылдам қол жеткіземіз. Әсіресе жас мамандар үшін бұл үлкен мүмкіндік. Мысалы, қазір кардиограмманы планшетпен суретке түсіріп, түсінбеген тұсымыз болса, дереу аға дәрігерлерге жібереміз. Олар қарап, нақты бағыт-бағдар беріп отырады. Бұл да – жедел жәрдем жұмысының сапасын арттырған үлкен жетістік. Сонымен қатар бұрындары дәрігер-мамандардың тапшылығы қатты сезілетін. Арнайы салалық мамандар, мысалы, кардиологтар жетіспеді. Біз тек қолымыздағы қарапайым құралдармен ғана көмек көрсетіп, науқасты ауруханаға жеткізуге тырысатынбыз. Қазір жағдайымыз әлдеқайда жақсы. Кез келген сәтте алғашқы көмек көрсетуге мүмкіндік бар. Мәселен, қазіргі жедел жәрдем көліктерінде навигатор орнатылған. Ол бізге шақыртудың қай жерден түскенін, қанша минутта жетуіміз керектігін нақты көрсетіп отырады. Диспетчерлік қызмет бізді бақылап, кешігіп жатырмыз ба, жолда тоқтап қалдық па – бәрін көріп отырады. Бұл да жауапкершілікті арттырады әрі жұмысымызды жеңілдетеді.

Дегенмен қазір жұмыс жүктемесі азайған жоқ. Бұған дейін шақыртуларға екі фельдшер шығатын болса, соңғы кезде маман тапшылығы және өзге де себептерге байланысты  бір бригадада бір ғана фельдшер қалады. Әрине, біз ер адамдарға бұл аса қиын емес, бірақ жас қыздарға, әйел фельдшерлерге өте ауыр. Себебі әр түрлі науқастармен бетпе-бет келеді. Оның ішінде психикалық ауытқуы бар, агрессивті мінез көрсететіндер де кездеседі. Осындай жағдайларда әйел мамандарымызға шынымен қауіп төнеді.

Жақында Түркістанда болған жағдайды бәріміз білдік: жүкті әйелді қараған фельдшерді науқастың күйеуі соққыға жықты. Себебі ол медициналық тексеріс үшін әйелінің ішін ұстап көрген екен. Осындай оқиғалар бізде де кездеспей қалмайды. Дінді қатты ұстанатын адамдар әйелдерін ер адам дәрігерге ұстатпайды. Мұндай шақыртуларға барғанда біз олардың көзқарасын бірден түсінеміз. Ондай кезде мен әйелге қол тигізбеймін, тек шағымын сұраймын, анамнез жинаймын, қажет болса ауруханаға жеткізіп, әрі қарай әйел дәрігерлерге тапсырамын. Оларға алдын ала ескертіп: «Науқастың күйеуі пальпация жасауға рұқсат бермеді» деп айтып отырамын.

(Фото: Ризвановтардың жеке мұрағаты)

El.kz: Соңғы сұрақ, жастардың қазіргі таңда медицинаға деген қызығушылығын қалай бағалайсыздар? Қандай кеңес берер едіңіздер?

Закир Құлбекұлы мен Гүлнар Ағабекқызы: Егер адам жүрек қалауымен осы саланы таңдаса, ең бірінші талап етілетіні – білім. Медицинада тек оқулықтағы теориямен шектеліп қалуға болмайды, кітапты көп оқу керек, сонымен қатар тәжірибе жүзінде де білімін шыңдап отыруы қажет. Негізгі тірегі – білім. Ал жастардың медицинаға деген қызығушылығы әртүрлі деп айтар едік. Бізге, мысалы, медициналық колледж бен университеттен студенттер тәжірибеден өтуге жиі келеді. Солардың арасында шынымен қызығып, жан-тәнімен үйренгісі келетіндері де бар. Олар «Мынау қандай симптом? Осы аппарат қалай жұмыс істейді? Түсіндіріп бересіз бе?» деп сұрақ қойып, науқастарды қарап тұрған кезде қасымыздан шықпай, үнемі үйренуге талпынып жүреді. Кейбіреулері тіпті «Мен де тыңдап көрейінші, өкпесін тексеріп көрсем бола ма?» деп қызығушылық танытып жатады. Осындай шәкірттердің ынтасы бізді де шабыттандырады. Шын қызыққан адамға біз де бар білгенімізді үйреткіміз келіп тұрады, өйткені мұндай шәкірттерден болашақта жақсы маман шығатынына сенемін. Бірақ, өкінішке қарай, бәрі бірдей емес. Кейбір студенттер жай уақыт өткізгендей болады. Дәріс пен практиканы оқып шықты, дипломды алса болды деген түсінікпен қарайтын сияқты. Олардан болашақта қандай маман шығады, елестету қиын. Сондықтан да жастарға айтар кеңесіміз – егер шын жүрекпен таңдамаған болсаң, медицинаға келудің қажеті жоқ. Ал егер таңдасаң, адалдықпен, жанқиярлықпен оқып, бар ынтаңды салуың керек.

El.kz: Шәкірттеріңіз көп пе?

Закир Құлбекұлы мен Гүлнар Ағабекқызы: Иә, шәкірттеріміз көп. Бүгінде олардың көбі үлкен қалаларда жұмыс істеп жүрген білікті дәрігерлер. Кейде хабарласып: «Сіз кезінде осылай үйретіп едіңіз ғой, дәл сондай жағдай кездесті» деп айтып тұрады. Бұл біз үшін үлкен қуаныш. Өз ісіңнің нәтижесін шәкірттеріңнің табысынан көру – ерекше сезім.

El.kz: Қызығы мен қиындығы қатар жүретін еңбектеріңізге сәттілік. Сұхбаттарыңызға көп рахмет!