Жаңалықтар

Медицина - мемлекеттің мық шегесі

Жүрек алмастыру отасы Қазақстанда 2012 жылдан  бастап жасалды. Ал Қазақстан кардиохиругтары 2018 жылы алғаш рет жасанды жүректі донор жүрегімен ауыстыруды сәтті жүзеге асырды
Медицина - мемлекеттің мық шегесі
Фото: Суреттер: pixabay.com. 27.04.2019 21:29 9609

Жыл озған сайын біздің елімізде де ауруханаға жатып, ем алушылардың қатары молығып барады. Бір жылда 3 миллионнан астам адам ауруханаларда жатып ем-дом алады. Ал жедел жәрдем көмегіне жүгінушілердің саны жылына 7 миллионнан асып жығылады екен. Демек бір жылда Қазақстан халқы 103 қоңырауына 7 миллионнан аса  рет хабарласып, өтініш түсіреді деген сөз.

Өлім-жітімге ұрындыратын аурулардың алғашқы бестігіне жүрек қан тамыр аурулары, тыныс алу жолдарының сырқаты,  обыр (онкология),  ас қорыту жүйесінің дерті кіреді. Яғни жыл сайын аурудан көз жұматын науқастардың көпшілігінде осы сырқаттардың диагнозы қойылады. Қазақстанның президенті Қасым-Жомарт Тоқаев жуырда ҚР денсаулық сақтау министрі Елжан Біртановты қабылдап, медицина өрісінің бүгінгі хал-ахуалы туралы есеп алған болатын. Халықтың денсаулығын жақсартып, салауатты ұрпақ өсіру үшін медицинаны ресурсын күшейтіп, мамандардың әлеуметтік тұрмысын түзеу мақсатында жалақысын өсіріп, мекемелерді қажетті құрал-жабдықпен қамтуға қаржы бөлінетінін айтқан Қасым-Жомарт Кемелұлы әлі де атқарылар шаруалар шаш-етектен екенін ескертті.

Дені сау адам – елдің айбары, мемлекеттің тірегі. Елімізде медицина саласы да замана ағымымен бірге жанданып, жақсарып, түзеліп келеді. Бірақ әлі де жүзеге асырылар жұмыстар жетерлік.

Біздің елімізде ғана емес, әлемнің есін алып отырған  кеселдердің көшін бүгінде жүрек қан-тамыр аурулары бастап тұр. Біздің елде де бұрындары обыр, қатерлі ісік ауруларына шалдығушылар алдыңғы сатыда еді, өкінішке қарай соңғы кездері жүрек қан-тамыр сырқаты меңдегендердің саны олардан асып түсті. Алдыңғы орынға шыққан кеселмен қалай күресіп жатырмыз, нәтижеміз қандай? Соған тоқталуды жөн санадық.           

Жасанды жүрек тегін салынады

Қазақстанда жүрек ауыстыру отасы алғаш рет 2012 жылдың 8 тамызында жасалған болатын. Астана қаласындағы Ұлттық кардиология орталығында 38 жастағы ер адамға 45 жасында миына қан құйылып жан тапсырған әйел адамның жүрегі салынды. Өмірден өткен марқұмның баласы  шешесінің жүрегі мен бүйрегін донор ретінде алуға келісім беріп, екі бірдей адамның ғұмырын жалғаған-ды. Алғашқы жүрек ауыстыру отасына кардиохирург Юрий Пяның командасына чехиялық кардиохирург Жан Пирка арнайы көмектесіп, Германиядан да мамандар шақыртылып, отаны бірлесе атқарған еді. Содан бері қарай елімізде жүрек ауыстыру, яғни жүрек трансплантациясын жасау қалыпты оталардың санатына қосылып отыр. Тек донор жетіспейді бізде. Донор туралы сәл кейінірек тарқатамыз.

2013 жылдың мамыр айынан бастап елімізде жасанды жүрек салу отасы тегін жүргізіліп келеді. Мұндай отаны тек біз ғана тегін атқарамыз, өзге мемлекеттерде науқас қыруар қаржысын төлеп, ота үстеліне жатады. Медицинасы шырқау биікке көтеріліп, дамыған елдерде мұндай ота жасау үшін пациент қалтасынан 150 мың АҚШ долларын санап береді. Біздің елде  мемлекет қазынасынан қаржы бөлініп, отаны тегін жасаудағы мақсат – жүрек алмастыруға мұқтаж адамдардың ғұмырын ұзартуға сеп болып селбесу.

Өкінішке қарай, елімізде 200 мыңнан аса адам жүрек ауыстыру отасына зәру. Олардың арасында жүзден астамы тегін жасалатын отаның кезегінде екен. 2013 жылы Астанадағы ұлттық кардиология орталығында бірнеше науқастың жүрегі алмастырылып, жасанды жүрек отасы жасалды.

Әлемде алғаш рет

2018 жылдың желтоқсан айында әлемдегі алғаш рет сымсыз механикалық жүрек (FIVAD) салу отасы Астана қаласында жүзеге асты. Әлемнің ғалымдары мен білікті де білгір кардиохирургтарының назарын аударған отаға елліміздің дәрігерлерінен өзге Чехия, Израиль, Италия, АҚШ-тың кардиохирургтары қатысты.

Жүректің сол жақ қарыншасының қалыпты жұмыс істеуі үшін қойылған құрылғы алматылық тұрғын Исмаил Тұрсыновтың кеудесіне салынды. Ота жасатқанға дейін пациент орнынан тұрып жүру үшін ентігіп, демігіп, аяғын нық басудың өзі мұңға айналыпты. Сымсыз механикалық отадан кейін Тұрсынов емін-еркін тұрып, спорттық жаттағулар жасап, тіпті бассейнде жүзу мүмкіндігіне ие болған. Бұл дегеніңіз, механикалық жүрек отасының өрісін кеңейтер болсақ, қаншама адамға шуақты ғұмыр сыйлай аламыз деген сөз. Тұрсыновтың кеудесіне салынған сымсыз механикалық құрылғы Израильде жасалыпты. Инновациялық аппарат жеткілікті болса, жыл сайын елімізде 150-ге тарта науқасқа ота жасауға болады екен.

Сымсыз механикалық жүрек, яғни FIVAD-тың артықшылығы – сыртқа ешқандай сымдары шығып, адамға қолайсыздық тудырмайды. Аппараттың батареясы да кеуденің ішіне орнатылады. Оны арнайы белбеу арқылы магниттік толқынмен қуаттайды. Арнайы қолсағат арқылы жүректің қағысын, қанның қысымын, басқа да ақпараттарды біліп, қарап отыруға болады. Бұған дейін елімізде науқастарға механикалық жүрек отасы жасалып келді. Бірақ сымдары денеден сыртқа шығып, арнайы аппаратқа жалғанатын. Пациенттің қолында қуаттағыш сөмкесі қоса жүретін. Сымсыз механикалық жүрек отасы сәтті шыққан соң мамандар осы әдісті медицина өрісіне шығарып, қолданысқа енгізді.

Әлем бойынша 26 миллионнан астам адам жүректің созылмалы ауруына шалдыққан. Жыл озған сайын олардың санатын 900 мыңнан астам науқас толықтырып, көбейтіп отырады екен. Жыл сайын қосылатын науқастардың тоқсан пайызы жүрегін ауыстыру отасына мұқтаж. Кеудесіндегі  жүрегінің жұмыс істеу мүмкіндігі күрт азайып, өзгенің жұдырықтай етінен үміт күткендерге донор жетіспей, көпшілігі кезегіне жетпей өмірден өтеді.

Қазақстанның кардиохирургтары жүрекке жасанды қарынша салуды да меңгеріп, отаны тәжірибе жүзінде сәтті жүзеге асыруымен де дараланып отыр. 2012 жылдан бастап жүрекке жасанды қарынша салу отасы да қалыпты жүзеге асып келеді. Жалпы мұндай аса күрделі отаны әлемде тек 22 елдің дәрігерлері ғана игеріп, жүзеге асыруда.

Қазақ кардиохирургиясы әлемдік медицина мамандарын  тағы бір отамен таңдандырған-ды. Былтыр астанадағы «Ұлттық  ғылыми кардиохирургия орталығында» жасанды жүрекпен жүрген пациентке донор жүрегі, кәдімгі жүрек салынды. Бұндай ота да бұрын-соңды медицинада жүзеге аспаған еді. Отандық кардиохирургтарға жүктелген зор сенім ақталып, ота сәтті өткен болатын. Тарихи сәттің куәгері болып таңғажайыпты көзімен көруге 30-ға тарта елдің дәрігер мамандары келіп қатысты. Осы тұста науқасты бір жылда екі рет ота үстеліне жатқызуға не түрткі болды деген сұрақтың туындайтыны заңды. Оның себебі былай. Алланың берген жүрегі сырқатқа шалдығып, жасанды жүрекпен алмастырылған  пациент бір жылдай аппаратпен өмір сүреді. Содан соң оған донордың жүрегі салынды. Екі мәрте ота пышағына түсу кім-кімге де оңай соқпасы белгілі. Жалпы науқасқа алғашқы отаны жасау, нақтырақ айтқанда жасанды жүректі саларда оның өзге органдары қалыпты жұмыс істемей күдікті көбейтсе керек. Дәрігерлер сол себепті де оған жасанды жүрек салып, ұзақ уақыт бақылауда ұстаған. Нәтижесінде пациенттің органдары қалыпты жұмыс істеген соң, кәдімгі жүрек салу жүзеге асып, 12 сағатқа созылған ота сәтті өтті.  

Қазақстанда үш адам жасанды жүрекпен өмір сүріп келеді екен. Жалпы жасанды жүрек деген не? CARMAT деп аталатын бір келідей салмақ тартатын биопротез. Жүректің жұмысын атқаратын құрылғының әлемдік медицина нарығындағы құны 1 миллион еуроға дейін бағаланады. Жеті жылға дейін қалыпты жұмыс істейтін  CARMAT  жасанды жүрегін де біздің медицина мамандары  науқастарға тегін салып береді.

«Ауру – астан»,  рас сөз  

Қазақта «ауру астан, дау қарындастан» деген тәмсіл бар. Қандай аурудың болмасын  адамға туабітті болмаса да  жүре пайда болатыны анық. Кардиолог мамандар жүрек ауруларының жылдан-жылға жасарып келе жатқанын айтады. Тіпті анасының құрсағында жатып-ақ жүрек сырқатына шалдығып, өмірге науқас болып келетін сәбилер де бар. Жүрек қан тамырлары ауруының өршуіне не себеп? Статистикалық мәліметті сүзіп, зерттеу жүргізген мамандар бұл ауруға шалдықтыратын тағам деп етті атапты. Иә, кәдімгі біздің құтты қонағымыз келсе басты бөлек асып, құйқасын балбырата пісіріп, қалған сүбелі мүшелерді де сүйегінен сылындырмай қазаннан түсіретін етті айтып отыр. Бірақ бұл нақты байлам емес. Өйткені кардиолог дәрігерлер жүрек ауруына шалдықтыратын жайт  етті көп тұтыну себеп дегенмен келіспейді. Жүректің ырғағы бұзылып, сырқатқа шалдығуына адамның күнделікті жүріс-тұрысы, көңіл-күйі, тіпті қоршаған ортаның да әсері болады.

Теңіз өнімдерін күнделікті тағамдарында жиі пайдаланатын жапондар әлемде ең ұзақ өмір сүретін ұлттардың көшін бастап тұр. Бірақ бұл елде де өлім-жітімнің көбі жүрек қан-тамыр ауруларынан келеді. Теңіз өнімдерін мұхиттың үстінде отырған елдер де көп тұтынады. Бірақ олардың өмір сүру ұзақтығы жапондармен шендеспейді. Соған қарап ұзақ өмір сүру тұтынатын тағамға байланысты деп сыңарезулене тұжыруға болмайды.

Дұрыс тамақтанбау, майлылығы жоғары тағамды жиі тұтыну да жүрек ауруына ұшырататыны рас. Оны да жоққа шығара алмаймыз.

Табиғи жаратылыстың өзгешелігі ме, жүрек қан тамыр ауруларына әйелдерден гөрі ер адамдар көбірек шалдығады екен. Оған басты себеп ерлердің немқұрайлығы мен салғырттығы. Денсаулықты күтімге алу мен дұрыс тамақтану тәртібін сақтай бермейді. Қала берді жұмысбасты ерлер күн ұзақ кабинетінде отыратындықтан қимыл-қозғалыс аз болады.

Әйел адамдардың бойында репродуктивтік ерекшелік бар. Құрсағына бала біткен ананың организмінде гормоналдық өзгерістер болып, қан тазаланып, жаңарып отырады. Десе де әйел адамдардың жасы ұлғайып, алпысты алқымдағанда горомоналдық өзгерістер басқаша сипат алып, жүрегі сырқаттанатындардың саны артады екен.

Дене, тірек қимыл-қозғалыстарын жиі жасап, үнемі дамылсыз жүретін жандар, спортпен шұғылданушылардың арасында жүрек қан тамыр ауруына шалдығатындар аз кездеседі. Зиянды әрекеттерден бойды аулақ ұстамау: темекі шегіп, ішімдік ішу де жүректі «отырғызады». Шылымның құрамындағы никотин қан тамырларына май шоғырын жиыра жинап, тамырлардың тарылуына әсерін тигізеді екен. Қуырылған, майлы тағамдардан гөрі өсімдіктерден жасалған құнарлылығы аз тамақты жиі тұтынуға кеңес береді дәрігерлер.

Елімізде жасы елуге жақындап егде тартқан жандардың денсаулығын жақсарту мақсатында скринингтік тексеру жүргізіледі. Скринингтік тексеру барысында пациенттердің қан қысымы нормадан жоғары не болмаса төмен болса, көзінің көру қабілеті нашарласа, қанның құрамындағы қанттың мөлшері артса, бірден емдеу шараларын жүргізіп, ауруды асқындырмаудың алдын алу шаралары жүзеге асырылады.

Тағы бір баса айтатын жайт, соңғы жылдары Еуразия кеңістігіндегі елдердің ішінде Қазақстан жүрек қан тамырлары ауруларының көрсеткіші бойынша алдыңғы орынға шығыпты. Жыл сайын жер бетінде 17 миллионнан астам адам осы жүректің сыр беруінен көз жұмады екен. Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының статистикалық мәліметі осылай "сөйлесе", біздің елімізде де жүрек қан тамыр ауруларына шалдыққандардың шоғыры  соңғы жиырма жылдың бедерінде тіпті қалыңдай түсіпті.

Кардиохирургтар қан қысымы жоғарылап, кенеттен есінен танып құлаған жанға алғашқы медициналық көмектің көп пайдасы тиеді дейді. Жүрегі сыр беріп, есінен танып қалған жанның алғашқы 5 минуттың ішінде миының қан айналымын реттесе, өлімнен арашалап қалу мүмкіндігі мол екенін мамандар ескертеді. Егер де көшеде, бомаса көпшілік орындарда өзін жайсыз сезініп, тіпті, есінен танып құлаған сырқатты көрсеңіз, ең алдымен, тыныс алуына жәрдемдесу керек. Жедел жәрдем дәрігерлері келгенше науқастың тыныс алуын қадағалау қажет.

Біздің елімізде медициналық туризм саласының да тамырына қан жүгіріп, жүрек қан тамыр аурулары бойынша шетелдіктер де келіп, дәрігерлеріміздің біліктіліне жүгініп, ем-домын алып жүргені қуантады. Отандық медицинаны заманауи құрал-жабдықпен қамтып, дәрігерлерді шетел асырып оқытып, тәжірибесін толықтырып, танымын кеңейтіп, біліктілігін арттырудың нәтижесінде соңғы жылдары жүрек қан тамыр ауруларынан көз жұму көрсеткіші бұрынғыға қарағанда үш есеге азайыпты.

Алматы қалалық кардиология орталығының директоры кардиохирург, білікті маман Алмат Қодасбаевтың айтуынша жүректің тез сыр беруіне сыртқы факторлардың әсері мол дейді. «Түсінікті етіп жеткізгенде жүрек – адамның моторы. Моторды темір көліктердің қозғалтқышы деп те айтады ғой. Демек, жүрек те – адамның барлық мүшелерін қозғаушы, дем беруші органы. Сыртқы факторлар да жүрекке салмақ түсіреді. Дұрыс тамақтанбау, спортпен шұғылданбау, басқа да керексіз әрекеттер жүректің қалыпты жұмыс істеу тәртібін бұзады. Біздің елде жүрек қан тамыр аурулары алдыңғы орынға шықты. Бұған себеп – аурудың тым жасарып кетуі. Ертеректе жүрек ауруымен егде тартқан, жасамыс адамдар шағымданса, бүгінде бесіктегі баланың да жұдырықтай жүрегінің бүлкіліне дәз түсіп, қалыпты жұмыс істемей науқасқа шалдығады. Жүрек қан тамыр ауруларының алдын алу үшін спортпен шұғылданып, салауаттылықты сақтау керек. «Ауырғанша, ауырмаудың жолын ізде» деген қанатты сөзді әркім де көкейіне түйіп жүрсе дейміз. Өкінішке қарай, біздің қанымыз бен сүйегімізге сіңген салғырттық деген бойкүйездіктің кесірінен ауруымыз асқынып, бой бермеуге айналғанда ғана дәрігердің алдына сүйретіліп жетеміз. Басымыз ауырып, балтырымыз сыздағанды елемеудің салдары осындай үлкен сырқатқа әкеп соғады. Сондықтан да жыл сайын жүргізілетін скринингтік тексеруден өтіп, он екі мүшеңіздің қаншалықты қалыпты жұмыс істейтінін бақылағаныңыз абзал. Жүрек қан тамыр ауруларының алғашқы белгілері байқалғанда-ақ дәрігерге жүгініп, кеңесін алса, емдеу жеңіл тиеді. Ал асқынғанда, тек басқа жүрек салудан басқа амал қалмағанда отаға түсу, ең алдымен, науқасқа қиын соғатынын есімізден шығармасақ екен»,–дейді Алмат Тұрысбекұлы. Медицина ғылымының докторы, профессор Сәлім Беркінбаевтың да пікірі әріптестерінің айтқанымен қабысады. «Қандай сырқат, кесел болмасын жаман ғадеттен жабысады. Темекі, ішімдік, нашақорлық, басқа да жағымсыз нәрсенің тек зияны тиеді, пайдасы емес. Өкініштісі, біздің елде гиподинамия дерті де  артып келеді. Адам аз қозғалып, спортпен шұғылданбағандықтан да осы дертке шалдығып, жүрек аурулары көбейеді»,– дейді.

Жүрек ауруының ұрындыратын сыртқы факторлардың ішінде теледидар алдында тапжылмай ұзақ отыру, күйзеліс, жалғыздық, артық салмақ та әсер етеді. Жиі ашулану, ренжу, тұйықталып барлық ауыртпалықты ішке сақтау да жүрек ауруын шақыратын әдет. Қазақ мұндайларға «күйігі ішіне түсіп кетіпті» деп диагноз қойып жатады. 

Өсімдік өнімдері, жеміс-жидек, көктат, сонымен қатар қалыпты салмақты ұстап тұру үшін диета ұстау да жүрек қан тамыр ауруларының алдын алады.

Жүрек керек, жүрек

Әлемдік мәселеге айналған донор жетіспеушілігі біздің елімізде басты орында тұр. Донор табыла қоюы қиынның қиыны. Табылған күнде, өзі болмаса ет жақын туыстары келісім бергеннің өзінде жүректі қалай тасымалдайды? Жұдырықтай кесек етті кеудеден ажыратып алып, арқалап жүруге болмайды. Оны тек арнайы аппаратпен ғана тасымалдайды. Мұндай аппаратты кез келген ел пайдалана алмайды. Organ Care System деп аталатын бірегей медициналық аппаратты біздің мамандар 2013 жылдан бері қолданып келеді. Әлемде тек Германия, АҚШ, Австралия секілді елдердің медицинасында қолданылып келген аппаратта адамның органдары 12 сағатқа дейін сақталып тұрады екен. Бүгінде мамандарымыз еліміздің әр өңірінен келісім берген донорлардың органдарын осы аппарат арқылы тасымалдап, отадағы науқасқа жеткізіп жүр.

Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы  таратқан мәлімет бойынша жер бетінде жыл сайын 18 миллионнан астам адам жүрек ауруларынан  көз жұмады екен. Соңғы жылдары біздің елде де жүрек қан тамырлары ауруына шалдығатын науқастардың саны күрт өсіп, осы аурудан көз жұматындардың статистикасы бойынша ТМД елдерінің арасында алдыңғы орынға шығып отырмыз.

Өкінішке қарай, елімізде жүрек ауыстыру отасына кезекте тұрғандардың саны артып бара жатыр. Бірақ донор болуға келісім беретіндер тым аз. Бұлай болуы заңды да. Себебі бүйрек, бауыр, өкпе сынды органдардың донорын табу жүрекке қарағанда қиындық туғызбайды. Етінен ет кесіп (тура мағынада) бір бүйрегін бауырына, қарындасына, туыс-туғанына беріп жатқан донорларды естіп-көріп жүрміз. Ал жүрегіңді қалай тірі тұрып бере аласың? Жалпы жүректің доноры жетіспеуіне адамдардың келісім бермейтіндігінде дейді мамандар. Кенеттен келген ажалдан, мысалы, көлік апатынан, миына қан құйылып, есінен танғаннан, тағы басқа төтеннен келген ажалдан үзілген жандардың жақындары жүрегін алуға келісім берсе, талай адамның жаралы жүрегі алмастырылатын еді. Донор жетіспегендіктен науқастарға жасанды жүрек салып беру әдісі қарқынды дамып келеді.  

Жүрек трансплантациясын, яғни жүректі алып-салу отасы елімізде тек Нұр-Сұлтандағы ұлттық ғылыми кардиохирургия орталығында жасалады. Ұлттық орталық жұмысын жандандырғалы 80-ге тарта адамға басқалардың жүрегі салынған.

Қазақстанның Еңбек Ері, халықаралық деңгейдегі кардиохирург, медицина ғылымдарының докторы, «Ұлттық ғылыми кардиохирургиялық орталығы» акционерлік қоғамының Басқарма төрағасы Юрий Пяның айтқаны бар: «Біздің елімізде жүрек донорлары жетіспейді. Басты кілтипан қайтыс болған жандардың жақын-жуықтарының келісім бермеуі. Егер мен өмірден өтсем, он екі мүшемнің, яғни органдарымның жарайтынын донор есебінде беруге келісемін. Осылай деп тасқа басқандай жазып, қол қойып беремін. Өкініштісі бізде әлі мұндай ұғым-түсінік қалыптасқан жоқ. Сондықтан да жыл сайын жүрек ауыстыруға тізімделгендердің саны өсіп, олардың арасында кезегі жетпей қайтыс болып жатқандары да артып жатыр. Менің жаныма осы батады»,– деген еді. 10 мыңнан астам науқасқа ота жасап, өмірге келгеніне 3 ай жаңа толған шақалақтан бастап, ғасыр жасаған қарияның да кеудесін ашып, жүрегін емдеген білікті дәрігер тегіннен-тегін айтпаса керек.  

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға