Алматының символына айналған әйгілі «Медеу» мұз айдыны қайта жаңғыртудан өтеді. Қала әкімдігінің мәліметінше, қазір жобаның дайындық кезеңі басталып, алдағы уақытта құрылыс алаңы қоршалып, негізгі жұмыстар іске қосылады, деп хабарлайды El.kz интернет порталы.
Жаңғырту аясында мұз айдынына заманауи тоңазытқыш жүйесі орнатылып, барлық инженерлік желілер толық ауыстырылады. Кешен алғаш рет табиғи газбен қамтамасыз етіледі.
Ең басты жаңалықтардың бірі - мұз сапасы мен температуралық жағдайды жасанды интеллект арқылы бақылау жүйесінің енгізілуі. Бұл технология энергия шығынын 25 пайызға дейін азайтуға мүмкіндік береді. Сондай-ақ, көрермендерге арналған жылы орындықтар орнатылады.
Шығыс қанаттағы қонақүй төрт жұлдызды стандартқа сай қайта жобаланып, спортшылар мен қонақтарға арналған оңалту орталығы ашылады. Мұнда сауна, массаж бөлмелері және медициналық қызмет көрсету бөлімі жұмыс істейтін болады.
Кешен аумағында заманауи технологияға негізделген интерактивті музей жасақталады. Ол 3D тұжырымдамасы бойынша құрылып, мультимедиялық экспозициялар мен көрме жабдықтарымен толық қамтылады.
Сонымен қатар, батыс трибунада жалпы аумағы 900 шаршы метрлік кең терраса, кофеханалар мен демалыс орындары ашылады. Кешен алдындағы кеңістікте SUN-DECK атты жаңа көпфункционалды демалыс аймағы пайда болып, ол қала тұрғындары мен туристерге арналған жаңа тартылыс орталығына айналады.
Бұрынғы машина залының маңында 25×15 метрлік жылы суы бар ашық бассейн салынады. Мұнда келушілерге арналған трибуна, киім ауыстыратын бөлмелер және қабылдау аймағы қарастырылған.
«Бассейн жыл бойы жұмыс істеп, қала тұрғындары мен қонақтарына тауда таза ауада шомылу мүмкіндігін ұсынады», – дейді әкімдік өкілдері.
Жобаның соңғы кезеңінде «Медеу» айналасында серуен жолдары мен экологиялық саябақ салынып, кешен толыққанды спорт және демалыс орталығына айналады.

