Жаңалықтар

Медетбек батыр жайлы

Медетбек батыр туралы
14.04.2015 08:24 8220

Сыпатай мен Медетбектің жастау кездерінде қырғыздар мен қазақтардың арасында болған шайқаста қырғыздар Сыпатайды қолға түсіріп, байлап әкеткен. Медетбек оның Саурық батырдың баласы екенін білдірмей, жоғалған мал іздеген болып, соңынан қалмай бірге жүріп отырған, айласын тауып, босатып алуды көздеген. Қырғыздар Сыпатайды Орта Азияға құлдыққа сату үшін шет жаққа алып кетеді. Медетбек табандылықпен есебін тауып, қырғыз ауылының бірінде бие сауғызып жүрген Сыпатаймен кездесіп, қашып кету амалын үйретіп, өз тосатын жерін белгілейді.

Медетбек батырдың Алматы облысындағы ескерткіші

Сыпатай ебін тауып, желі басындағы бір жүйрік атпен келіскен жерде Медетбекпен қосылады. Артынан қуып келген екі қырғызды ұрып жығып, аттарын алып, төрт атпен түнде жүріп, күндіз тасаланып, он бес күн дегенде аман-есен еліне келеді. Тағы да бірде қырғыздар барымташыларының қазақтарға тұтқиылдан шапқыншылығы кезінде Медетбек батыр байқаусызда қолға түседі. Бұл Медетбек батыр екенін білмеген қырғыздар денесінің алыптығына қарап, «бір батырды қолға түсірдік» деп мақтанады. Оны Ош қаласына бір манапқа апарып береді. Медетбек сол күннен бастап мақау болып, беті-қолын жумай, қол-аяғының тырнағын алмай, айтқанға көнбейді. Қырғыздар мақауды ымдап отын алғызады, су құйғызады. Осылайша бірнеше ай өтеді.

Артындағы елі өзі айласын тауып құтылатынына сеніп, атын қырғыздарға білдірмейді. Бір күні манаптың үйіне алыстан қонақтар келеді. Манаптың үй-іші қонақтарды күтіп, абыр-сабыр болып жатқанда, Медетбек екі жүйрік атты ерттеп қойып, басқа аттарды босатып, терең сайға айдап жіберіп, манаптар қонақ асын ала бергенде, батыр атының бірін мініп, бірін жетектеп, есік алдына келіп: «Ей, манаптар! Мен мақау емеспін, қазақтың Медетбек деген батырымын, ал, енді, қош болыңдар, мен еліме кеттім!», - деп айқай салып жүріп кеткен екен. Қараңғыда қырғыздар улап-шулап қала берген.

Саурық батыр жау қолынан қаза болғаннан кейін, қырғыздар өздерінше күшейіп, қазақтардан жер даулай бастады. Бірде ел көктеуде отырғанда қырғыздың ханы Андас датқаға:

«Қазақтар Алатауды, Күртінің өзеніне дейінгі жерді қырғызға босатып берсін, әйтпесе өзім соғысып тартып аламын» деп елші жібереді. Андас датқа Ыстамбекұлы екі-үш рет халықтың басын қосып ақылдасып, бір тоқтамға келе алмайды. Медетбек пен Сыпатай: «Бұл дауды біз шешейік, бізге рұқсат беріңіз», - деп Андас датқадан сұрайды. Андас: «Бұл күрделі дауды сендер қалай шешесіңдер?», - деп екі рет келісім бермейді. Бірақ үшінші жолы: «Жарайды, жіберіп көрелік, ол үшін сендерге не қажет?», - деп сұрайды. Олар: «Екеумізге екі жақсы ат, екі атқосшы беріңіз», - дейді. Андас датқа олардың айтқандарын орындап, оларды жолға шығарып салады.

Сыпатай мен Медетбек сал-серілерше киініп, байдың мырза балалары болып, қырғыз ханының ауылына барады. Қырғыздар: «Қазақтың мырзалары келді», - деп сыйлап, қонақ етеді. Жастар жиналып ойын-сауық құрады. Қырғыз ханының жалғыз ұлы бар екен. Медетбек сол баланы айналдырып: «Біз мына жотадан (қырғыз бен қазақ елінің арасындағы шекара жота, қырғыз ауылынан көрініп тұрады) келдік. Онда ауылымыз бар, қыз-жігіттер ойын-сауық құрып тамашалап жатырмыз, бізбен бірге жүріп қонақ болып қайт», - деген сөзіне сеніп, әкесінен рұқсат алып, атқосшымен екі жас батырға ілесіп, жайлаудың жотасына шығады. Медетбек ханның баласын атқосшымен бірге байлап-матап Андас датқаға әкеліп: «Міні, дауды осылар шешеді», - дейді. Енді датқа қырғыз ханына: «Балаң менің қолымда, жер жөнінде маған қойған талабыңнан қайтпасаң, балаңның басын алып, қырғызға шабуыл жасаймыз», - деп елші жібереді.

Орман хан: «Баламды өлтірмесін, жайлаудағы екі ел аралығындағы Көктөбеде кездесіп, келісімге келейік», - деп жауабын береді. Осы келісім бойынша Көктөбеде қазақ пен қырғыз басшылары бас қосып, Алатаудың күнгейінде, Шудың шығыс жағасында көшіп-қонып жүрген шапыраштыларды Алатаудың теріскейіне көшіріп, қырғыздарға Кіші Кемін, Үлкен Кемін, Ақтүзді босатып берген. Шекара Шу өзеніне дейін емес, Алатаудың жотасындағы жолға дейінгі жер қырғыз елінікі деп белгіленді. Екі ел келісімге келіп, баласын аман қайырғаны үшін Орман хан Андасқа сыйға тоғыз айғыр қысырақтың үйірін беріп, қазақ пен қырғыз татуласады. Осылайша, ел арасындағы қиын даудың соғыссыз бітімге келуіне үлкен үлес қосқаны үшін Медетбек пен Сыпатай нағыз ержүрек батыр азаматтар екенін көрсеткен.

Енді қоқандықтар Күрті өзенінен өтіп дулаттарды шетінен жаулап, Еспе, Жартасты өзендерінің бойымен Қопа, Қарабастау ауылына дейінгі жерді басып алды. Малын тартып алып, қыз-келіншектерін күңдікке, ұлдарын құлдыққа салып, жер байлығын олжаламақ болды. Дулаттан шыққан Орақ батыр, Саурық батырға: «Біздің жерді ойламаған жерден қоқандықтар басып алды, қол үшін бермес пе екенсіздер?», - деп сәлем жолдайды. Саурық батыр Андас датқамен ақылдасып, шұғыл түрде жүзге жуық қазақтың басын қосып, қашып келіп шапыраштыны паналап жүрген орыстың алты жауынгерін, төрт түрікпенді ертіп, дулаттарға көмекке барады. Ішінде Медетбек пен Сыпатай да бар (жас кездері).

Саурық батыр: «Екеуің әлі жассың, менің айтқанымнан шықпайсыңдар»,-деп ертіп алған. Саурықтың жіберген елшісі қоқандықтарға келіп:

- Шапырашты елінен Саурық батыр келе жатыр, қасында Медетбек, Сыпатай деген жас батырлар бар, қарамағында мыңнан астам қазақ қолы, алпыс орыс, қырықтан астам түрікпен жауынгерлері бар, - деп ескертеді. Мұны естіген қоқандықтардың басшысы:

- Мынау не деп тұр? Қазақтар орыстар мен түрікпендерді және сонша қолды қайдан жинасын, өтірік, әкетіңдер, басынан атып тастаңдар, - дейді ашуланып.

Қоқандықтардың оты өшіп тегіс жатқанда, «аттан, Саурық батыр, аттан!» деп ұрандап, бір жағынан мылтықтар атылып, бір жағынан от қойып, керней тартылып, бір жағынан қазақтар шабуыл жасағанда, қоқандықтар бытырай шашылып қашады.

Саурық қашқандардың артынан Сыпатай мен Медетбектерді жібереді. Олар қоқандықтарды ел шетінен шығара қуып, жеңіске жетіп, қолға түскен адамдар мен малды құтқарып қалады.

Сыпатай Саурықұлы мен Медетбек батырлар Сұраншының сарбаздарын жинап, олардың бастарын біріктіруде, жауынгерлерге азық-түлік ұйымдастыруда айырықша еңбек сіңірген. Медетбек пен Сыпатай Сұраншының әрдайым жанында болып, қатерлі жағдайларда батыр ағаларын қорғап қалған.

Әулиеатадан өткенде Сұраншыны бір атақты адам қонаққа шақырған. Оған баруға Сыпатай қарсы болған. Сұраншы: «Бізді құрметтеп жатыр ғой», - деп көнбей, жанына Сарыбайды, Сүттібайды, Диханбайды ертіп шақырған жерге қонаққа барады. Сыпатай, Медетбек, Бірімқұл (Дәу Сыпатай баласы) жүз шақты жігіттерді ұйымдастырып, олардың соңынан келіп, бай ауылының сыртына барлаушы жіберіп, өздері бақылап тұрады.

Сол күні ай жарық екен. Бір мезгілде барлаушылар белгі береді. Сөйтсе, байдың жасырып, дайындап қойған жасақтары келіп қалған. Сол арада айқас басталып жау жағы жапырылып, өлгені өліп, қалғаны тырым-тырақай қашады. Сөйтіп, қазақтың бас батыры Сұраншы бостан-босқа жазым болып қала жаздаған.

Сонда Сұраншы: «Мына інілерімнің тапқырлығы болмаса, мүрдем кетіп қалмағымыз хақ еді», - деп Сыпатай, Медетбек, Бірімқұлдарға ризашылығын білдірген.


"Бабалар сөзі"

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға