Жаңалықтар

Мәжілісте төртінші баланы дүниеге әкелгендерге 2 миллион 300 мың теңге беру ұсынылды

Мәжілісте төртінші баланы дүниеге әкелгендерге 2 миллион 300 мың теңге беру ұсынылды
Фото: © iStock 08.11.2023 13:17 1713

Мәжіліс депутаты Гауһар Танашева көпбалалы және ерекше бала тәрбиелеп отырған отбасыларға баспана беруді ұсынды, деп хабарлайды El.kz  ақпарат агенттігі.

Қазақстан Халық партиясы фракциясының депутаттары отбасында төртінші бала туылғанда немесе отбасыда ерекше бала болса 5 000 доллар, яғни 2 миллион 300 мың теңге мөлшерінде «Отбасылық капитал» бағдарламасын іске қосуды ұсынды.

Бұл капитал үш бағытта жұмсалу жоспарланады. Бірінші, үйсіз жүрген отбасыларымыз баспаналы болу мүмкіндігі пайда болады. Екіншісі, білім ала алмай жүрген көпбалалы отбасынан шыққан балалардың арманы орындалады. Үшіншіден, бұл қаражатты отбасылар балаларының денсаулығын жақсартуға қолдана алады. «Отбасылық капитал» сияқты мемлекеттік қолдаудың мұндай жүйесін енгізу елімізде халық санын айтарлықтай арттырады және қиын жағдайға тап болған отбасыларға қай жағынан болса да нақты көмек болады», - деді Танашева.

Депутаттың айтуынша, елімізде 550 мың көпбалалы және 107 мың ерекше балаларды тәрбиелеп отырған отбасылар бар, олардың жартысынан көбі баспанасыз. Ерекше балаларға ерекше жағдай керек.

Біріншісі, денсаулығына қосымша қаражат қажет, екіншісі, тұрғын үй-тұрмыстық жағдайын жасауымыз керек. Бізде қаншама аналар балаларын жетектеп не үй ала алмай, не бала еміне ақша таппай жүр. Қазіргі біздің елімізде болып жатқан мәселелердің барлығы осы жоқшылықтың кесірінен. Қаншама ата-аналар осылай табыс табу үшін бірнеше жұмыста істеп балаларын үйде қараусыз қалдыруға мәжбүр. Ең алдымен балалардың қауіпсіздігін, денсаулығын, тәрбиесін бірінші орынға қоюмыз керек.Біз жеріміз, еліміз бай деп мақтанамыз. Онда бұл мәселелер қайдан шықты? Атаулы әлеуметтік көмекті ала алмай, төмен айлық пен жәрдемақыны жеткізе алмай, несиеге батқан біздің халқымыз не істейді?, - деді мәжіліс депутаты.

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға