Жаңалықтар

Мәжілісте егінді сақтау және өткізу мәселелері талқыланды

Мәжілісте егінді сақтау және өткізу мәселелері талқыланды
Фото: Мәжілістің баспасөз қызметі 18.11.2024 23:45 92

Мәжілістің Аграрлық мәселелер комитетінің төрағасы Серік Егізбаевтың жетекшілігімен биылғы егінді сақтау және өткізу мәселелері туралы кеңейтілген отырыс өтті, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.

Жиынға Мәжіліс төрағасының орынбасары Альберт Рау, Премьер-министрдің орынбасары Серік Жұманғарин және жауапты мемлекеттік органдардың өкілдері қатысты.

Мәжіліс баспасөз қызметінің мәліметінше, Серік Егізбаев өткен аптада ауыл шаруашылығы қызметкерлерінің бірінші форумында Президент Қасым-Жомарт Тоқаев қазіргі жаһандық және ішкі сын-қатерлер тұрғысынан саланы дамыту және оның бәсекеге қабілеттілігін арттыру бойынша ауқымды міндеттер қойғанын еске салды. Сондай-ақ депутат агроөнеркәсіп кешенінің мәселелері фермерлермен тұрақты түрде комитет отырысында талқыланып, 13 қарашада өткен жалпы отырыста Үкіметке тиісті депутаттық сауал жолданғанын айтты. Онда шұғыл шешімді қажет ететін бірқатар мәселе қамтылған.

Ауыл шаруашылығы министрі Айдарбек Сапаров өз сөзін тақырып аясындағы сауалдарға жауап беруден бастады. Ол өткен жұмадағы ауыл шаруашылығы қызметкерлері форумында Мемлекет басшысы «Азық-түлік келісімшарт корпорациясы» арқылы нарықтағы бағаны тұрақтандыру үшін фермерлерден астық сатып алуды ұйымдастыруды тапсырғанын айтты.

Осы тапсырманы орындау мақсатымен бүгін Азық-түлік корпорациясы сатып алу бағасын жариялайды. Үкімет резервінен 10 млрд теңге бөлініп, алғашқы 155 мың тонна астықты сатып алу жоспарлануда. Сонымен қатар корпорация астық бағасының күрт төмендеуіне жол бермеу үшін фермерлерді ірі келісімшарттар жасауға жұмылдырып жатыр. Қазіргі таңда консолидация нәтижесінде 20 млн АҚШ долларына бес экспорттық келісімшарт жасалды, – деді министр.

Министр айтуынша, көктемгі егіс және егін жинау жұмыстарына берілген несиенің мерзімін ұзарту мәселесіне қатысты  бүгінгі таңда шаруалардан 5,1 миллиард теңгеден астам несиеге 119 өтініш келіп түскен. Бұл ретте әр жағдай жеке-жеке қаралады, жаппай ұзарту қарастырылмаған. Сонымен қатар Айдарбек Сапаров субсидиялар бойынша қарыздарды өтеу белгіленген кестеге сәйкес жүргізілетінін атап өтті.

Әкімдіктердің дерегіне сүйенсек, қосымша субсидия қажеттілігі 256 млрд теңгені құрайды. Алайда «күту тізімінде» жалпы сомасы 194 млрд теңге болатын мақұлданған өтінім тұр. Оның ішінде 56 млрд теңгесі – өсімдік шаруашылығына, 20 млрд теңгесі – мал шаруашылығына, 118 млрд теңгесі – қаржы құралдарына бағытталған.

Субсидия – өте маңызды әрі ауқымды мәселе. Субсидиялар заманауи технологияларды, тыңайтқыштарды, гербицидтерді қолданатын, техника сатып алатын алдыңғы қатарлы шаруашылықтарға берілуі керек. Бірақ жылдар бойы мұндай шаруашылықтар субсидия ала алмаса, тауы шағылады. Сондықтан осы мәселені шешіп, субсидия бойынша қарызды толық өтеу маңызды деп есептеймін, – деді Мәжіліс депутаты Еркебұлан Мәмбетов.

Депутаттар өз тарапынан басқа да ұсыныстар айтып, жауапты мемлекеттік органдарға нақты сұрақтар қойды. Атап айтқанда, астықты сақтауды цифрландыру, тасымалдау шығындарын субсидиялау, аймақтық логистикалық хабтар құру, қант қызылшасын өткізу, күнбағысты экспорттау және басқа да мәселелер көтерілді.

Жиын соңында Серік Егізбаев кеңейтілген отырыста фермерлерден келіп түскен мәселелер бойынша ұсынымдар Үкіметке жеткізілетінін атап өтті.

Ертеңгі Үкімет отырысының қорытындысын күтеміз. Бүгінгі талқылаудың негізгі тақырыбы астық болғанымен, депутаттар көтерген барлық мәселе – қант қызылшасы, күнбағыс, күрішке қатысты сұрақтар Үкіметтің шешімінде ескерілсе екен дейміз, – деді комитет төрағасы.

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға