Жаңалықтар

Мәжілісте ақпараттық қауіпсіздік мәселелері талқыланды

Мәжілісте ақпараттық қауіпсіздік мәселелері талқыланды
Фото: parlam.kz 27.09.2023 10:44 1096

Мәжілісте «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне ақпараттық қауіпсіздік мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасы талқыланды, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.

Заң жобасы үш блоктан тұрады.

Бірінші блок жеке деректерді қорғаудың қосымша шараларына арналған. Заң жобасында дербес деректердің айналымы және сақталуы саласында мемлекеттік бақылау енгізіледі. Заң жобасының нормасы операторлармен профилактикалық жұмысты да жолға қоюға мүмкіндік береді. Сонымен қатар заң жобасына сәйкес әрбір оператор реттеушіге дербес деректердің ағып кеткені туралы хабарлауы тиіс. Ақпарат тарап кету анықталған сәттен бастап үш күн ішінде берілуі керек, - деді Мәжіліс депутаты Екатерина Смышляева.

Заң жобасының екінші блогы «ақ хакерлер» институтын және бак-баунти платформасының қазақстандық аналогы жұмысын құқықтық реттеуді ұсынады. Бұл шара ақпараттық жүйе зерттеушілерін ақпараттық жүйе қателіктері мен осалдықтарын анықтауға ықпал етеді.

Басқарылатын хакерлік бұзу тапсырыс иелерінен келеді, қатынастар арнайы платформалар арқылы ресми түрде жасалады. Барлық жұмыс заң шеңберінде жүргізіледі. Әлемде мұндай платформалар ақпараттық қауіпсіздік бойынша үздік мамандарды тартады. Заң жобасының үшінші блогы мемлекеттік органдардың ақпараттандыру объектілеріне ғана қызмет көрсететін мемлекеттік ақпараттық қауіпсіздік орталығын құруға арналған. Бүгінгі таңда үш жүз елуге жуық мемлекеттік ақпараттандыру нысаны жұмыс істейді. Орталық Ұлттық қауіпсіздік комитетінің мемлекеттік техникалық қызметі жанында жұмыс істейтін болады, - деді депутат.

Смышляева мемлекеттік техникалық қызмет базасында бағдарламалық қамтамасыз етудің бастапқы кодтар репозиторийі құрылатынына тоқтала кетті. Онда электрондық үкіметтің бағдарламалық өнімдерінің бастапқы кодтары сақталады. Бұл олардың нұсқаларын басқаруды қамтамасыз етеді. Осылайша ұсынылып отырған шаралар кешені мемлекеттік органдардың ақпараттық жүйелерінің қауіпсіздігін күшейтеді. Жалпы электрондық үкіметтің тұрақтылығын арттырады.

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға