Мәжілісте Алтай Көлгінов жастарға берілетін көмек бойынша сұрақтарға жауап берді
ҚР Премьер министрінің орынбасары Алтай Көлгінов Мәжіліс отырысында жастарға берілетін мүмкіндіктердің ауқымы артқанын айтты, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.
Депутат Жұлдыз Сүлейменова Премьер министрдің орынбасары Алтай Көлгіновке қаңтар оқиғасында наразылыққа шыққандардың көбісі жастар және осы тұста жастарға қатысты қандай жұмыстар жасалынып жатқандығы туралы сауал қойды.
Депутат сауалында: «Бас прокурор жастардың арандатушыларға ергендігін бірнеше мәрте айтқан болатын. Жалпы олардың әрқайсының тәртіпсіздікке қатысуға өзіндік себептері болған. Осыған байланысты екі сұрағым бар. Біріншісі, жалпы рақымшылдықпен босатылған, бүгінгі таңда қоғамға оралған жастарымыздың тағдыры туралы. Оларды әрекеттендіру үшін нақты қандай шаралар қабылданды және олардың барлығы жұмысқа орналасты ма?
Екінші сұрағым жастардың әлеуметтік қамтылуы жайында. Қасіретті қаңтар оқиғасынан кейін жастарды әлеуметтік-экономикалық қамту тұрғысында нақты қандай тұжырымдамалар жасалды және Жастар саясатында қандай түбегейлі өзгерістер болды? Бұдан бөлек, жастарымыздың әлеуметтік наразылығын тудыратын факторлардың себеп-салдарларын шешуді қалай жүзеге асырып жатырсыздар? Ең бастысы осындай әлеуметтік салдарлардан туындайтын қайғылы оқиғалардың қайталанбауы үшін қандай нақты шараларды қолға алдыңыздар?» деді.
«Қазақстан Республикасы бойынша рақымшылық жариялаған адамдардың саны 1095 адамды құрайды. Бүгінгі таңда 461-і жұмысқа орналастырылды», - деді Алтай Көлгінов.
Қалған азаматтар бойынша жұмыс жалғасып жатқанын айтты.
«Жастарға қатысты мемлекет тарапынан кешенді шаралар қабылданды. 2022 жылы парламентте қызу талқыланып, мемлекеттік «Жастар саясаты» жөнінде заң қабылданды. Бұл заңның бірнеше жаңа нормалары бар. Бұрын жастар санатына 29 жасқа дейінгі азаматтар кіретін болса, қазіргі уақытта 35 жасқа дейінгі азаматтар жатады. Демек еммлекеттік қолдауға жастарға арналған механизмді қолданатын азаматтардың саны едәуір артты. Бұрын жастар санатына 3 млн 700 мың адам кірген болса, қазіргі таңда 5 млн 700 мың адам кіреді», - деді Алтай Көлгінов.
Сонымен қатар, NEET санатындағы жастарға мүмкіндік артады. Сондай-ақ, жастар практикасы бағдарламасы бойынша 6 айдан 1 жылдық уақытқа дейін ұзартылды. Олар бір жылдың ішінде 100 мың теңге айлық алатын болады. Сонымен бірге, Алғашқы жұмыс орны» деген бағдарлама уақыты 1,5 жылға дейін созылды. Онда да жастар 100 мың теңге айлық ала алатынына тоқталып өтті.
«Оған қоса, «Бастау бизнес» бойынша азаматтарды оқыту бойынша 75 мыңға жуық азамат оқудан өтті. Мемлекет басшысының қолдауы бойынша жастарға жеңілдетілген несие беру қарастырылған. Яғни, 5 млн теңге көлемінде қаржы алу мүмкіндігі бар. Бұл баңдарлама 2023 жылдың 1 қаңтарынан бастап жүзеге асырылды», - деді Алтай Көлгінов.