Жаңалықтар

Мәжіліске үміткерлер өңірлерде кездесу өткізіп жатыр

Мәжіліске үміткерлер өңірлерде кездесу өткізіп жатыр
Фото: El.kz 27.02.2023 21:29 1500

Respublica партиясының сайлауалды туры жалғасуда. 19 ақпаннан бастап партия өкілдері Алматы, Талдықорған, Қонаев, Тараз, Шымкент, Түркістан қалалары, Сарыөзек, Шиелі ауылдарында болды, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.

9 күн ішінде жастармен, еңбек ұжымдарымен, ақсақалдармен, ғылыми қоғамдастықпен және барлық мүдделі азаматтармен жалпы саны 305 кездесу өтті. 16 000 шақырым артта қалды. Елдің түкпір-түкпіріндегі кездесулерге жиналған адамдар саны – 34 600-ге жетті.

Сайлауалдындағы үгіт-насихат сапарына партия төрағасы Айдарбек Қожаназаров, тең төрағалар Динара Шүкіжанова, Бейбіт Әлібеков, Сырымбек Тау, Руслан Берденов, Қуаныш Шонбай, Максим Барышев, Нұрлан Қоянбаев, сондай-ақ Мәжіліс пен мәслихат депутаттығына кандидаттар қатысуда. 

Партияның сапары 26 ақпан күні  Қызылорда облысында жалғасып, Шиелі ауылының 100 тұрғынымен кездесу өтті.  Партия мүшелері мен кандидаттар сайлауалды бағдарламасына кеңінен тоқталып, жергілікті тұрғындардың пікірлерін тыңдап, сауалдарына жауап берді.  Айта кету керек, Шиелі – төрағамыз Айдарбек Қожаназаровтың туған ауылы.

Тұрғындар жерлестерін танып, оның туған-туыстарын сағынышпен еске алды. 

Мәжіліске үміткерлер өңірлерде кездесу өткізіп жатыр

Алматы қаласында жасылдар партиясының өкілдері, Мәжіліс пен қалалық мәслихат депутаттығына үміткерлер студенттермен бірігіп, экологиялық тәрбиенің маңызы жайында дөңгелек үстел өткізеді.

Партия өкілдері қазақстандықтар арасында өткізген сауалнама нәтижиесінде халықтың тек 47 % ғана қоршаған ортаның мәселелерін түсініп, экологиялық өмір сүру салтына көшу арқылы ғана оны шешуге болатынын түсінетінін анықтаған.

"Байтақ" партиясының қолдауымен ұйымдастырылған ауқымды іс-шараға Алматы жастарының жүзге жуық өкілі қатысты. Дөңгелек үстелде Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің депутаттығына кандидаттар Арман Қашқынбеков пен Айнұр Сәбитова сөз сөйледі. Сонымен қатар, кездесуге елордалық мәслихаттың жасылдар партиясынан депутаттығына кандидаттар мен Астана қаласы штабының мүшелері, 18 жастан асқан жастар, студенттер мен қоғамдық пікір көшбасшылары қатысты.

Кездесу барысында халыққа экологиялық білім беру жайында ұсыныстар әзірленіп, байтақтар осы тақырыпта жаңа жоба ұсынатын болады.

Солтүстік Қазақстан облысының орталығы Петропавл қаласында 26 ақпан күні «Ауыл әлемнің 100 тілінде» тақырыбымен ұлттық диаспоралар көрмесі өтті. Шараға «Ауыл» партиясынан ҚР Парламентінің Мәжілісі депутаттығына  кандидаттар Қайрат Айтуғанов, Николай Арсютин, Светлана Прокопьева, София Әбдіразақова, Ахметжан Әскеров, Рабиға Тоқсейітова қатысып, диаспора өкілдерімен кездесті. 

Солтүстік Қазақстан өңірі – қызыл империя кезеңінде депортацияға ұшырап, мәжбүрлі түрде қоныс аударылған сан ұлт өкілдері мейірбан қазақ ұлтынан пана тауып, өсіп-өнген өлке. Сталиндік солақай саясат салдарынан жойылып кету қаупі төнген ұлт өкілдеріне кеңқолтық қазақ төрінен орын беріп, бір тілім нанын бөліп жеді. Сол кезде күштеп қоныстандырылған ұлттардың ұрпақтары бүгінде аталған өңірде  сан еңбек етеді. Олар осы күнге өздерін ажал аузынан алып қалған қазақ халқы, қазақ ауылдары арқасында жеткенін ұмытқан емес. Соның құрметіне және Ауылды қолдау мақсатында «Ауыл әлемнің жүз тілінде» атауымен көрме ұйымдастырды.                                 

«Осы көрмеге келген баршамыздың ата-әжеміз мұнда, қазақтың қасиетті жеріне өз еркімен келмеген. Сонау сұрапыл соғыс жылдарында, ер азаматтарымыз қан майданда жаумен арпалысып жатқанда коммунистер опасыздықпен Қап тауындағы халықтарды қарудың күшімен қыс ішінде мәжбүрлеп көшірді. Ол қасіретті күн – Кеңес әскері құрылған ақпанның 23-і болатын. Көрмені де соған орайластырдық. Аш-жалаңаш, айдалып келген 100 мыңдаған кемпір-шал мен бала-шағаны қақаған қыста айдалаға әкеліп төгіп тастағанда оларды тіктеп келген ажал тырнағынан құтқарып қалған осы қазақ халқы, қазақ ауылдары болатын. Қазақтан тек тау халқы емес,  қызыл коммунистерден теперіш көрген мыңдаған поляк мен украин да пана тапты. Аталарымыз бізге қазақтан, қазақ ауылдарынан көрген жақсылықтарын ауыздарынан тастамай айтып, жақсылықты тек жақсылықпен қайтару керектігін өсиет қылып, аманаттап кетті. Аманатқа қиянат жүрмейді. Біз қашанда ауылды қолдаймыз», - деді көрмеге келгендер алдында сөз алған Қап таулық диаспора өкілі.

«AMANAT» партиясының Республикалық сайлауалды штабы мүшелерінің өңірлердегі сайлаушылармен кездесуі жалғасып жатыр. Бүгін партиялықтар Абай облысына келді.

Семей қаласында «AMANAT» партиясының Төрағасы Ерлан Қошанов №35 бағыттағы автобусқа отырып, қала тұрғындарымен сөйлесті. Тұрғындар ТКШ, жол жөндеу, әлеуметтік нысандар салу сияқты тағы да басқа мәселелерді көтерді.
 
Бұдан соң автобус паркінде өткен қоғамдық көлік саласының қызметкерлерімен кездесуде жолаушылар тасымалы мәселелері талқыланды.

«Қоғамдық көлік саласын дамыту – еліміздің барлық қаласында өзекті мәселе. Лық толы автобустар, оларды аялдамада сарылып ұзақ күту және тозығы жеткен қоғамдық көліктер тұрғындардың өмір сүру сапасына кері әсерін тигізеді», - деп атап өтті Ерлан Қошанов.

Партиялықтар әр өңірде қоғамдық көлік тапшылығы мен ескірген автопарктерге қатысты күрделі мәселені шешуге жүйелі түрде күш салатынын жеткізді. Үкіметпен бірлесіп, ескі автобустарды қысқа мерзімде жаңа, отандық көліктерге ауыстыруға мүмкіндік беретін шешімдер әзірленеді.

Сондай-ақ, штаб мүшелері Ядролық медицина және онкология орталығының ұжымымен кездесіп, сайлауалды бағдарламаның өңірлердегі медициналық инфрақұрылымды жақсартуға бағытталған бөлімі туралы айтты.

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға