Мәжіліс спикері: Жасанды интеллект – мемлекеттік саясаттың негізгі бағыты
EL.KZ Информационно-познавательный портал
Астанада Digital Bridge» жаһандық технологиялық форумы қарсаңында өткен парламенттік тыңдалымда Мәжіліс төрағасы Ерлан Қошанов жасанды интеллектіні дамытудың өзекті мәселелеріне тоқталды, деп хабарлайды El.kz интернет порталы.
Жасанды интеллект – әр мәселені егжей-тегжейлі талқылауды талап ететін күрделі сала. Президентіміздің жолдауы тұтастай осы тақырыпқа арналуы бекер емес. Үш жыл ішінде Қазақстанды цифрлық мемлекетке айналдыру міндеті қойылды. Сондықтан жасанды интеллект мемлекеттік саясаттың негізгі бағытына айналып отыр, – деді Қошанов.
Оның айтуынша, бұл технология қазірдің өзінде экономикаға, еңбек нарығына және күнделікті өмірге ықпал етіп отыр.
ChatGPT екі жылда 800 миллионнан астам қолданушы жинады. Мұндай жылдамдық интернеттің өзінде болмаған. Бұл жасанды интеллектінің қаншалықты қарқынды дамып жатқанын көрсетеді, – деді Мәжіліс төрағасы.
Спикер заңнамалық негіздің қалыптасқанын атап өтті.
Парламент «Жасанды интеллект туралы» заң қабылдады. Енді оны тұрақты түрде жетілдіріп, жаңа технологияларға бейімдеп отыру қажет, – деді ол.
Қошанов жасанды интеллектіні ауыл шаруашылығында, су ресурстарын басқаруда және білім беру саласында қолдану ерекше нәтиже беретінін атап өтті. Сонымен бірге ол қауіпсіздік пен этиканы басты назарда ұстау керектігін ескертті.
Жасанды интеллект – бұл жай ғана жарыс емес, ақыл-ой мен білімнің бәсекесі. Біздің мақсат – оны ұлттық мүддеге сай, қауіпсіз әрі тиімді пайдалану, – деді Мәжіліс төрағасы.

