Жаңалықтар

Мәжіліс депутаты «тоғызқұмалақ» ойынының атауын өзгертуді ұсынды

Мәжіліс депутаты «тоғызқұмалақ» ойынының атауын өзгертуді ұсынды
Фото: ©El.kz/Артем ЧУРСИНОВ 29.05.2024 12:09 710

Мәжіліс депутаты Гүлдара Нұрымова алдағы V Дүниежүзілік көшпенділер ойынына дейін жалпытүркілік «тоғызқұмалақ» зияткерлік спорттың атауын ортақ нұсқамен «тоғызат» атауын қалыптастыру шараларын қолға алуды ұсынып, ҚР Туризм және спорт министрі Ермек Маржықпаевқа депутаттық сауал жолдады, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.

Гүлдара Нұрымова мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың елімізде өтетін ауқымды шараның бірі V Дүниежүзілік көшпенділер ойынын жоғары деңгейде сапалы өткізуді тапсырғанын айтты. Осыған орай, Мәжіліс депутаты аталмыш ойынды өткізу қарсаңында аса маңызды бір мәселені көтерді.

Тоғызқұмалақ зияткерлік ойыны түркі халықтарының ортақ игілігі, тарихи құндылығы мен ақыл-ой мәдениетінің көрсеткіші әрі ортақ жәдігері болып табылады. Бұл ойын соңғы жылдары дамудың барынша жоғары сатысына көтерілгенмен, әлемдік ауқымда барынша орнығуға кейбір кедергілер бар. Соның бірі – тоғызқұмалақ спортының атауы, - дейді депутат.

Оның сөзінше, бүгінде ойынның негізгі екі атауы бар.

Қазақша – тоғызқұмалақ, қырғызша – тоғызкөргөл, ішінара түрікше - мангала/гечюрме аталады. Қазақстан тарапы халықаралық жарыс өткізгенде, ойынның аты «тоғызқұмалақ» аталады да, Қырғызстан жағы жарыс ұйымдастырғанда, бұл ойын «тоғызкөргөл» болып шыға келеді. Осылайша, түркі халықтарының бір ойыны әлемдік аренада екі түрлі аталып келеді. Ғалымдар мен зерттеушілердің пікірі бойынша, бұл ойынның жалпытүркілік атауы бар, ол – Тоғызат.  Бұл туралы этнограф Г.Загряжскийдің жасаған еңбегі арқылы ойынның атауы XIX-ғасырда «Тоғызат» аталғаны мәлім болып отыр, - деді Гүлдара Нұрымова.

Осылайша Мәжіліс депутаты жоғарыда аталған деректерді ескере отырып, «тоғызқұмалақ» спорттың атауын ортақ нұсқамен «Тоғызат» атауына ауыстыру туралы ұсынысын білдірді.

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға