Жаңалықтар

Мәжіліс депутаты халық арасында қоғамдық пікір қалыптастыру жөнінде мәселе көтерді

Бұл жөнінде депутат Аманжол Әлтай сұрақ қойды
Мәжіліс депутаты халық арасында қоғамдық пікір қалыптастыру жөнінде мәселе көтерді
Фото: malim.kz 05.01.2023 12:30 1742

Мәжіліс депутаты Аманжол Әлтай желіде таралып жатқан жалған ақпараттарға қатысты Ақпарат және қоғамдық даму министрінің міндетін атқарушы Данияр Қадыровқа сұрақ қойды, деп хабарлайды El.kz ақпараттық агенттігі.

Депутат Аманжол Әлтай ҚР Ақпарат және қоғамдық даму министрінің міндетін атқарушы Данияр Қадыровқа: «Елімізде болып жатқан оқиғалар әлеуметтік желіде бұрмаланып әлі күнге дейін таралуда. Қаңтар оқиғасы туралы түрлі алып қашпа әңгімелер де сан алуан. Тіпті, оны қолдан жасады дегендері бар. Солардың бірін мысалға алсақ, «Дикий Арманды» атауға болады. Осындай алып қашпа әңгімеден кейін жастарымыздың жасанды батырсымақтардың артынан еріп кетпеуіне кім кепіл? Жалпы халық арасында дұрыс қоғамдық пікірді қалыптастырумен айналысасыздар ма? Қоғамда саяси-мәдениетті дамыту бойынша бағдарламаларыңыз бар ма?» деп өз сауалын жолдады. 

Дегенмен, бұл сауалға ҚР Ақпарат және қоғамдық даму министрінің міндетін атқарушы Данияр Қадыров нақты жауап бере алмады. 

«Қазіргі таңда үкімет азаматтарға мемлекеттің өміріне, мемлекеттік басқару ісіне қатысу үшін үлкен мүмкіндіктер жасап жатыр. Негізі Ақпарат министрлігі мемлекет басшысының бағдары бойынша іске асырылып жатқан ауқымды саяси реформалара аясында бірқатар жұмыстарды атқаруда. Қазіргі таңда министрлік мемлекет органдарымен ғана емес, үкіметтік емес ұйымдармен де қоян қолтық жұмыс істеуде. Адамгершілік құңдылықтарды ілгерілетуге арналған «Ұлттық тәрбие», «Дәстүр мен ғұрып», «Кемел болашақ» бағдарламалары жұмыс істейді», - деп жауап берді Данияр Қадыров.

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға