Жаңалықтар

Мәжіліс депутаттары Сыр бойына жұмыс сапарымен барды

Мәжіліс депутаттары Сыр бойына жұмыс сапарымен барды
Фото: Мәжілістің баспасөз қызметі 09.01.2024 19:51 772

Мәжіліс депутаттары өңірлерге іссапары аясында Қызылорда қаласына барды. Онда «Orda Glass Ltd» ЖШС шыны зауытының жұмыс барысымен танысып, мәселелерді тыңдап қайтты, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі. 

Зауыт бүгінгі күнге дейін 167 мың тоннаға жуық шыны өнімін өндірген. Өнімнің жалпы құны – 13,1 млрд теңге. Негізгі міндет – ішкі нарықты табақша шыны өнімдерімен қамтамасыз ету. Сол себепті де елдегі алғашқы инновациялық шыны өнімі барлық қалаға жіберілуде. Бұған қоса, Тәжікстан, Қырғызстан, Ресей және Өзбекстан республикаларына жөнелтіледі.

Шыны зауыты – осы аймақтағы ірі өндіріс орындарының бірі. Технологиялық процестердегі негізгі компененттер осы жергілікті жерден шығады. Мысалы, кварц құм және шыны шығаруға қажетті құмның басқа да түрлері бар. Мұндағы жұмысшылардың құрамын алып қарасақ, қытай мен қазақтар тепе-тең. Сондай-ақ жақсы тұсы – келісім мен инвестжобада қазақстандық жұмысшыларға технологияны қолдануды үйрету, оқыту, тәжірибе жинақтауға жағдай жасау мәселелері қарастырылған. Қарапайым жұмысшылардың да, инженерлердің де арасында қазақ азаматтарының саны басым екен. Бұл қуантады, – деді Н.Әуесбаев.

Алайда шыны өндірісінде жоғары білікті маман аз. Ал зауытта қолданылатын флоат-технологиясының баламасы жоқ. Қазір қытайлық мамандардың шыны өндіру және өндірістің техникалық салаларында мол тәжірибесін ескере отырып, жергілікті мамандарды оқыту және шыны шығару технологиясын үйрету жүргізіліп жатыр.

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға