Жаңалықтар

Мәжіліс депутаттары медицина саласындағы мәселелерді талқылады

Мәжіліс депутаттары медицина саласындағы мәселелерді талқылады
Фото: Мәжіліс 01.07.2024 22:14 608

Мәжіліс депутаттары Нұргүл Тау, Ринат Заитов, Ирина Смирнова және Гаухар Танашева Алматы қалалық кардиология орталығы мен Ақсай балалар орталығы ұжымдарымен кездесті, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.

Мәжіліс депутаттары С.Д. Асфендияров атындағы Қазақ ұлттық медицина университетінің құрамына кіретін Ақсай балалар орталығына барды. Бұл 70 жылдық тарихы бар ең байырғы көпсалалы балалар емдеу-диагностикалық мекемелерінің бірі. Мұнда жыл сайын республиканың түкпір-түкпірінен 7 мыңнан астам бала медициналық көмек алады, 1500-ден астам ота жасалады, 30 мың консультациялық жұмыс жүргізіледі.

Соңғы жылдары клиниканың техникалық базасы жаңғыртылып, кейбір медициналық жабдықтар ішінара жаңартылды, мамандар шетелде біліктілігін арттырып, халықаралық деңгейде ірі медициналық орталықтармен ынтымақтастық жолға қойылды.

Алайда шешімін таппай тұрған өзекті мәселе – Кеңес заманынан қалған ескі ғимарат. Қазіргі уақытта ғимарат қызметкерлердің күтімінің арқасында тұр, бірақ күрделі жөндеуді қажет етеді.

Бұл жерде жоғары білікті мамандар жұмыс істейді, білікті хирургтар күрделі операциялар жасайды. Біз бұл емхананы жөндеуге қаржы бөлу туралы мәселені көтереміз, – деді Respublica фракциясының мүшесі, Мәжіліс депутаты Нұргүл Тау.

Ал, депутаттардың қалалық кардиология орталығына ат басын бұруына ондағы медициналық қызметкерлерді жұмыстан шығаруға байланысты ұжымдық өтініш себеп болды. Орталықтың бас директоры Роза Қуанышбекованың айтуынша, мекеменің қомақты дебиторлық берешегі болған. Алайда қазір жағдай өзгеріп, Орталық табыс табу мүмкіндігіне ие болды. Сонымен қатар жаңа тәсілдер мен технологиялар, емдеу әдістері енгізілуде, медициналық қызметтердің түрлері кеңейтілуде. Басшылықтың пікірінше, жаңа талаптармен келіспейтіндер жұмыстан кеткен, көпшілігі басқа жұмысқа ерікті түрде ауысқан.

Депутаттар орталықтың жұмысымен кеңінен танысып, жағдайды егжей-тегжейлі зерделеу үшін орталық басшылығынан қосымша ақпараттар алды. Қазақстан Халықтық партиясынан сайланған Мәжіліс депутаты Гаухар Танашева атап өткендей, сайлаушылардың бірде-бір өтініші назардан тыс қалмайды және қызметкерлер заңсыз жұмыстан шығарылған жағдайда міндетті түрде тиісті шаралар қабылданатын болады.

Қостанай облысына жұмыс сапары барысында «АМАNАТ» партиясы фракциясының депутаты Екатерина Смышляева Қостанай қаласының орталық және мамандандырылған халыққа қызмет көрсету орталықтарына барды.

Депутат халыққа қызмет көрсету орталығында құжаттарды беру секторларын, операциялық және халықты құжаттандыру кабинетін көрді. Сондай-ақ тұрғындарды құжаттандыру, оның ішінде саусақ іздерін алу тәртібімен танысты. Осы мақсатта Қостанайдағы халыққа қызмет көрсету орталығында шетелдік азаматтардың саусақ іздерін алуға арналған құрылғы бар. Қазақстандықтар үшін бұл рәсім ерікті. Бұған қатысты түзетулерге депутаттар бастамашы болып, Мемлекеттік корпорация мәселелері бойынша заңнамалық актілерге енгізді.

Орталық қызметкерлерімен кездесуде Екатерина Смышляева құқық қорғау мәселелері мен салалық мәселелерді талқылады. Соңғы екі жылда республика бойынша халыққа қызмет көрсету орталықтары қызметкерлерінің жалақысының деңгейі 100 пайызға өскені айтылды. Кадрлардың кетуі айтарлықтай азайған. Сонымен қатар орталықтарға деген сұраныс әлі де жоғары, бірақ онлайнға көшу үрдісі де қарқын алуда.

Мамандандырылған халыққа қызмет көрсету орталығында депутат дайын құжаттарды беру секторы, операциялық зал, теориялық кабинетпен және автодром жұмысымен танысты.

Сыбайлас жемқорлықпен күресуге бағытталған жүргізуші куәлігі емтихандарын тапсыру рәсімін орталықтандыру мәселенің екіжақты екенін көрсетті. Кезек күту, емтихан тапсыру үшін аумақтық бөлімшелердің, тестілеу алаңдарының жоқтығы, жабдықтың дұрыс жұмыс істемеуі және басқалар. Сонымен қатар автомобиль өнеркәсібінің өркендеу дәуірінде теориялық және практикалық емтихандарды тапсыру үшін жүздеген шақырым жол жүруге мәжбүр көлік иелерінің саны да артып келеді, – деді Е.Смышляева.

Автосервис орталықтарының балансында тұрған автодромдарды ұстау мәселесі де көтерілді. Бұл тұрғыда олар қаржылық және ұйымдастырушылық қиындықтарға тап болуы ықтимал. Автомектептер мен техникалық қызмет көрсету станцияларын лицензиялау мәселелері де сөз болды. Екатерина Смышляева осы түйткілдерді реттейтін заң Сенатта қаралып жатқанын атап өтті. Түзетулер қабылданған соң тексеру бекеттерінің жұмысына рұқсат беру тәртібі және тиісінше рұқсат беретін бақылау пайда болады.

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға