Жаңалықтар

Мәжіліс бизнес жүргізуді жақсартуға қатысты заң жобасын мақұлдады

Мәжіліс бизнес жүргізуді жақсартуға қатысты заң жобасын мақұлдады
Фото: Мәжілістің баспасөз қызметі 08.11.2023 16:23 640

Мәжілістің жалпы отырысында депутаттар бизнес жүргізу мәселелері туралы заң жобасын бірінші оқылымда мақұлдады, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.

Мәжіліс депутаты Болатбек Нәжметдинұлының айтуынша, заң жобасының негізгі міндеті – мемлекеттік органдар тарапынан бизнеске тексерулер жүргізу кезінде ашықтықты қамтамасыз ету. Екіншіден, тексеру рәсімдерін жетілдіру әрі оңайлату. Үшіншіден, қадағалау салаларындағы жедел ден қою шараларын регламенттеу. Яғни енді заңда жоқ тексерулерге тыйым салынатын болады.

Жалпы бұл түзетулер 2021 жылғы желтоқсанда қабылданған Кәсіпкерлік қызметті реттеу туралы заңның нормаларын іс жүзінде жүзеге  асыру. Бұл заң Мемлекет басшысының 2020 жылғы 1 қыркүйектегі жолдауын іске асыру мақсатымен әзірленді. Бүгін біз 2021 жылғы заңға қатысты кодекстер мен заңдарға түзетулер енгізіп жатырмыз. Мұның бәрі, сайып келгенде, бизнесті жүргізу үшін қолайлы жағдай жасауды қамтамасыз етуге мүмкіндік береді, –  деді депутат.

Осы заң жобасы мемлекеттік қызмет көрсету сапасы, нормативтік құқықтық актілерді шығару, мемлекеттік тіркеу және жою мәселелері бойынша заңнаманы сақтау, тілдерді дамыту, білім беру жүйесі, азаматтық қорғаныс, ақпараттық қауіпсіздік және тағы басқа мәселелерді бақылауды жүзеге асыратын болады. 

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға