Жаңалықтар

Маймыл шешегімен күрес: Қауіпсіздік шаралары мен жаңа қаулы

Маймыл шешегімен күрес: Қауіпсіздік шаралары мен жаңа қаулы
Фото: © El.kz 05.09.2024 17:55 559

Бүгінде әлемде маймыл шешек індеті дендеп тұр. Вирус биыл Африканың кейбір аймақтарында, әсіресе Конго Демократиялық Республикасында қайта өршіген. 18 000-нан астам жағдай және 600-ден астам өлім тіркелген. Аурудың таралуы вирустың жаңа штамдарының пайда болуына байланысты күрделі жағдайда. Таралу қаупін төмендету үшін вакцинация салу ұсынылады, ал індеттің қашан тоқтайтыны нақты белгісіз.

Маймыл шешегі деген қандай ауру?

Маймыл шешегі немес mpox деп аталатын  инфекция алғаш рет 1958 жылы маймылдар арасында «шешек тәрізді» ауру ретінде анықталған. Соңғы уақытта адамдардың бұл ауруға шалдығу фактілері Орталық және Батыс Африкада жануарлармен тығыз байланыста болған тұрғындардан байқалды.

2022 жылы маймыл шешегі вирусының алғаш рет жыныстық қатынас арқылы таралатыны расталды. Вирус әлемнің 70-тен астам елінде өрши бастады.

Аталған ауру шешек сияқты вирустар тобына жатады. Алайда маймыл шешегі дененің қалтырауы сияқты біршама жеңілдеу симптомдарымен ерекшеленеді. Ал қатты науқастанғандардың беті, қолдары, кеудесі, жыныс мүшесі зақымданады.

Инфекция қалай жұғады?

Маймыл шешегі ауру маймылдар мен ауру жұқтырған адамдардан таралады. Қоғамдық денсаулық сақтау Ұлттық Орталығының бас маманы, медицина ғылымдарының докторы Жұмабек Бекенов инфекцияның жұғуының бірнеше түрін атады.

Ауруды жұқтырған адамның денесінде бөртпелер, жаралар пайда болады. Ол науқастармен тікелей жанасқанда, яғни сілекейімен, төсек-орны, сүлгілері немесе жеке заттарын пайдалану арқылы инфекция өзгелерге жұғады. Сонымен қатар сау адам вирусты жыныстық жолмен де жұқтырып алуы әбден мүмкін. Науқастың аяғы ауыр болса, инфекция оның баласына да беріледі, - деді медицина ғылымдарының докторы.

Маймыл шешегінен емделу жолы

Медицина ғылымдарының докторы вирустың тікелей емі жоқ екенін айтады.

Маймыл шешегі ауруын жұқтырмас үшін сақтану ережелерін ұстанған абзал. Мәселен,  ауру маймылдар, кеміргіштер мен ауру жұқтырған адамдарға жоламау қажет. Олар өздері 3-4 аптаның ішінде жазылады. Сондай-ақ бұл инфекцияға қарсы вакцина салдырып алуға болады, - деп ойын жеткізді Жұмабек Бекенов.

Аурудан қалай сақтану керек?

Жұмабек Бекеновтың айтуынша, маймыл шешегі ауруы өршіп тұрған елдерге барудың қажеті жоқ. Ал егер жұмыс барысымен барып қалса, барынша сақтық ережелерін ұстану керек.

Алдымен шет мемлекетке бармас бұрын ол жақтағы эпидемиологиялық жағдайды анықтап алған жөн. Сол жерде маймылдар, кеміргіштер жүрген болса, олармен тікелей байланыспау қажет. Бөртпесі, қызбасы бар ауру адамдармен қашықтықты сақтап, олардың ұстаған заттарына жоламауға, ешқандай да қатынаста болмауға тырысқан дұрыс, - деп атап өтті Жұмабек Елтекұлы.

Сонымен қатар Қоғамдық денсаулық сақтау Ұлттық Орталығының бас маманы жеке гигиенаны сақтап, қолды әрдайым жуып жүру керек екенін айтты.

Егер адамның қызуы көтеріліп, басы, бұлшық еттері ауырса, лимфа түйіндердің ісінуін, бөртпелердің пайда болғанын сезсе, міндетті түрде дәрігерге қаралуы қажет. Оған қай жерлерде болғаны, қандай адамдармен байланысқаны туралы ақпарат беруі тиіс, - деді ол.

Адам өміріне қаупі

Жұмабек Елтекұлының сөзінше, маймыл шешегі ауруының белгілері 5-20 күн ішінде көріне бастайды. Ол вирус науқастарда жеңіл түрде өтеді.

Инфекция жұқтырған адамның дене қызуы көтеріліп, басы, бұлшық еттері ауруы мүмкін. Денесінде бөртпелер пайда болып, іші суға толады. Содан кейін ол жарылып, іріңдеп, артынша қотырға айналады, сөйтіп, қабыршықтанып түседі. Науқас 3-4 аптада ішінде жазылады, - деді ол.

Сондай-ақ бас маман вирустың қосалқы ауруы бар адамдарға қатты әсер ететінін айтады. Олардың бойында бар ауруы қозып, өміріне қауіп төндіреді дейді.

Қазақстанның инфекциямен күресуге қауқары жете ме?

Африкада бұл жұқпалы инфекцияны мыңдаған адам жұқтырып, жүздегені қайтыс болып жатыр.

Маймыл шешегі ауруы Еуропа елдерінде, Америка құрлығында, Азия елдерінде де таралуда. Сондықтан біз шет мемлекеттермен үнемі қарым-қатынаста болғандықтан, сақтық шараларын ұстануымыз керек, - деді Жұмабек Бекенов.

Медицина ғылымдарының докторының сөзінше, елімізге сырттан келгендердің барлығы әуежайда, теміржолда арнайы тексерістен өтеді.

Инфекция біздің елде тіркелген күннің өзінде онымен күресуге дәрігерлердің қауқары да, мүмкіндігі де жеткілікті, - деді Жұмабек Елтекұлы.

ДДСҰ инфекцияға қарсы жаһандық науқанды бастады

Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы маймыл шешегінің адамнан адамға таралуымен күресу мақсатында жаңа жаһандық науқанды іске қосты. Бұл стратегиялық жоспар 2024 жылдың қыркүйегінен 2025 жылдың ақпанына дейін жүзеге асырылады және оған 135 миллион доллар көлемінде қаржыландыру қажет болады. Бағдарлама бүкіл әлемдегі, аймақтық және ұлттық деңгейдегі күш-жігерді үйлестіруге, қадағалау мен әрекет ету стратегияларын жақсартуға, диагностика мен вакциналарға тең қолжетімділікті қамтамасыз етуге, сондай-ақ жануарлардан адамға жұғуды азайтуға бағытталған. Сонымен қатар науқан қауымдастықтардың індетпен күресу қабілетін арттыруды мақсат етеді.

Вакцинация жоспары індеттің таралуын тоқтату үшін ең үлкен қауіпке ұшырайтын топтарға, әсіресе науқастар мен медицина қызметкерлеріне бағытталған. Бұл бастаманың негізгі мақсаты – стратегиялық нұсқаулар мен ұсыныстар беру және зардап шеккен аймақтардағы осал топтардың медициналық көмекке қол жеткізуін қамтамасыз ету.

ДДСҰ бас директоры Тедрос Адханом Гебрейесустың айтуынша, Конго Демократиялық Республикасындағы және көршілес елдердегі шешек індетін бақылауға алуға және тоқтатуға мүмкіндік бар. Ұйым жақын арада қажетті қаржыны жинауға шақыратын мәлімдеме жасайды.

Еліміздегі жағдай қандай?

Қазақстанда әзірге инфекцияны жұқтырған бірде-бір науқас тіркелмеген. Десе де ол ешқандай қауіптің жоқ екенін білдірмейді. Сондықтанда Денсаулық сақтау министрлігі бүгінде инфекцияның елге жету қаупін сейілту үшін тиісті шараларды қолға алып отыр.

Денсаулық сақтау министрлігі инфекцияны елге әкелудің алдын алу үшін қажетті шараларды қабылдаған.

Әуежайлар мен шекара өткелдерін қоса алғанда, санитариялық-карантиндік пункттерде бақылау шаралары күшейтілді. Маймыл шешегі тіркелген елдерден келген азаматтарға назар аударылады, - делінген хабарламада.

Инфекцияның ықтимал таралуын болдырмау үшін Денсаулық сақтау министрлігі эндемиялық елдерге сапар шегуді жоспарлап отырған азаматтарға келесідей сақтық шараларын сақтауды ұсынды:

1. Ауру адамдармен және жабайы жануарлармен байланыста болудан аулақ болыңыз. Вирус жұқтырған маймылдармен, егеуқұйрықтармен және басқа жануарлармен байланыста болуы мүмкін.

2. Қорғаныс құралдарын қолданыңыз. Жануарлармен немесе олардың өнімдерімен байланыста болған кезде қорғаныс киімдері мен қолғаптарын қолдану маңызды.

3. Гигиенаны сақтау. Қолды үнемі жуу және дезинфекциялау құралдарын қолдану инфекцияның таралу қаупін азайтуға көмектеседі.

4. Аса қажеттілік туындамаса, маймыл шешегі тіркелген елдерге шықпауға кеңес береміз.

5. Алғашқы белгілер пайда болған кезде дәрігерге жүгініңіз. Егер бөртпе, жоғары температура және басқа да белгілер пайда болса, дереу медициналық көмекке жүгіну керек.

ҚР Денсаулық сақтау министрлігі эпидемиологиялық жағдайды бақылауда және кез келген өзгерістерге жедел ден қоюға дайын, - деп жазды министрлік.

Бас санитар қаулы қабылдады

ҚР Бас мемлекеттік санитарлық дәрігерінің міндетін атқарушы «ҚР-да маймыл шешегінің әкелінуі мен таралуының алдын алу бойынша санитарлық-профилактикалық іс-шараларды жүргізу туралы» 2024 жылғы 26 тамыздағы қаулыға қол қойды.

Құжаттың мәтініне сәйкес әкімдіктер мыналарды қамтамасыз етуге міндетті:

- Маймыл шешегі ауруына күдікті адамдарды анықтау, эпидемиологиялық анамнез жинау, байланыста болған адамдарды оқшаулау, емдеу, медициналық бақылау бойынша меншік нысанына қарамастан денсаулық сақтау ұйымдарының медицина қызметкерлерінің (МСАК желілері, инфекциялық стационарлар/бөлімшелер, ЖИТС, дерматология, акушерлік, гинекология және урология орталықтары) сақтығын арттыру бойынша оқыту жүргізуді;

- Маймыл шешегімен ауыратын науқас (күдікті адамдар) әкелінген жағдайға инфекциялық стационарлардың дайындығын;

 - Маймыл шешегімен ауыратын науқасты (ауруға күдікті адамды) диагностикалауды және тасымалдауды;

- «Халықтың санитариялық-эпидемиологиялық саламаттылығы саласындағы мемлекеттік органға инфекциялық аурулар, улану оқиғалары туралы ақпарат (шұғыл хабархат) беру қағидаларын бекіту туралы» Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрінің 2020 жылғы 26 қазандағы № ҚР ДСМ-153/2020 бұйрығына (Қазақстан Республикасының Әділет министрлігінде 2020 жылғы 29 қазанда № 21532 болып тіркелген) сәйкес адамның маймыл шешегімен сырқаттануының және маймыл шешегі ауруына күдіктің әрбір жағдайы туралы (патогендігі I топтағы аса қауіпті инфекция жағдайы анықталған кезіндегідей) шұғыл хабарлама ұсынуды;

- Маймыл шешегімен ауыратын науқастардан (күдікті адамдардан) алынған материалды іріктеуді және зертханалық зерттеуге жіберуді;

- Инфекциялық және өзге де денсаулық сақтау ұйымдарында маймыл шешегімен ауыратын науқас (күдікті адам) анықталған, емдеуге жатқызылған кезде биологиялық қауіпсіздік талаптарын сақтауды;

- Денсаулық сақтау ұйымдарында жеке қорғаныш құралдарының, дәрілік және дезинфекциялық құралдардың азайтылмайтын қорының болуын;

- Маймыл шешегі әкелінген жағдайда ден қоюға дайындық бойынша ведомствоаралық оқу-жаттығулар өткізуді;

- Шетелдік студенттерді (жоғары оқу орындарының медициналық пункттері), оның ішінде соңғы 21 күн ішінде Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы жариялаған тізімге сәйкес маймыл шешегі бойынша эндемиялық елдерден келген немесе оларға барған Қазақстан Республикасының азаматтарын медициналық бақылауды;

- Әлемдегі эпидемиялық асқыну кезеңінде маймыл шешегінің профилактикасы мәселелері бойынша халықты хабардар етуді қамтамасыз етсін.

Сонымен қатар әкімдіктер сауда, қоғамдық тамақтану, тұрмыстық қызмет көрсету субъектілерінің өкілдері үшін шетелдік азаматтардың қатысуымен мәдени-бұқаралық іс-шараларды өткізу кезінде, оның ішінде көшпенділердің дүниежүзілік ойындарын өткізу кезінде маймыл шешегінің таралуының алдын алу және алдын алу шараларын сақтау туралы оқыту тренингтерін өткізуді қамтамасыз етуі қажет.

Айта кетейік, қаулыда Қазақстан Республикасының Көлік министрлігінің, Қазақстан Республикасының Ішкі істер министрлігі, Қазақстан Республикасы Ұлттық қауіпсіздік комитетінің Шекара қызметі, Қазақстан Республикасының Қаржы министрлігі (Мемлекеттік кірістер комитеті), Қазақстан Республикасы Туризм және спорт министрлігі, Қазақстан Республикасының Ғылым және жоғары білім министрлігі, Комитеттің «Ұлттық сараптама орталығы» шаруашылық жүргізу құқығындағы республикалық мемлекеттік кәсіпорны, ҚР ДСМ-нің «Қоғамдық денсаулық сақтау ұлттық орталығы» шаруашылық жүргізу құқығындағы республикалық мемлекеттік кәсіпорны және ҚР ДСМ-нің «М.Айқымбаев атындағы аса қауіпті инфекциялар ұлттық ғылыми орталығы» шаруашылық жүргізу құқығындағы республикалық мемлекеттік кәсіпорнының міндеті айқындалған.

Сондай-ақ мұнда кезектен тыс хабарламада болуы тиіс мәліметтер, Денсаулық сақтау ұйымдарының, әуежайлар, теміржол вокзалдары, автомобиль өткізу пункттерінің және теңіз порттары, автостанциялар және жолаушыларға қызмет көрсету пункттерінің ғимараттарында эпидемияға қарсы күшейтілген режимді қамтамасыз ету мақсатында қойылатын бірқатар міндеттер жазылған.

Қаулы 2024 жылғы 28 тамыздан бастап қолданысқа енді.

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға