Жаңалықтар

Майлыбаев пен Мәсімов азаматтығынан айырылғаны рас па?

Майлыбаев пен Мәсімов азаматтығынан айырылғаны рас па?
Фото: Бағлан Майлыбаев / Кәрім Мәсімов 03.05.2023 17:55 5913

Мемлекеттік құпияны жариялағаны үшін президент әкімшілігі басшысының бұрынғы орынбасары Бағлан Майлыбаев 5 жылға сотталып, кейіннен шартты түрде бостандыққа шыққан еді. Ел ішінде құпияны жариялағаны үшін Майлыбаев азаматтығынан айырылғаны айтылады. Осыған қатысты El.kz ақпарат агенттігінің тілшісі Мәжіліс депутаты, заңгер Абзал Құспанның пікірін білген еді. 

2017 жылы президент әкімшілігінің басшысының бұрыңғы орынбасары Бағлан Майлыбаев өылмыстық кодекстің 361-бабының 3-тармағы ("Қызмет бабын теріс мақсатта пайдалану") және 185-бабының 3-тармағы ("Мемлекеттік құпияларды заңсыз жинау, тарату,жария ету")  баптары бойынша айыпты деп танылып бес жылға бас бостандығынан айырылған болатын. Ол өмір бойына мемлекеттік органдарда лауазымды қызметте жұмыс істеуден шеттетіліп, дүние-мүлкі мен барлық марапаттары тартып алынды. Араға 3 жыл уақыт өткен соң, шартты түрде түрмеден босап шықты. Дегенмен соңғы кездері бейресми деректерде, Бағлан Майлыбаев ҚР азаматтығынан айырылғаны жөнінде айтылуда. 

Сол секілді 24 сәуір күні мемлекетке опасыздық жасады деп айыпталған Ұлттық Қауіпсіздік комитетінің бұрыңғы орынбасары Кәрім Мәсімов 18 жылға сотталды. Мәсімовтың мүлкі тәркіленіп, өмір бойы мемлекеттік қызметте қызмет атқару құқығынан айыру жазасы тағайындалды. Осы тұста оның жазасы есепке ала отырып, азаматтығынан айыру мүмкін бе? деген сұрақ туындайды.

Бұл мәселеге қатысты заңгер, Мәжіліс депутаты Абзал Құспан пікір білдірді.

Елімізде ҚР азаматтықтығынан айыру туралы заң бар. Заңда қандай жағдайда азаматтығынан айыратыны көрсетілген. Оны сот қылмыстық іс және азаматтық іс бойынша да қолдана алады. Заңгер ретіндегі пікірім, егер де адамға отанға опасыздық жасады деп айып тағылған жағдайда және бап бойынша кінәлі деп танылған кезде олардың барлығын азаматтығынан айыру керек, - деп түсіндірді депутат.

Абзал Құспан отанына опасыздық жасады деп айыпталған Кәрім Мәсімов пен Бағлан Майлыбаевқа қатысты сот ісі жасырын өткендіктен олар туралы көп ақпараттың жасырын екені және ресми ақпараттың аздығын түсіндірді.

Азаматтық айыру – соттың еркіндегі қосымша жаза.  Бағлан Майлыбаевқа қатысты сот ісі құпия болғандықтан ол туралы ештене айта алмаймын. Қазіргі Мәсімовтың да ісіне қатысты сот жабық түрде өтті. Сол себепті ресми деректер өте аз», - деді ол.

Сондай-ақ заңгер елімізде адамды азаматтығынан айыруға қатысты істі өз тәжірибесінде кездестірмегенін айтты.

Шетел азаматтары, Қазақстанның азаматтығынан үміткер азаматтар заң талаптарын бұзған жағдайда азаматтықтан айыру туралы шешімдер қабылданып жатады. Дегенмен туа бітті Қазақстанның азаматтарын азаматтығынан айыру туралы шешім қабылданғанын естімеппін, менің тәжірибемде де кездеспеген жағдай, - деді депутат.

Қазақстан Республикасының азаматтығы туралы заң және Қылмыстық кодексте қандай жағдайда азаматтықтан айыратыны көрсетілген. Заң бойынша азамат сот үкімінің қаулысымен ғана азаматтықтан айырылады. 

Бағлан Майлыбаев пен Кәрім Мәсімов азаматтығынан айырылғаны рас па? деген сауалға байланысты El.kz ақпарат агентті құқық қорғау органдарына ресми сауал жолдады. Жауабы келгенде нақты ақпарат беретін боламыз. 

 

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға