Мәйітханадағы 12 жыл: патологоанатомның шынайы әңгімесі
Өмір мен өлімнің арасындағы шекара – медицина. Ал өлімнен кейінгі ақиқатты анықтайтын мамандар – патологоанатомдар. Жұртшылық арасында бұл мамандық туралы көп айтыла бермейді. Алайда патологоанатомдар әрбір өлімнің артындағы медициналық шындықты анықтаумен айналысады. Мәселен, осы мамандықпен айналысып жүрген жанның бірі – Жансая Советхан. Ол – Семей қаласында 12 жылдан бері осы салада еңбек етіп келе жатқан дәрігер. El.kz тілшісі Жансаямен мамандықтың беймәлім тұстары жайлы сұхбат құрды.
El.kz: Жансая, патологоанатом болу туралы шешімді қалай қабылдадыңыз?
Жансая Советхан: Семей медицина университетін 2013 жылы бітірдім. Сол жылы осы салаға келдім. Университетте оқып жүргенде бұл мамандық жайлы теориялық тұрғыда білетінмін. Бірақ қаншалықты ауыр жүк түсетінін жұмысқа кіріскен соң ғана түсіндім. Қазір осы салада жүргеніме 12 жыл болыпты.

El.kz: Ең алғашқы мәйіт ашу сәті есіңізде ме?
Жансая Советхан: Әрине. Ол сәт әлі есімде. Алғаш рет скальпель ұстағанда қатты толқыдым. Қолым дірілдеп, терлеп кеттім. Қасымда тәжірибелі мамандар болды, қолдау білдірді. Сол адам түсіме де кірді. Бірнеше күн ет жей алмадым. Бұл табиғи реакция деп ойлаймын. Көп нәрсе психологиялық тұрғыда қабылдауға байланысты.
El.kz: Эмоцияны қалай ұстайсыз? Күнделікті мәйіт көру ауыр емес пе?
Жансая Советхан: Оңай емес. Әсіресе баланың денесі келгенде. Өзің де ата-ана болған соң, мұндай сәттерде эмоцияны сыртқа шығармауға тырысасың, бірақ ішіңнен қатты әсерленесің. Бұл – біздің жұмысымыздың ең ауыр тұсы. Бірақ өз-өзіңді ұстауды үйренбесең, бұл салада ұзақ жүре алмайсың.
El.kz: Мәйітке зерттеу жүргізуден бас тартқан кезіңіз болды ма?
Жансая Советхан: Иә, болды. Есімнен кетпейді – бір күні құрбымның шетінеп кеткен баласының денесі біздің бөлімге түсті. Ол сәтте аутопсия жасау маған өте ауыр тиді, сондықтан бұл істен бас тарттым. Негізі, заң бойынша бір жасқа дейінгі балаларға міндетті түрде аутопсия жасалады. Яғни, өлім себебін нақты анықтау үшін мәйіттің ішкі және сыртқы құрылымы толық зерттелуі тиіс.

El.kz: Жұмыс барысында жұқпалы аурулардан қорғану қалай жүргізіледі?
Жансая Советхан: ВИЧ, гепатит секілді инфекция жұқтырған науқастардың мәйіттері де түсіп жатады. Ондайда қорғаныш киімдерін, қолғаптарды бірнеше қабаттап киеміз. Әр сәт мұқият болуды талап етеді. Кез келген уақытта байқамай қолыңды кесіп алуың мүмкін. Сондықтан біз тұрақты түрде медициналық тексерістен өтіп тұрамыз.

El.kz: Отбасыңыз жұмысыңызға қарсы емес пе?
Жансая Советхан: Балаларым мен әкем менің нақты не істейтінімді білмейді. Олар мені зертханада микроскоппен жұмыс істейтін гистолог деп ойлайды. Шындығын айтпаймын. Білмегені дұрыс деп есептеймін.
El.kz: Патологоанатомдар жеткілікті ме? Бұл салаға қызығушылық бар ма?
Жансая Советхан: Өкінішке қарай, кадр жетіспейді. Жастар бұл салаға көп бара бермейді. Барған күннің өзінде, бір-екі жылдан кейін шыдамай кетіп жатады. Бұл тек техникалық жұмыс емес, үлкен моральдық жауапкершілік пен сабырды талап етеді.
El.kz: Жұмыс күніңіз қалай басталады?
Жансая Советхан: Таңертең жұмысқа келе жатып, іштей: «Бүгін ешкім қайтыс болмаса екен» деп тілеймін. Мәйіт келгенде бірден іске кіріспеймін. Алдымен сәл отырамын, дайындаламын. Бұл бейімделіп кететін жұмыс емес. Әр жағдай әртүрлі әсер етеді. Әсіресе жас адамдар мен балалар келгенде – ерекше ауыр.
El.kz: Виртуалды аутопсия туралы пікіріңіз қандай?
Жансая Советхан: Компьютерлік томография арқылы жасалатын бұл әдіс кей жағдайда өте пайдалы. Әсіресе мәйітті ашуға қарсылық білдіретін діни немесе ұлттық себептер болғанда. Бірақ бұл әдіс классикалық аутопсияның орнын толық баса алмайды. Дегенмен балама ретінде енгізілуі – жақсы бастама.
El.kz: Бұл мамандық өміріңізге қандай өзгерістер алып келді?
Жансая Советхан: Бұл мамандық мені өмірге мүлде басқа көзқараспен қарауға үйретті. Адамдар кейде мені суыққанды боп кеткен деп жатады. Бірақ күн сайын өліммен бетпе-бет келіп, түрлі жағдайларды көргеннен кейін, мұның бәрі әсер етпеуі мүмкін емес. Соған қарамастан, ішкі күйзелісті көрсетпеуге тырысамын. Бізге бай да, кедей де, оқымаған да, профессор да, бала да, кәрі де түседі. Бәріміздің баратын жеріміз – бір. Кеше ғана тойда жүрген адамның бүгін моргқа түсуі – бұл жұмысымда жиі кездесетін жағдай. Өкініштісі, адамдардың өмірді, денсаулықты бағаламайтыны. Көпшілігі өздерін мәңгі өмір сүретіндей көреді.
El.kz: Жансая, ашық әрі шынайы сұхбатыңызға рақмет! Осындай ауыр салада еңбек етіп жүргеніңіз – үлкен құрметке лайық!
Жансая Советхан: Сіздерге де рақмет!

