©Pixabay.com

Майды күніне қанша мөлшерде тұтыну керек?

Ресейлік ғалымдар тамақтанудағы пайдалы және зиянды май түрлерін түсіндірді, деп хабарлайды El.kz интернет порталы.

Олардың айтуынша, тазартылмаған күнбағыс майында Е дәрумені мен омега-6 қышқылдары бар. Алайда омега-3 жетіспеген жағдайда омега-6-ның артық мөлшері ағзада қабыну туғызады, жүрек пен буындарға салмақ түсіреді. Ал майды рафинациялау барысында құрамындағы дәрумендер мен антиоксиданттар жойылып, трансмайлар мен Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы (ДДҰ) ықтимал канцерогендер қатарына қосатын қосылыстар түзіледі.

Сондықтан мамандардың айтуынша, майды тұтынудың қауіпсіз мөлшері күніне үш-төрт шай қасықтан аспауы керек. Әсіресе тазартылмаған майда қуыру өте зиян әрі қауіпті: түтіндеу нүктесінен жоғары қыздырғанда уытты қосылыстар пайда болады.

Зерттеушілер жоғары температураға төзімді майларды таңдауды ұсынады. Мысалы, авокадо, қыша немесе жержаңғақ майы — қуырғанға қолайлы. Оларды күнделікті тағамда алмастырып қолдану пайдалы. Ал пальма майы сүт өнімдері мен кондитерлік тағамдарға жиі қосылады, қалыпты мөлшерде ол да зиянсыз әрі пайдасы бар. Бірақ сапасыз әрі шамадан тыс қолдану — онкологиялық қауіп төндіреді.

Денсаулыққа пайдалы майлар қатарында зәйтүн майы (холестеринді төмендетіп, қандағы қантты реттеуге көмектеседі), кокос майы (кейбір деректер бойынша Альцгеймер кезінде когнитивті қызметті қолдайды), зығыр майы (жүрекке пайдалы омега-3 көзі), жаңғақ майы (жүйке жүйесі мен әйелдер денсаулығына жақсы әсер етеді) атап өтілді.

Ғалымдар май аса шоғырланған өнім екенін ескертеді. Тіпті ең пайдалы түрлерінің өзін мөлшермен тұтыну қажет. Ересектер үшін қауіпсіз норма — күніне 20-30 грамм. Бұл мөлшерден артық қолдану бауыр мен ұйқы безіне салмақ түсіріп, уақыт өте келе семіздікке, зат алмасу бұзылыстарына және созылмалы ауруларға әкелуі мүмкін.