Масылдық мұратқа жеткізер жол емес
Қазір дәмету тым көбейіп кеткендей. Дәметудің арты сұраншақтық, жалтақтық, жалпақтаушылыққа, жалқаулыққа жеткізеді. Оның соңы – еріншектікке әкеледі. Еріншектіктен масылдыққа жету – бір-ақ қадам. Парламент Сенатының депутаты, белгілі қаламгер Нұртөре Жүсіп «Масыл болма, асыл бол!» мақаласында қоғамдағы өзекті мәселеге осылай назар аудартады.
Рас, тіленшектік пиғылымыз бар екенін жасырын емес. Ол бәрімізге тән – байға да, кедейге де. Мысал көп. Жаңақорған аудандық жұмыспен қамту орталығының басшысы Жаңабек Тұрлыбековпен бірге сапарлас болдық. Ортақ әңгіме – атаулы әлеуметтік көмек төңірегінде өрбіді.
– «Жергілікті мемлекеттік басқару және өзін-өзі басқару туралы» Заңына сәйкес, 1 тамызда аудан әкімінің өкімімен атаулы әлеуметтік көмекке құжат әзірлеу барысында орын алған заң бұзушылықтардың алдын алу және қаржылардың мақсатты берілуіне талдау жасау жөнінде жұмысшы топ құрылып, зерттеу жұмыстары жүргізілді. Үй-үйді аралап, қаржылай көмекті алатындардың әлеуметтік жағдайын көруді жоспарладық. Сенесіз бе, көрсетілген мекен-жайлар бойынша екі қабатты үйлерге бардық. Зәулім үйдің иесінен атаулы әлеуметтік көмекті не мақсатта жаратып отырғанын сұрадық. Отағасы білмейтін болып шықты. Сөйтсе, әйелі құжат дайындап, әкімдіктегі танысы арқылы өткізіп жібергені анықталды. Қазір алған қаржыны өтеп жүр, – деп әңгіменің ұшын қылтитты орталықтың басшысы.
Қазір «Не берсе де қайырымен берсін!» дейтін қазақ қайда, «алсам, ала берсем!» деген пиғыл басым болып тұр. Жаңақорған ауданында құт қонған, береке орнаған деп әспеттейтін әлеуметтік деңгейі жоғары ауылдық округ тұрғындары атаулы әлеуметтік көмек алу жөнінде алдыңғы орында тұр. Тіпті коттедж үйлерде тұратындары қысылмай-қымтырылмай берсең ала берем пиғылын ұстанған. Әсіресе, пандемия асқынып, үйге қамалған кезде осындай қанағатсыз қарекетке куә болдық.
Қазіргі қоғамдағы үлкен проблеманың бірі – масылдық. Тіпті масылдықты кеселге балайтын қоғамтанушылар да бар. Енді бірі мұқтаждық пен масылдықтың аражігін ажыратуды алға тартады. Жалпы масылдық дегеніміз не? Жұмысқа құлқы жоқ, біреудің еңбегімен жатып ішуге дағдылану, ауырдың үстімен жеңілдің астымен жүруді дұрыс санайтын психологиялық түсінікті жатқызады. Ондайлар көп пе? Ол жөнінде нақты ақпарат жоқ. Дегенмен қазақ қоғамын тұңғиыққа батыратын кеселдің біріне айналды.
Олай болмаса Тұңғыш Президент өзінің Жолдауында: «Масылдық пен әлеуметтік инфантилизм секілді құбылыстарды еңсеріп, жеке адам мен бизнестің жоғары жауапкершілігіне, барлық еңбек субъектілерінің мемлекетке қатысты әріптестік өзара қарым-қатынасына негізделген еңбек қызметі мен игілікке жаңа тартымдылық енгізу қажет» – демеуші еді ғой.
Әлеуметтанушылар біреудің есебінен өмір сүру, ауырдың үстімен, жеңілдің астымен жүріп күн көру, қиындыққа төзімсіздік таныту, жеңіл табыс табуға ұмтылу сынды жағымсыз қылықтар, әсіресе, нарық заңдылықтарына негізделген қоғамда айқын байқалатынын айтады. Адамның еңбекке деген қабілет-қарымы, ынта-жігері төмендігінен, оның еңбегіне деген сұраныс азайып, нәтижесінде сенімсіздік пайда болады. Оның арты «масылдық психологиясына» әкеледі.
Қоғам белсенділерін сөзге тартып, масылдық тақырыбын өзек еттік. Әрине көпке топырақ шашудан аулақпыз. Есік алдындағы жерді кәдеге жаратып, қап көтеріп, құрылыс жасап, сауданың көркін қыздырып отбасын асырап жүрген ерлер аз емес. Басым пікірлестірімнің көбі еңбек бәсекесінде қабілетіміз төмен екенін мойындады.
Менің бір арманшыл көршім бар. Ауызбен үй тұрғызады, қымбат көлік алады, іргелі шаруашылық құрып, ауылдастарын жұмыспен қамтиды. Сөзбен бәрін қатырады. Бір жылы арманың қалқан етіп жалға жер алды. Сөйтіп қауын, қарбыз екті. Бақша дақылдары мерзімінде пісті. Қырсыққанда, өткізетін жер таппады. Қауын далада ағып кетті. Көршім осыған әкімдікті бір кінәлады, саудаларгерді бір кінәлады. Алайда өзінің жігерсіздігін, бәсекеге қабілетсіздігін мойындағысы келмейді. Бүгінде арман кемесіне мініп, әлі қиялдап жүр...
Кәсіпкерлер сенімді жұмысшыны көп іздейді. Белгілі кәсіпкер Жаңабек Тұрғанбаев редакцияға бірнеше рет жарнама беруге келді. Мақсаты жұмысшы қолын табу.
Ол адамдардың пиғылына таңғалып:
– Бір әйел қаржылай демеу көрсетуімді сұрап келді. Бердім. Арада бірнеше ай өткенде тағы келді.
Оған:
– Күйеуің бар ма? – дедім.
– Бар, – деді.
– Онда маған жұмысқа келсін. 60-70 мың жалақы төлеймін, – дедім.
– Ол грузчиктің жұмысын жасауға намыстанады. Ақша бересіз бе, әлде кете берейін бе? – деп жауап қатты. Қойнына бір жасқа толмаған баласын сала келгендіктен қолына ұялғандықтан ақша ұстаттым. Одан кейін әлгі әйел маған қайтып келген емес, – деп болған оқиғаны айтты.
Серік Бақытұлы фейсбуктағы аккаунтына жұмысшы іздеп, жарнама бергенін көз шалды. 70-80 мың теңгеге ұсынды.
Бюджеттік мекемелерден жұмыс табу қиын болғанымен, шағын және орта бизнес саласында жұмысқа сұраныс бар. Егер сенімге кірсе кәсіпкерлер оның әлеуметтік жағдайын шешіп беруге де дайын. Оған мысал да көп.
Шүкір, тұрақтылық пен тыныштықтың арқасында түзу заманда өмір сүрудеміз. ХХ ғасырдың қасіретіне көз салсаңыз – алапат аштықтан азшылыққа ұшырап, тарих бетінен жойылып кетуге шақ қалдық, қуғын-сүргінде асылымыздан айырылып, ескексіз қалған кеменің күйін кештік, ал соғыста қаншама ерлердің демін үзіліп, ұлттық мінезден айырылдық. Қарымды қаламгер Нұртөре Жүсіп айтқандай, сонда да ертеңгі күннен үмітін үзбеді. Ұрпақ үшін өмір сүрді.
Бізге дәл қазір жетпей жатқаны ұрпақтың қамын ойлау, ертеңге сену. Сонда ісіміз оңалады. Қысқасы, масылдық мұратқа жеткізер жол емес. Осыны түсінейік.