Жаңалықтар

Мәскеуде қазақстандық жауынгерлердің сүйегін тапсыру рәсімі өтті

Мәскеуде қазақстандық жауынгерлердің сүйегін тапсыру рәсімі өтті
Фото: kazembassy.ru 16.08.2023 02:12 772

Мәскеудегі Қазақстанның елшілігінде ІІ дүниежүзілік соғысында қаза тапқан қазақстандық жауынгерлердің сүйегін тапсыру рәсімі өтті, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.

ҚР РФ елшілігі мәліметінше, оларды Тверь облысынан «Память поколений» және «Фронтовые дороги» іздестіру топтары тапты. Жауынгерлердің медальондарында сақталған жазбалардың арқасында 1903 жылы Алматы облысында туған Филипп Парасенко мен 1913 жылы Солтүстік Қазақстан облысында туған Иван Сурниннің жеке бастарын анықтау мүмкін болды. Екеуі де 1942 жылы Ржев түбіндегі қанды шайқаста қаза тапқан.

ҚР РФ елшісі Дәурен Абаев өз сөзінде Қазақстан қаза болған ата-бабаларымызды еске алып, құрметтейтінін атап өтті.

Сіздер үлкен іс атқардыңыздар, сонымен қатар, соғыс жылдарындағы халықтың ерлігі туралы тарихи жадымызды қалпына келтіру және сақтау үшін әлі де көп жұмыс жасайтындарыңызға сенімдімін, – деп іздестірушілерге алғысын білдірді.

«Атамның аманаты» қоғамдық бірлестігінің басқарма төрағасы Мұрат Молдағалиев бірлестік жұмыс істеген бес жыл ішінде соғыс жылдарында хабарсыз кетіп, қаза тапқан 2,5 мыңнан астам қазақстандықтың тағдырын анықтау мүмкін болғанын еске салды. Ол Иван Сурниннің туыстары табылғанын, ал Филипп Парасенконың туыстары іздестіріліп жатқанын айтты. Жақын арада жауынгерлердің сүйегі Қазақстанға жеткізіліп, толық құрметпен жерленетін болады.

Тверь облыстық «Память поколений» іздестіру-зерттеу бірлестігінің жетекшісі Наталья Назарова Қазақстан тумасы ретінде жерлестерінің сүйегін тауып, оларды туған жеріне ақтық сапарға шығарып салу ерекше маңызды екенін мойындады.

«Фронтовые дороги» іздестіру отряды командирінің орынбасары Олег Дагуров іздеушілер үшін номиналды медальон табудан асқан бақыт жоқ екенін атап өтті.

Адам минометпен атылып қаза тапқанда, оның медальонының толық сақталып қалуы нағыз ғажайып құбылыс. Біздің халықтар иық тіресе соғысып, үлкен шығынға ұшырады. Олардың ерлігін ұмытпай, есте сақтағандарыңызға өте ризамын. Қандай жағдай болмасын, біздің еліміздің болашағы жарқын болатынына сенемін, – деді ол.

Шара барысында қаза тапқандарды христиандық дәстүр бойынша ақтық сапарға шығарып салды.

Қаза тапқан жауынгерлердің сүйегін табу бойынша қазақстандық және ресейлік іздеу топтарының бірлескен жұмысы жалғасады.

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға