ҚР ҰҚК

Мәсімовтің үйіндегі қымбат бұйымдар саудаға шығарылды

Отанға опасыздық жасағаны үшін сотталған бұрынғы ҰҚК басшысы Кәрім Мәсімовтен тәркіленген бірқатар құнды зат сатылымға қойылды. Бұл туралы Ertenmedia хабарлады, деп жазады El.kz интернет порталы.

Активтерді қайтару жөніндегі басқарушы компания арнайы электронды платформада ерекше лоттарды жария етті. Саудаға қойылған заттардың арасында әшекей бұйымдар, суық қару түрлері мен сирек кездесетін коллекциялық бұйымдар бар.

Мәселен, Montegrappa Italia маркалы қалам 628 мың теңгеге бағаланса, бұғы мүйізінен жасалған қылыш 582 мың теңге тұрады. Кавказ қанжары 198 мың теңгеге ұсынылған. Сондай-ақ дамаск болатынан жасалып, қолтырауынның басына ұқсатып жасалған пышақ 95 мың теңгеге сатылуда.

Лоттар арасында ең қымбат бұйым – II Елизаветаның бейнесі салынған, номиналы 200 доллар болатын коллекциялық монета. Оның бағасы – 3,1 млн теңге.

Бұл заттардың барлығы Астанадағы Кәрім Мәсімовке тиесілі болған элиталы зәулім үйден тәркіленген. Айта кетейік, аталған жылжымайтын мүлікке қатысты бұған дейін белгілі кәсіпкер Кеңес Рақышевтың да есімі аталған болатын.

Еске сала кетейік, бұған дейін Ertenmedia Мәсімовтің Наполеонның өз қолымен жазған хаттарын шамамен 100 мың фунт стерлингке сатып алғаны туралы хабарлаған еді.