Жаңалықтар

Маржықпаев Парижде танымал велосаяхатшы Рәббім Борашевпен кездесті

Маржықпаев Парижде танымал велосаяхатшы Рәббім Борашевпен кездесті
Фото: t.me/Turizm_jane_sport_ministrligi 26.07.2024 15:20 378

Туризм және спорт министрі Қазақстанның Париждегі елшілігінде велосаяхатшы Рәббім Борашевпен кездесті, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.

Министрліктің мәліметінше, велосаяхатшының сапары Франциядағы «Салтанатты аркада» (Триумфальная арка) мәреcіне жетті. Оны Франциядағы Қазақстан елшілігінің ұжымы мен француз қоғам қайраткерлері салтанатты түрде қарсы алды.

Ведомство басшысы Маңғыстау облысының тұрғынын Қазақстан елшілігінде қошеметпен қарсы алып, велосипедшінің спорттық дайындығы мен ерік-жігерін ерекше атап өтті.
Ол 5 мың шақырымнан астам қашықтықты жүріп өтіп, спортшыларымызды қолдау үшін Олимпиада ойындарына арнайы келді.

Олимпиадаға бару – армандарымның бірі еді. Жас күнімде арманымды жүзеге асыруға мүмкіндігім болмады, алайда биыл соның сәті түсіп тұр екен. Жаңбырға төтеп беру, шекарадан және қала арқылы өтуге уақыт пен шыдам қажет, бірақ мен өз дегеніме жеттім, - деді Рәббім Борашев.

Велосипедші алдымен Ақтаудан Бакуге, содан кейін Грузия арқылы маусымда Түркияға жеткен. Әрі қарай Мажарстан, Аустрия және Германия арқылы Парижге табаны тиді.
Рәббім Борашев зейнеткерлік жасқа дейін құрылыс саласында жұмыс істеген. Кейінгі жылдары велоспортпен тұрақты айналысып, бірнеше рет жарыстарға да қатысып үлгерген.

Р.Борашев велошеруді ұйымдастыруға қолдау көрсетіп, көмегін аямаған барлық отандасымызға алғысын білдірді.

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға