Жаңалықтар

Marvel-дің «Әділет лигасына» қандай қатысы бар?

Джосс Уидон "Әділет лигасын" құтқара ала ма?
Marvel-дің «Әділет лигасына» қандай қатысы бар?
14.11.2017 18:57 2975

16 қарашада DC Comics баспасына негізделген, Warner Bros. студиясы өндірген «Әділет лигасы» (түпнұсқа атауы - «Justice League») блокбастері прокатқа шығады. DC кинематографиялық ғаламы үшін бұл жобаның маңызы зор. Біріншіден, бұл осы ғаламның танымал қаһармандарының басын біріктіреді. Оның ішінде осыған дейін көрінген Бэтмен, Ғажап әйел, Супермен бар және комикс әлемінен белгілі Флэш, Аквамен, Киборг сынды жаңа қаһармандар да бар. Былайша айтқанда, «Әділет лигасы» Marvel студиясының «Кек алушыларының» баламасы немесе басты бәсекелесі ретінде қарастырылады. Екіншіден, жоба бүкіл франшизаның әрі қарайғы бағыт-бағдарын нақтылауы тиіс. Бұл жерде қаржылық табысы да, сюжеттік құрылымы да үлкен рөл атқармақ. Сондықтан бүкіл әлемнің көрермендері аталған жобадан көп нәрсе күтетіні анық.

Осы киноғаламның бұған дейін шыққан картиналары – «Болат адам» («Man of Steel»), «Бэтмен Суперменге қарсы: Әділет таңы» («Batman v Superman: Dawn of Justice»), «Өлімге бәс тіккендер жасағы» («Suicide Squad»), «Ғажап әйел» («Wonder Woman») қаржылық тұрғыдан өз шығындарын ақтай алғанымен, фанаттар тарапынан да, сыншылар тарапынан да сынға көп ұшырады. «Ғажап әйел» ғана жылы қабылданған жалғыз картина. Сын объектісіне айналған - сюжет «тесіктерін», қисынсыз оқиғаларды, жете ойластырылмаған кейіпкер образдарын, ұсқынсыз арнайы эффектілерді жақын арада түзетпесе, Warner Bros. студиясына бұл киноғаламды әрі дамыту қиынға түспек. Сондықтан «Әділет лигасы» жақсы старт алуы керек, түгелдей мақталмаса да, жылы сын-пікірлердің көбейгені аса қажет. Ол үшін студия басшылығы көп құрбандыққа барды. Атап айтқанда бұрынғы режиссер Зак Снайдерден арылды. Бұл шешім продюсерлерге ауыр тиген болуы керек. Өйткені Зак Снайдер DC кинематографиялық ғаламы үшін көп нәрсе атқарды деуге болады: осыған дейін шыққан төрт фильмнің екеуін түсірді, «Ғажап әйелдің» сюжетін құрастырды және аталған жобалардың барлығында атқарушы продюсер міндетін орындап шықты. Бірақ алға қадам басу үшін белгілі бір қиын шешімдер қабылдауға тура келеді.

 Зак Снайдер / © Mike Coppola/Getty Images North America (2016)

Негізі Зак Снайдер «Әділет лигасын» толықтай түсіріп шықты. Бірақ оның қолынан шыққан бастапқы нұсқаның тестілік көрсетілімі фокус-топқа да, киностудия басшылығына да ұнамапты-мыс. Мамыр айында Снайдердің жобадан кететіні мәлім болды. Себеп ретінде режиссердің 20 жасар қызының қайтыс болуы айтылады. Иә, ешкімнің басына тілемейтін ауыр жағдай. Бірақ бұл Снайдердің қызметінен кетуіне жалғыз себеп емес екені айтпаса да белгілі. Өзінің жұмысынан көңілі қалған режиссер мүмкін осындай шешім қабылдаған шығар, әлде Warner Bros. басшылығы келіссөз үстеліне жиналып, жақсылап ақылдасып, осындай ортақ шешімге келген де болар.

Оның орнына келген Джосс Уидон үміт отын жаққандай болды. Ол бастапқыда сценарийді жетілдіруге қатысты, ал Снайдер кеткенде режиссерлік міндетке ауысты. Режиссер осыған дейін «Кек алушылар» және «Кек алушылар: Альтрон дәуірін» түсірді. Бұдан бөлек Marvel комикстарына негізделген басқа да тележобаларды жасауға қатысты. Былайша айтқанда Марвелдің адамы. Ол Warner Bros.-тың шақыртуын қабыл алып, әрі Marvel-дегі басшылығының ақ батасымен келген адам. Яғни скандалсыз, сатқындық жасады деп айыптауға ешбір себеп туғызбастан ауысып отыр. Бұдан-ақ Marvel басшылығының, бәсекелес болғанына қарамастан, DC-ге деген ниеті оң екенін, қиын жағдайда көмек қолын созуға әзір екенін білдіреді.

Джосс Уидон / ©Brian Ach/Getty Images North America

Джосс Уидон «Әділет лигасының» сюжетіне біраз түзету енгізді деген ақпар бар. Фильм атмосферасы ауыр, салмақты реңнен көңілді, жеңіл реңге аздап түзетіліпті-міс. Кейіпкерлердің сөздеріне аздап юмор да қосылған. Қысқасы жаңа режиссер Marvel стиліне жақындатуды көздеген секілді. Сондай-ақ Уидон фильмді қайтадан түсіріп шығыпты. Түсірілім қаншалықты ауқымды болды, бастапқы нұсқа қаншалықты өзгертілді – оны дәл айту қиын. Өйткені бұған қатысты ресми хабар жоқ. Бірақ қосымша бюджет бөлінгені туралы айтылды. Кейбір ақпарат көзіне сенсек, екі рет түсірілген жобаның жалпы шығыны 300 млн доллар болған. Сөйтіп «Әділет лигасы» кино тарихындағы ең қымбат кинофильм болып отыр.

Warner Bros. осы арқылы үлкен тәуекелге барып отыр. Франшизаның әрі қарайғы дамуы да осы «Әділет лигасының» жетістігі мен табысына байланысты болатын шығар. Мүмкін кинокомикс бағытын қампайған мол бюджет бөліп, шығын көре бергеннен гөрі, аз қаржыны қанағат тұтатын, арнайы эффектіден гөрі драматизм арқылы алып шығуға болатын шағын жобалар арқылы дамыту қажеттігі туындайтын шығар, бәлкім.

Сонымен «Әділет лигасына» қатысты көпшіліктің сұрағы мынадай: Джосс Уидон жобаны құтқара ала ма? Зак Снайдерді жобадан кетіруден бастап қабылданған әрекеттердің барлығы бекершілік болмай ма?

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға