reporter

Марста жаңа алып жанартау табылды

Шетелдік Жерден тыс ақыл-ойды іздеу институтының (SETI) ғалымдары Марс бетінде жаңа алып жанартауды анықтады, деп хабарлайды El.kz интернет порталы.

Бұл жаңалық туралы зерттеу Институттың ресми сайтында жарияланған. Ғалымдар жаңадан табылған нысанды «Ноктис» деп атады. Бұл атау латын тілінен аударғанда «түн» дегенді білдіреді.

Ноктис жанартауы Марстың экватор маңында орналасқан Тарсис жанартау провинциясында орналасқан. Осы өңірде Марстың ең ірі жанартаулары да бар: Павонис Монс (биіктігі шамамен 14 000 метр), Аскрей Монс (18 000 метр) және Арсия Монс (19 000 метр).

Зерттеушілердің айтуынша, жаңадан ашылған таудың пішіні қатты эрозияға ұшыраған және биіктігі басқа марсиандық жанартаулармен салыстырғанда төменірек болғанымен, оның көлемі бәрібір таңғаларлық. Ноктистің диаметрі шамамен 450 километр, ал биіктігі 9 022 метрге жетеді.

Ғалымдар бұл жанартаудың орасан зор көлемі мен күрделі геологиялық тарихы оның ұзақ уақыт бойы белсенді болғанын көрсетеді деп пайымдайды. Сонымен қатар, зерттеу барысында вулканның оңтүстік-шығыс бөлігінде жақында ғана пайда болған жұқа лавалық қабаттар табылған. Олардың астында әлі де мұздың қалдықтары сақталған болуы мүмкін.

SETI институтының мамандары атап өткендей, экваторға жақын аймақта мұздың жер бетіне таяу орналасуы - болашақта Марсты игеру тұрғысынан маңызды жаңалық. Себебі мұндай аймақтарда адамдар салыстырмалы түрде жылырақ жағдайда зерттеу жүргізіп, суды өмірді қамтамасыз ету және зымыран отынын өндіру үшін пайдалануға мүмкіндік алады.