Марқұмның кірпігін алып, рухына тазалық сыйлаған әйел
Бір сәт көз алдыңызға елестетіңізші, өз қолыңызбен өмірден озған жанның кірпігін алып, оны соңғы сапарға әзірлеу...Көпшілік бұл туралы ойлаудың өзінен тітіркенеді. Ал Атырау тұрғыны Ақөрік Исимғалиқызы мұндай сәттерде сабыр сақтап, рухани миссиясын атқарады. Ол марқұмның жасанды кірпігін абайлап алып, соңғы сапарына лайықты күйде шығарып салуға көмектеседі.
El.kz интернет порталының тілшісі 24 жастағы атыраулық Ақөрік Исимғалиқызымен тілдесіп, марқұм болған жандарды арулауға қалай қол ұшын беретінін сұрап білді.
Айтуынша, бұл оның кәсібі емес, жүрек қалауы.
Мен бұл іспен кәсіби түрде айналыспаймын. Қазір декреттік демалыста отырған жалғызбасты анамын, екі жасар қызым бар. Негізгі жұмысым – массаж. Бірде марқұмның кірпігін алып тастайтын адам таппай қиналған адамдарды көріп, көмектескім келді. Осылайша бұл іске жүрегіммен келдім, – дейді Ақөрік.
Ақөріктің пікірінше, марқұммен жұмыс істеу – мамандық емес, ең алдымен адамдық борыш. Өліден қорықпаймын, өйткені бұл да бір сынақ, адамның соңғы құрметі деп білемін. Ал әрбір адам соңғы сапарына таза және лайықты түрде шығарып салынуы тиіс деп санайды.
Ақөріктің нақты міндеті – марқұмның жасанды кірпігін абайлап алып тастау. Бұл өте нәзік процесс.
Жалғанған кірпікті алу кезінде бастысы – марқұмның өз кірпігіне және терісіне зиян келтірмеу. Кірпік тірі адамдағыдай тез шешілмейді, желім қатып қалады. Барлығын жұмсақ қозғалыспен, таза құралмен, үлкен құрметпен жасау қажет, – дейді ол.
Кейде арнайы әйелдер арулау мен киіндіру жұмыстарын атқарса да, Ақөрік, қажет болған жағдайда, сол іске де көмектесетінін айтады.
Ең бастысы, санитарлық норманы сақтау және әр қимылдың артында құрмет сезімі тұру керек, – дейді кейіпкеріміз.
Көпшілік бұл істі «қорқынышты» деп қабылдауы мүмкін. Бірақ Ақөрік үшін бұл – рухани миссия.
Мен үшін бұл – қорқынышты емес, жауапкершілігі жоғары іс. Адамның соңғы сапарына таза, лайықты түрде шығарып салынуы – тірілердің парызы. Сол парыздың кішкентай бөлігіне үлес қосу мен үшін құрмет, – дейді ол сабырмен.
Оның айтуынша, өліммен бетпе-бет келу адамның ішкі дүниесін өзгертеді.
Бұл іс менің өмірге деген көзқарасымды түбегейлі өзгертті. Өлім – өмірдің бір бөлігі екенін, ал әр күніміздің бағалы екенін түсінесің. Адам сыртқы емес, ішкі тазалыққа көбірек көңіл бөлуі керек екенін сезіндім, – дейді Ақөрік.
Ақөрік бұл істен пайда таппайды.
Маған төленетін ақы – 10-20 мың теңге шамасында ғана. Ол жол шығыныма, қажетті заттарға және қызымды қарайтын адамға кетеді. Өзім үшін бұл табыс емес, тек қажет шығынды жабу ғана, – дейді.
Рухани күшті Алладан және таза ниетінен алатынын айтады.
Бұл істе мені алға жетелейтін – ниетімнің тазалығы мен адамдардың алғысы. Марқұмның туыстарының ризашылығын есту – ең үлкен марапат, – дейді кейіпкеріміз.
Ақөрік қазіргі қоғамда марқұмды құрметпен шығарып салу мәдениетінің де өзгеріп келе жатқанын байқайды.
Бір жағынан, қарапайымдылық көбейіп келеді, екінші жағынан, кейде жасандылық та бар. Дегенмен соңғы жылдары жастардың арасында да «арулау – қасиетті іс» екенін түсінетіндер көбейіп келеді. Бұл – үміт ұялататын құбылыс, – деді.
Ол өмірдің ең ауыр сәтінде де жақынына көмектескен адамның ісі ұмытылмайтынын айтады.
Адамның соңғы сапарына деген құрмет – тірілердің адамгершілігін көрсететін ең үлкен сынақ. Өлім – қорқынышты емес, ол – өмірдің жалғасы. Сол сәтте кім көмек көрсетсе, ол тек марқұмға емес, өз жүрегіне де жарық сыйлайды, – дейді ол.
Ақөрік Исимғалиқызының өмірлік ұстанымы – әр істе адамдық пен мейірімнің болуы. Ол үшін бұл іс – кәсіби қызмет емес, рухани миссия. Марқұмның кірпігін алып тастау сияқты қарапайым көрінетін әрекет – біреудің соңғы сапарына деген ең таза құрметтің белгісі.
Адам өмірінің соңғы сапарына құрметпен шығарып салу – халқымыздың ежелден қалыптасқан дәстүрі. Қазақ қоғамында бұл рәсімге ерекше мән беріледі. Мәйітті жуындыру, кебіндеу, жаназа намазын оқу, арулап шығарып салу – барлығы да рухани тазалықтың, тірілердің парызының белгісі.
Соңғы жылдары елімізде бұл бағытта арнайы дайындықтан өтетін «арулаушы әйелдер» (тазалаушы топтар) көбейіп келеді. Кей мешіттер мен қоғамдық ұйымдарда осы іске жауапты адамдар санитарлық талаптарға сай оқытылып, киім мен құрал-жабдықтармен қамтамасыз етіледі. Мұндай игі бастамалар марқұмға деген құрмет мәдениетін сақтап, жастардың да рухани жауапкершілігін арттыруға үлес қосып отыр.
Ақөрік Исимғалиқызы сияқты жандардың шынайы ниетпен атқарып жүрген еңбегі – адамгершіліктің айғағы. Өлімнен қорықпай, керісінше, оны өмірдің жалғасы деп қабылдап, соңғы сапарға аттанған жанға тазалық пен құрмет сыйлау – ең үлкен ізгілік.

