Жаңалықтар

Мари халқы туралы не білеміз?

Қазақстан – көпұлтты мемлекет
Мари халқы туралы не білеміз?
21.11.2020 11:30 5783

Марилер волга-фин шағын тобына жататын фин-угор халқы. Халықтың өзіне қойған атауы – мари. Бастапқыда «адам, ер» мағынасында қолданылып, бүгінге дейін сақталған. Бұл этнонимнің туындауы әлі күнге дейін даулы мәселе болып келеді.

марилер2.jpg

Марилер – Еділ өзенін жағалай орналасқан елдердің ішінде өзінің діни және мәдени ерекшіліктерін бүгінге дейін сақтай алған халықтардың бірі. Мари халқының қалыптасу тарихы орал, кейіннен – фин-угорлық тілдер қауымдастығының негізгі даму кезеңдерімен байланысты. Олардың қалыптасу аймағы шамамен Батыс Сібірден Еділ мен Ока өзені аралығындағы аумақты қамтиды. Қазандық шежіреші марилерді «еңбекқор егіншілер» деп атаған. Марилер негізінен Еділ-Орал тарихи-географиялық аймағын мекендейді. Олардың 60%-ы Ветлуга және Вятка өзендерінің арасында (Марий Эл, оның маңындағы Киров және Нижегород облыстарының кейбір аудандарында), 20%-ы Белая (Ақ өзен) және Уфа өзендерінің жағалауларында, (Башқұртстанның солтүстік-батысы мен Свердлов облысының оңтүстік-батысында) тұрады. Сонымен қатар Татарстанда, Удмуртияда, Пермь және Челябы облыстарында марилер тығыз қоныстанған бірқатар елді мекендер кездеседі.Ұлы Отан соғысынан кейінгі жылдары өздерінің ежелден орналасқан жерлерінен тыс аумақтарды мекендейтін марилердің үлесі артты. Қазіргі уақытта марилер Оралдың арғы бетінде, Қазақстан мен Орта Азияда, Ресейдің еуропалық бөлігінің оңтүстігінде, Украинада және басқа да аймақтарда тұрады.

Марилердің Қазақстанда пайда болуының тарихы

Мари халқының ежелгі тарихы өзге фин-угор халықтарының тарихымен тығыз байланысты. Марилер б.з. І мыңжылдықта бөлек этнос болып құрылды. Бірақ мари халқының этностық және мәдени салт-дәстүрлері одан бұрынғы ғасырлар мен мыңжылдықтарда қалыптасқан. Марилер туралы жазбаша дереккөздер осыдан бір жарым мың жыл бұрын ғана пайда болған. Сондықтан олардың одан бұрынғы тарихы археологиялық деректер негізінде зерттеледі. Еділ бойындағы финдердің ықтимал ата-тегіне бастапқыда Еділ және Ока өзендерінің аралығын мекендеп, кейіннен Поволжье мен Еуропалық Ресей солтүстігінің кең аумағына тарап кеткен бірнеше мәдениетке жататын халықтарды жатқызуға болады.

мариер.jpg

Ол мәдениеттер б.з.д. VIII мыңжылдықта қалыптасқан және Польшадан Германияға дейінгі Орталық Еуропаны мекендеген ежелгі халықтардың мәдениетімен тектес болған. Кейбір ғалымдардың пікірінше, ерте замандарда финтілдес халықтар мен угор-самодий тайпаларының ата-бабалары бөлек тіршілік еткен. Қола дәуірінде финтілдес халықтардың ішінде (Кама өзенінің сағасынан Ладога өзеніне дейінгі аралықта) материалдық-рухани мәдениетінің ортақ ерекшеліктерінің алғышарттары қалыптаса бастаған. Алайда ол халық сырттан көшіп келген мал шаруашылығымен айналысқан тайпалардың (үндіеуропалық және иран тілдес тайпалардың) қатты ықпалына түскен.

Мари халқының мәдениеті

Дамыған қола дәуірінде тор-мата өрнектерімен әшекейленген күйіктас бұйымдарын жасаумен айналысқан халықтардан оңтүстік-батыс және шығыс тайпаларының қатысуымен Еділ бойы финдерінің этникалық негізі қаланған. Ерте темір ғасырларында Еділ және Кама өзендері аймағында ананьиндік археологиялық мәдениет қалыптасқан. Ол мәдениеттің өкілдері коми-зырян, коми-пермяк, удмурттар мен марилердің ежелгі ата-бабалары болып табылады. Бұл халықтардың қалыптаса бастауы біздің заманымыздың І мыңжылдығының бірінші жартысында орын алған. Сол кезеңде костромалық мери, мари және муромдардың ата-тектерінің Еділ бойындағы қауымдастығы құрылған. Мари халқының Еділ бойындағы халықтардан оқшауланып, бөлек шығуы б.з. І мыңжылдығының екінші жартысына жатады. Олардың этникалық тұрпаты мен мәдениетінің ерекшеліктері сол кезеңде қалыптасты.

марилер 6.jpg

Мари өлкесінде сол дәуірдегі көне қалалар (бекіністі елді мекендер) табылған. Мари этносының қалыптасуы біздің заманымыздың І мыңжылдығында басталып, жалпы алғанда, IX – XI ғасырларда аяқталған. Алайда марилер туралы алғашқы жазбаша дерек X ғасырдың басына жатқызылады: хазар қағаны Иосиф өз хатында осы халық туралы айтқан. Марилерге көршілес орыстар, бұлғарлар тағы да басқа халықтар орналасқан. Олар XIII – XV ғасырлар аралығында Алтын Орда мен Қазан хандығының құрамына кірген. Олар Алтын Ордаға бұлғар феодалдары мен хан дарұғтары арқылы бағынып отырған. Мәскеу мемлекеті мен Қазан хандығының арасындағы әскери қақтығыстар кезінде марилер орыстарға да, қазандықтарға да жақтасып соғысқан. Мәскеу мемлекеті 1552 жылы Қазан хандығының жерін жаулап алғанда, марилердің жерлері Ресей мемлекетіне бағынышты болып, сол жылдың қазан айында марилер Мәскеу патшасына адал боламыз деп ант қабылдаған. Алайда сол жылдың желтоқсан айында кейбір жерлердегі марилер көтеріліс жасап, 1553 жылдың көктемінде бүкіл Шалғындық аймағында ауық-ауық үзілістермен кеңінен көтеріліп, тарихта «черемис соғыстары» деген атаумен әйгілі ұлт-азаттық қозғалыс 30-дан астам жылға созылды. Марилер 1557 жылдың мамыр айында орыс мемлекетіне адал боламыз деп қайта ант қабылдады. Мари өлкесінің Ресей мемлекетінің құрамына кірігуі XVI ғасырдың соңына дейін жалғасты. Бекініс ретінде Царевококшайск (қазіргі Йошкар-Ола) 1584 жылы қаласы құрылды. РФКРО құрамында Мари автономиялық округі 1920 жылғы 4-қараша күні пайда болғаны жарияланды. Ал 1936 жылғы желтоқсанның 5-і Мари АКСР-і құрылды. Марилердің XIX ғасырдағы және XX ғасырдың басындағы көші-қонын олардың XVII-XVIII ғасырлардағы ресейлік шаруалар қатарында жаппай Сібірге және Солтүстік Қазақстанға қоныс аударуы барысындағы көші-қонының жалғасы деп қарастыруға болады. Республикада ғасырлар қойнауынан келе жатқан салт-дәстүрлер мұқият сақталып келеді. Бұл орайда марилер өздерінің төл діні пұтқа табынушылықты әлі күнге дейін өзгеріссіз дерлік сақтай алған жалғыз халық екендігін атап өткеніміз де жеткілікті.

Қазақстандағы қоныстану және саны

Марилер Қазақстан халықтарының құрамындағы бір этникалық топ. Қазақстандағы марилер санының динамикасы: 1970 ж. – 9089 адам, 1979 ж. – 10589 адам, 1989 ж. – 11912 адам, 1999 ж. – 6495 адам, 2009 ж. – 4416 адам. Негізінен орталық аймақтарда (Ақмола, Ақтөбе, Қарағанды, Қостанай облыстарында) қоныстанған. Марилер – Ресей Федерациясының құрамындағы Марий Эл Республикасының негізгі халқы. Олардың Ресей аумағындағы жалпы саны – 687,4 мың адам, ал Марий Элде – 65,2 мың адам тұрады (2015 жылғы дерек бойынша), сондай-ақ олар Татарстанды, Удмуртияны, Башқұртстанды, Свердлов, Пермь облыстарын да мекендейді.

Тұрмыс ерекшеліктері мен шаруашылықтары

Марилердің дәстүрлі кәсібі – егіншілік. Орманды жерлерде тұратындар ХҮІІІ ғасырға дейін ағаш-бұталардан тазартылған жерлерді жыртып егін егіп, содан кейін үш танапты егіс жүйесін қолданған. Олар негізінен қара бидай, сұлы, арпа, тары, борай бидай, қарақұмық, қарасора, зығыр сияқты дәнді дақылдарды және пияз, орамжапырақ, шомыр, сәбіз, құлмақ, картоп сияқты көкөніс дақылдарын еккен. Жер өңдейтін құрал-саймандарына бір не екі тісті соқа (могавуй), жай соқа (агавуй), тырма (тырма), кетпен (катман) жатады. Жылқы, ірі қара мал және қой өсіру, сонымен қатар аңшылық, орман шаруашылығы (ағашты дайындап, өзенмен ағызу, шайыр қайнату), ормандағы омарташылық (омарталарда бал ара өсірушілік), балықшылық кәсіптері қосалқы шаруашылық түрлеріне жатқан. Үй кәсібіне жататын жіп иіру, мата тоқу, кесте тігу − тауар-ақша қатынастары дамыған сайын өнеркәсіпке айнала бастады. Сондай-ақ ағаш өңдеу, себет талдан түрлі бұйымдар тоқу, қарамай, скипидар жасау, шайыр қайнату, көмір жағумен айналысқан. Алайда мари қоғамында темір өндірісі дамымағандықтан, тіпті қарапайым металл бұйымдарды халық сырттан сатып алатын. Көркем өнеркәсіп түрлерінен кесте тігу, ағаш ою, зергерлік кең тараған. Халықтың кейбір өкілдері ағаш өңдеу кәсіпорындарында жұмыс істеген. Қазіргі уақытта көпсалалы өнеркәсіп дамып, ауыл шаруашылығы механикаландырылды.

Діні

Халықтың діни наным-сенімдері мен салт-жоралғылары − ежелден марилердің рухани мәдениетінің өзегі. Қоғам, отбасы және жеке адамның өмірі – барлығы діни тұрғыда реттеліп отырған. Әрбір мариліктің күнделікті өміріне діннің ықпалы күшті болған. Адамдардың дүниетанымы, мінез-құлқы, іс-әрекеттері, құндылық бағдарлары мен моральдық ұстанымдары – барлығы дін арқылы реттелген. Халықтың сана-сезімінде ұлттық наным-сенімдер мен салт-дәстүрлер рухани тірек рөлін атқарып, халықты біріктіріп, өзіндік ерекшеліктерін сақтауға мол септігін тигізген. Марилердің дәстүрлі наным-сенімдерінің ерекшелігі қоршаған ортаны, табиғатты киелі күш ретінде танып, оларға табынушылық болып табылады. Марилердің ата-бабалары табиғатты бақылап отырып, құдайдың еркіне бағынып өмір сүруді үйреніп, қоғамдық қатынастарын реттеп отырған. Мари халқы өз ата-бабаларынан келе жатқан пұтқа табынушылығын бүгінге дейін қаз-қалпында сақтаған бірден-бір еуропалық ұлт. Оларда бүгінге дейін абыздар бар және салт-жоралғыларды орындау дәстүрі бұзылмаған.

Діни наным-сенімдері

Марилердің діни наным-сенімдерінде 40-қа жуық құдай бар. Ең жоғарғы дәрежелі құдай – дүниені жаратушы Ош Поро Кугу Юмо, яғни Үлкен Ақ Құдай болып саналады. Марилер өздерінің құлшылығын негізінен осы басты құдайына арнайды. Сонымен қатар мари дінінде табиғаттың дүлей күштерінің киелері су, орман, от құдайлары бар. Сондай-ақ Керемет, Вувер деген сияқты жын-перілер де кездеседі. Әрбір құдайға ерекше қарап, арнайы салт-жоралғылар жасау қажет деген ұғым қалыптасқан. Марилердің құдайларға табынатын, салт-жоралғыларды орындайтын, құрбандық шалатын 10 қасиетті жерлері туралы айтылады. Қорыта айтқанда, мари халқының пұтқа табынуы көбінесе ежелгі әфсаналық түсініктерді қайта пайымдау болып табылады және ол халықтың мәдени-тарихи дәстүріне негізделгендіктен, оның қоғамдық-тарихи, рухани және мәдени-шаруашылық тәжірибесінің жаңғыртылған түрінің көрінісін құрайды. Бұл орайда пұтқа табынушылық халық мәдениетінің рухани негізін қалайды. Бүгінде әлемдік діндерді қабылдағанына көптеген ғасырлар болған кейбір халықтардың да халықтық мәдениетінде пұтқа табынушылық терең тамырланғаны көрініс тауып жатады. Ал бұл дегеніміз пұтқа табынушылықтың халық тұтастығын нығайтып, оның мәдени ерекшеліктерін сақтауға септігін тигізетін бірден-бір рухани негіз болып табылатынын айғақтайды. Мари халқының мәдениетінде дәстүрлі шіркеулер жоқ: құдайларға құлшылық ету мен құрбандық шалу «кусото» деп аталатын қасиетті ормандарда іске асырылады. Марий Эл Республикасында 300-ден астам ежелден келе жатқан қасиетті орман бар. Олардың наным-сенімі бойынша адамдар ғибадат еткен кезде «онапу» деп аталатын қасиетті ағаштарда құдайлар тұрады.

Тіл және жазуы

Мари жазуы XVIII ғасырда туындағаннан бастап бүгінгі күнге дейін кириллицаға, яғни орыс әліпбиіне негізделіп келеді. Тек мари тілінің дыбыстарын дәлірек белгілеу үшін кейбір диакритикалық белгілер қосылған. Мари тілінің әліпбиі XX ғасырдың басына дейін тұрақталмай, жиі өзгеріп тұрған. Қазіргі әліпбиі 1938 жылдан бастап қолданылады. Фин-угор тілдерінің шығыс тармағына жататын марилер шығыс, таулық және шалғындық аймақтарда әр түрлі диалектімен сөйлеседі. Бірінші екеуінің сөздік қоры өте ұқсас болып келеді, ал үшіншісінің оларға ұқсастығы 60-70% ғана. Ол тілде б.з.д. III-II мыңжылдықтағы фин-угор арғы тілінің, үндіеуропалық, үндіирандық, скиф-сарматтық, сармат-аландық, балтық тілдерінің ежелгі сөздері сақталған.Марилердің екі әдеби тілі қалыптасты, олар: шалғындық-шығыс және таулық марилер тілдері, олардың айырмашылықтары негізінен фонетикалық айырмашылықтар: шалғындық-шығыс тілінде 8 дауысты фонема ғана болса, таулық марилердің тілінде 10 фонема бар. Екі тілдің дауыссыз дыбыстар жүйесі негізінен бірлей болып келеді, сондай-ақ грамматикалық құрылысы да бір. Соңғы жылдар ішінде мари тілінің лексикасы жаңа сөзжасам есебінен және орыс тілі арқылы халықаралық терминдердің енуі арқасында айтарлықтай байыды.

Салт-дәстүрлері

Мари халқының мәдениеті пұтқа табынушылықтан туындап, әдет-ғұрыптарға негізделген. Органикалық кезеңінде мари мәдениеті діни өмір салтымен тығыз байланысты болған. Марилердің дәстүрлі мәдениетінде халықтың рухани сана-сезімінің биіктігі, болмыстың діни белгілері символдар түрінде көрініс тапқан. Халық сиқыршылықты қауіп-қатерлерден психологиялық қорғаныс, адам мен әлемнің ішкі заңдарын тану деп түсінген. Ал әфсана аңыздар басқару жүйесі мен құндылықтардың тарихи беделге ие болғанының көрінісі болып табылады. Мари мәдениетінде көптеген салт-жоралғылар бар. Мысалы, үйлену және жерлеу салттары әлі күнге дейін қаймағы бұзылмаған күйінде сақталып келеді. Қазіргі уақытқа дейін орындалатын жоралғылардың ішінде сурем ужо, яғни бүкіл ауылдан жынды қуу салты бар. Марилердің пікірінше, ол малды жайылымға айдау кезеңінде ауылды жамандық әкелетін жын-перілерден сақтайды. Сурем ужо 6 мамырға қараған түні орындалады. Марилер ауылдың сыртына жиналып, от жағып, оттан секіреді – бұл өзін-өзі тазарту салты. Содан соң халық айқай-шумен, қоңырау сыңғырлатып ауылға қайтып, барлық үйлерді аралап шығады. Тұрғындар оларды құрметпен қарсы алып, жұмыртқа, нан және картоп ұсынады. Содан соң жоралғыға қатысушылар ауылдың екінші шетіне барып, онда от жағып, оттың үстіне қазан қайнатып, түрлі тағамдар пісіреді. Тамақтың бір бөлігін марилер жерге көмеді – осылайша жерге сый тартады, қалған бөлігін өздері жейді. Бұл салт таңға дейін орындалады.Марилердің мәдениетінде «кандыра» деп аталатын (қазақша «арқан» деуге болады) дәстүрлі би бар. Әдетте бұл биге екі жігіт пен бір қыз қатысады. Біруақытта бірнеше жұп билеуге болатындықтан, бишілер ұзын, кейде бір километрге жететін тізбек құрып, билейді. Бидің бір элементі «тывырдык» деп аталады (бір орында тұрып, аяқтарды жылдам-жылдам басып, секіру). Бұл би мари халқының дәстүрлі музыкалық аспаптары – дабыл мен шувыр (волынканың бір түрі) сүйемелдеуімен орындалады. Марилердің ежелгі нанымы бойынша, осы дұға-биді орындаған кезде адамның бойынан бүкіл жаман энергиясы шығады-мыс.Марилерде халық емшілігі жақсы дамыған, ол ғарыштан берілген өмірлік күш, құдайлардың еркі, сиқырлы дуа, тіл-көз, жын-перлер, қайтыс болғандардың жаны туралы наным-сенімдерге негізделген.

Дәстүрлі тағамдар

Мари халқының ежелден қалыптасқан дәстүрлі тағамдары көптеген ғасырлар өтсе де, өзіндік ерекшеліктерін жоғалтпаған. Негізінен марилер тағамдарды табиғат берген сыйдан, яғни орман, шалғын, өзен-көлдерден алынған өсімдіктерден және жан-жануарлардың етінен жасайды. Ежелгі марилер тұрақтарының төңірегінен тапқан өнімдерден ас пісіретін болған. Атап айтқанда, олар жеміс-жидектерді, саңырауқұлақтарды, тағы аңдардың етін, түрлі шөптерді және балды тамаққа пайдаланған. Марилер бұғы мен бұлан, аю мен қоян етімен қатар тиін мен жапалақ, кірпі немесе сұр жылан етін де тамаққа қолдана беретін. Кейіннен, егіншілік, көкөніс егу дамыған соң мари халқының дәстүрлі тағам жасау өнері дәнді дақылдар, картоп және басқа да көкөністер қосылған тағамдармен байытылды.Уақыт өте келе Марий Эл тұрғындарының аспаздық дәстүрлері өзгеріске ұшырағанына қарамастан, бүгінде марилер дастарқанға көбінесе ет, саңырауқұлақ, көкөністер және балық сорпаларын тартады және олардың кейбіреулері дәстүрлі орыс тағамдарына ұқсас болып келеді. Дегенмен, марилердің дәстүрлі аспаздығында бүрген қосылған тәтті көже, «серетан щур» деп аталатын қымыздық және тағы басқа көкөністер қосылған көже сияқты өзіндік тағамдары да бар.Марилердің кең тараған дәстүрлі тағамы − «подкоголи». Бұл тағам қарапайым вареники тағамына ұқсайды, және оны «үлкен тұшпара» деп атауға да болады. Оны жұқа жайылған тұщы қамырдан жасайды, ал ішіне туралған ет, картоп немесе сүзбе қосады. Сонымен қатар «сокта» деп аталатын шұжық та кең тараған тағам. Бұл шұжыққа туралған ет пен май, кейде дәнді дақылдар салынады, ал дастарқанға ол көкөністермен, картоппен тартылады.Мари халқының балықтан жасалған тағамдарының да дәмі ерекше. Атап айтқанда, оларға нәлімнен жасалған фрикаделькалар қосылған сорпаны немесе шоқыр балықтың еті мен мүкжидек, қияр, картоп және алмадан жасалып, қаймақ пен ақжелкеннен дайындалған арнайы тұздық қосылған салатты жатқызуға болады. Марилердің дастарқанында міндетті түрде түрлі тіскебасарлар, мысалы, тұздалған қияр мен саңырауқұлақ, буға пісірілген тарна, алма, қызылжидек тағы басқа да жидектер болады. Бірінші және екінші тағамдарға дәмдеуіштер мен тұздықтар сирек қосылады. Мари тағамдарына тән ерекшелік – олардың қышқылтым, тұздылау болатыны.Марилердің тағамдары ішінде ерекше орынды нан-тоқаш өнімдері иеленеді. Олар дастарқанды түрлі қаусырмалармен, құймақпен, таба нанмен және басқа да тәтті тағамдармен толтырады. Марилердің ерекше тәтті тағамы − коман-мелна, бұл үш түрлі құймақтан жасалған қаусырма. Ол құймақты сұлы ұнына айран және бидай ұны мен жұмыртқа қосылып жасалады. Құймақтың ішіне картоп, сұлы, бидай, ұнтақ жарма, сүзбе орап салуға болады. Марилердің дәстүрлі нан-тоқаш өнімдерінің ішінде кең тарағаны − «катлама», яғни картоп пюресімен жасалып, сора дәні қосылған қаттама нан. Марилердің дәстүрлі сусындарына қызылша квасы, яғни қызылша, жүзім, уыт және ашытқы қосып жасалған квас жатады. Марий Эл елі жидектерден бал қосып немесе қоспай өте дәмді морстар жасайды. Сонымен қатар хош иісті шөптерден бал қосып жасаған сусынды пайдаланады. Ал сүзбе, тұз және судан жасалған сусынның да дәмі ерекше, ол міндетті түрде алдымен біршама уақыт ашып тұрады, содан соң ғана оның дәмін татып көруге болады.

Киімдері

Мари ұлттық костюмі – халықтың өзіндік ерекше мәдениетінің аса айшықты көріністерінің бірі, ол халықтың этникалық сәйкестігінің бірден-бір символы болған. Халықтың киім киісінде адамдардың жыныстық және жас айырмашылығы, адам тәнінің сұлулығы, жеке басының тазалығы, адамгерлішік сыпайылығы, қолайлылық, марилердің адам өмірін қамтамасыз етуде мақсатқа сәйкестік қағидасын ұстануы, сонымен қатар отанасының еңбекқорлығы мен шеберлігі туралы ұғымдары көрініс тапқан.Костюмді кию тәсілдері мен нормалары табиғи-климаттық, әлеуметтік-экономикалық, тарихи жағдайларға, халықтың діни және эстетикалық ұстанымдарына байланысты болған. Сонымен бірге әрбір адам киім киісімен өзіндік тұлғалық ерекшілігін білдіруге талпынған.Марилердің ерлерге және әйелдерге арналған дәстүрлі костюмі жейдеден, шекпеннен, шалбардан, салпыншақты белбеуден, бас киімнен, былғары аяқ киімнен немесе жүннен не кенептен тоқылған шұлғаумен киілетін жөкеден тоқылған шабатадан тұрады. Әйелдер костюмінде мойынға, кеудеге, белге тағылатын әшекейлер («шийдарман»), сақиналар мен білезіктер тағылады.Марилер дәстүрлі костюмді үйде тоқылған кенептен (вынер), сирек жағдайларда – зығырдан, шұғадан (ыштыраш) және жартылай шұғадан (межтореш, понитка), иленген аң терісінен, жүннен тігетін болған.Ерлер майдагерлік кәсіпшілікпен айналысқандықтан, олардың костюміне орыс костюмінің ықпалы тиген. Ерлердің дәстүрлі ет жейдесі (тувыр, тыгыр) ұзын етекті, қысқа жеңді үлгіде (туника тәріздес) тігілген. Екі бүктелген матаның екі жағы жейденің алды мен артын құрайтын, оған бүйірлерінен тік бұрышты мата кесінділерін тік бұрыштап тігіп, астына тік бұрыштап ендірме тігілетін. Жейденің кеудесі, арқасы, жеңдерінің ұшы және етегі кестеленетін болған.

Дәстүрлі үйлері

Марилердің тұрғын жайлары − ағаштан қиып жасалған, екі жағы да құламалы шатырлы үй (порт), олар екі бөлмелі (үй мен ауыз үй) немесе үш бөлмелі (екі үйдің арасында ауыз үй) түрінде болған. Орыс пешінің алдына шағын ғана пеш (под) салынатын, асүй қосымша қабырғамен оқшауланатын (кыдеж), алдыңғы және бүйір жақ қабырғаны бойлай сәкілер (олымбал) қойылатын, алдыңғы бұрышта – ағаш үстел мен орындықтар (пюкен), иконалар мен ыдыс-аяқтарды қоятын сөрелер, кіре беріс есіктің бір жағында ағаш кереует немесе сәкі қойылып, терезенің жоғарғы жағына кестелі сүлгілер ілінетін болған. Шығыстық, әсіресе Каманың бойындағы, марилер үйлерінің интерьері татарлардікіне ұқсас болып келген (алдыңғы қабырғаның жанына кең сәкі қойылып, асүйді оқшаулайтын қабырғаның орнына шымылдық ілінетін т.с.с.).Жазғы кезеңде марилер «кудо» деп аталатын жазғы асүйге көшетін – ол топырақ еденді, төбесі жоқ, бірақ бір жағына не екі жағына қарай құламалы шатырлы ағаш бөлме болған, қабырғаларында түтін шығатын саңылаулар қалдырылатын. Кудоның ортасына үстіне қазан ілінетін ашық ошақ жасалатын. Сонымен қатар марилердің үй-жайына азық-түлік сақтайтын орын (клеть), жерқойма, мал қора, қора, монша кіретін. Көбінесе қосқабатты қоймалар кең тараған, олардың екінші қабатындағы балкон-галереясы киім-кешек пен шаруашылық заттарын сақтайтын, ал жаз кезінде түнеуге орналасатын жер болған.

Этномәдени орталықтары

Қазақстан халықтарының бірлігі күні қарсаңында, 2015 ж. 30 сәуірде Қазақстан Республикасының Павлодар облысында Қазақстан халқының Ассамблеясы құрамында фин-угор этномәдени орталығы құрылды, оның төрайымы − Ольга Николашина.

Бүгінде фин-угор этномәдени бірлестігі 29 ағайынды халықтардың өкілдерін қамтиды, оларға: бесермян, венгр, вепс, водь, выру, ижор, ингерманландец, карел, квен, коми, коми-зырян, коми-ижем, пермяк, коми-пермяк, коми-язьвин, лив, мадьяраб, манси, мари, мордва, саам, секей, сету, чангош, удмурт, финн (суоми), ханты, эстон және ясы халықтары жатады.  

Орталықтың өз шығармашылық ұжымдары, атап айтқанда: «Самрұқ» хореографиялық ансамблі, «Эсьне» (мокша тілінен аудармасы «Отбасы») отбасылық вокалды ансамблі, «Ошмес» (удмурт тілінен аудармасы «Бұлақ») вокалды триосы, «Пайрем» (мари тілінен аудармасы «Мейрам») вокалды триосы бар.

Орталықтың басым мақсаттары мен міндеттері: ең алдымен фин-угор тілдері мен мәдениеттерін жаңғырту және дамыту, шығармашылық ұжымдардың репертуарын іріктеп, оларға костюмдер тігу, Қазақстан халқын фин-угорлық ұлтар мен ұлыстардың салт-дәстүрлерімен таныстыру болып табылады. 

Қызмет атқарып жүрген уақыт ішінде орталық Омск қаласының, Мордовия Республикасы Саранск қаласының, Коми Республикасы Сыктывкар қаласының, Финляндия Республикасы Лахти қаласының, Алматы қаласындағы карел-финдік «Суоми» орталығымен байланыс түзді. 

Бөрлі ауданында 2016 жылы фин-угор халықтарының «Ялгат» атты этномәдени бірлестігі облыста алғашқы, ал республикада екінші болып тіркелді (төрағасы Владимир Будник), оның атауы эрзя (мордва субэтностарының бірі) тілінде «достар» дегенді білдіреді. 

Әлемдік көлемде алғанда, фин-угор халықтарының орталығы Финляндияның астанасы Хельсинки, ал Ресей көлемінде Саранск қаласы болып табылады. 

Қазақстанда 16 тамыз күні Фин-угор халықтарының ұлттық мәдениеті күні аталып өтеді. 

 

Бөлісу:
(Суреттер: Ашық ғаламтор көзінен алынды) Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға