Жаңалықтар

Марат Қарабаев қытайлық әріптесімен кездесті

Марат Қарабаев қытайлық әріптесімен кездесті
Фото: Көлік министрлігі 26.09.2023 22:15 899

Көлік министрі Марат Қарабаев Бейжің қаласында өткен Жаһандық көлік форумында сөз сөйлеп, Қытай Халық Республикасының көлік министрі Ли Сяопэнмен кездесті, деп хабарлайды El.kz ақпараттық агенттігі.

Көлік министрі бастаған қазақстандық делегация Бейжің қаласында өткен Жаһандық көлік форумына қатысты. Министр өз сөзінде Қытайды Еуропамен байланыстыратын Транскаспий халықаралық көлік маршрутының әлеуетін одан әрі артырудың маңыздылығын атап өтті. Қабылданған шаралардың нәтижесінде таяу жылдары Транскаспий халықаралық көлік маршруты бойынша тасымалдау көлемін 5 еседен астам ұлғайту жоспарланып отыр.

Ведомствоның баспасөз қызметінің мәліметінше, пленарлық сессияда сөз сөйлеген Марат Кәрімжанұлы елімізде көлік-логистика саласын, автомобиль жолдары мен авиацияны дамыту бойынша жүргізіліп жатқан жұмыстар туралы егжей-тегжейлі айтып берді. Сонымен бірге Сиань қаласында логистикалық орталық құрылысының іске қосылуы, «Бақты - Аягөз теміржол желісінің құрылысы» жобасын іске асыру бойынша жұмыстардың басталуы да сөз болды.

Аталған форум шеңберінде Орталық Азия мен Қытай Халық Республикасы көлік министрлерінің алғашқы кездесуі ұйымдастырылды. Кездесу барысында еліміздің көлік саласына жетекшілік ететін Марат Қарабаев шетелдік әріптестеріне қолданыстағы көлік нысандарына жаңа серпін беру және жаңа жобалар есебінен қуаттылықты одан әрі кеңейту бойынша жоспарларын айтып берді. Сондай-ақ теміржол, логистика мен әуе терминалдарын кеңейту саласында және автомобиль жолдарының құрылысындағы өзара ынтымақтастықты көздейтін өзекті бағыттар ұсынылды, - делінген мәліметте.

Министрлер кездесуінің қорытындысы бойынша өзара түсіністік туралы меморандумға қол қойылды. Аталған құжат «Қытай – Орталық Азия» көлік министрлері кездесуін ұйымдастыру тетіктерін ойластырып, көлік саласындағы ынтымақтастықтың басым бағыттары мен негізгі міндеттерін айқындауға мүмкіндік береді деп күтілуде.

Форум аясында ҚХР көлік министрі Ли Сяопэнмен екіжақты кездесу өткізіліп, көлік-логистика, автожол және авиация салаларының негізгі бағыттары бойынша нақты мәселелер талқыланды. Келіссөздер барысында екі тарап Транскаспий халықаралық көлік маршрутын дамыту жөніндегі үкіметаралық келісімге қол қою барысында айтарлықтай жұмыс атқарылғанын атап өтті.

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға