Жаңалықтар

Марат Қарабаев Көлік министрлігі көлеңкелі бизнес тарапынан қысым көріп жатқанын айтты

Марат Қарабаев Көлік министрлігі көлеңкелі бизнес тарапынан қысым көріп жатқанын айтты
Фото: Көлік министрлігі 03.03.2024 08:15 754

Бұл туралы көлік министрі Марат Қарабаев Қонаев қаласында облыс тұрғындарымен кездесу барысында айтты, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.

Жүк автотасымалдау саласының өкілдері жүк автомобильдерінің артық салмағын бақылауды күшейтуді және халықаралық жүк тасымалдарын жүзеге асыру үшін шетелдік рұқсат бланкілерін беру жүйесіндегі әділетсіздік мәселелерін талқылауды ұсынды.

Өз кезегінде министр ведомство тарапынан жақын арада шетелдік рұқсат бланкілерін заңсыз қайта сатуға тосқауыл қойылатыны туралы айтты.

Аталған механизмнің айналасында көлеңкелі бизнеске жол берілді. Бланкілерді сату комитет қызметкерлері тарапынан емес, біркөлік компаниясының екіншісіне сатуы арқылы жүзеге асады. Алматыда екі рет ашық талқылау өткіздік. Әдетте жылдың басында барлық бланкінің 50 пайызын алатын адамдар тағы алғылары келеді. Әлбетте, бұл дұрыс емес. Сондықтан біз әдістемені өзгерткіміз келеді, - деді көлік ведомствосының басшысы.

Оның айтуынша, бірінші кезекте министрлік басымдық принципін жояды, осылайша бланкілерді тек нақты жүгі бар кез келген адам ала алады. Оған қоса, бланкілерді қайта сатуды болдырмау үшін рұқсат қағаздары жеке атаулармен берілмек.

Ұзақ уақыт бойы көлеңкелі нарықта жүрген адамдардың қолға алынған бұл шаралармен келіспейтіндіктері түсінікті, әрине. Алайда бастаған жұмысты соңына дейін жеткізуге ниеттіміз. Себебі қай істе болсын тәртіп болуы керек. Бланкілерге шағын, орта және ірі компаниялар тең, яғни барлығы бірдей қолжеткізе алуы керек, - деп атап өтті М.Қарабаев. 

Азаматтарды қабылдағаннан кейін министр Үлкен Алматы айналма автомобиль жолы жұмысымен танысып, «Алматы – Ұзынағаш» жол учаскесіне барды. Бұдан әрі Көлік министрлігінің басшысы Шамалған станциясын айналып өтетін автожол учаскесін қайта жаңарту жұмыстарының барысын бағамдап қайтты.

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға