Жаңалықтар

Маралдыдағы фабрика дауы: соңғы нүктені комиссия қоя ма?

Маралдыдағы фабрика дауы: соңғы нүктені комиссия қоя ма?
Фото: ©El.kz/Қуан СЕЙІТ 11.06.2024 13:07 669

«Тау-тасты қопарып, табиғатты бүлдіруге, өзен-суды ластауға жол бермейміз» дейді Маралды ауылының тұрғындары. Ал алтын өндіруші компания болса кен өндіру технологиясы қоршаған ортаға ешқандай зиян тигізбейтінін, экологиялық талаптарға сай екенін айтып отыр. Құзырлы мемлекеттік органдар да инвестордың жобасы еліміздің заңнамаларына қайшы келмейтінін, тиісті тексеруден өтіп, жер қойнауын игеруге рұқсат алғанын мәлім етті. Біздің тілші Шығыс Қазақстан облысы, Күршім ауданы, Маралды ауылындағы алтын өндіру фабрикасының айналасында болып жатқан мәселенің мән-жайын анықтауға тырысқан еді.

Халық неге наразы?

Сонау елдің шеті, желдің өтіндегі алақандай ауылдың халқы екі жылдан бері аттан түспей келеді. Маралды тұрғындары ауыл іргесіндегі тау басында салынып жатқан алтын өндіру фабрикасының құрылысына үзілді-кесілді қарсы шығып, наразылық білдіруден бір танған емес. Әлі сол ұстаным  Маралдылықтарды мазалайтын екі үлкен мәселе бар, бірі – цианид, екіншісі – кенді ашық әдіспен өндіру.

Бағалы металды топырақтан ажыратып алу үшін цианид қоспасын пайдалану қауіпті, жаман айтпай жақсы жоқ, ертеңгі күні улы химиялық сұйықтық өзен-суға қосылса Маралдыны ғана емес, жарты әлемді ластайды дейді жұрт. Жарты әлем деген сөздің жаны бар. Маралдының маңындағы сай сала сылдырап аққан бұлаққа бай. Кен қазатын аумақта да бастаудың көзі көрініп жатыр. Осы бұлақтар жиналып келіп Маралды өзеніне құяды, одан барып күркіреп аққан Күршімге қосылады, ары қарай Ертістің де алабы алыс емес. Сөйтіп ақыр соңында Мұзды мұхиттан бірақ шығады. Бұл – бір.

Маралдыдағы фабрика дауы: соңғы нүктені комиссия қоя ма?©El.kz/Қуан СЕЙІТ

Екіншіден, тау-тасты жарып, жердің астаң-кестеңін шығарған компания осы аумақта өсетін Қызыл кітапқа кірген таушымылдық, рауағаш сияқты сан алуан өсімдікті тып-типыл етеді деп қорқады.

Айтудай-ақ айтып келеміз. Фото-видеоға да түсіріп, кеніш аумағында Қызыл кітапқа енген таушымылдық, рауағаш сияқты өсімдіктердің түр-түрі өсіп тұрғанын көрсетіп, дәлелдедік. Бұл өсімдіктерді қарапайым адамдар жұлса аямай айыппұл салады, ал кен өндіруші компания осы жерді қопарып, жұмыс істеп жатыр. Бұл қалай? Ертең алтын өндіріп болған соң инвестор кетеді де қалады. Бүлінген табиғатты кім қалпына келтіреді. Осы жерде біз қаламыз, тау мен тас, өзен-су бізге қымбат. Оны аялап, сақтауымыз керек. Кейінгі ұрпаққа не қалдырамыз бәрін қиратып тастасақ? Сол сияқты ауылда оннан астам ара шаруашылығы бар. Өзім де ара ұстаймын. Жалпы, Маралдының балын бәрі біледі, сапасы өте жоғары. Шетелден арнайы келіп алып кетеді. Ал алтын фабрикасының жұмысы осы омарташылыққа да кесірін тигізе бастады. Тау-тасты дүңкілдетіп жарған кезде қатты дауыстан сескенген аралар қыстан дұрыс шықпай, көбі өліп қалады, – деген ауыл тұрғыны Әділ Қожақов ертеңгі күні цианид буланып ауаға тарап, гүлге қонса араларға да зияны тиюі мүмкін екенін айтты.

Сонымен қатар кен өндіретін аумақта бұған дейін ауылдың малы жайылған. Ертеректе совхоздың отар-отар қойы да осы төңіректе бағылғанын жеткізді жергілікті жұрт. Төрт түліктің өрісін қойып, түздің аң-құсы да бұл маңнан қарасын батырғалы қашан. Қалай дүрсілдетіп тау-тасты жара бастады, солай жабайы жануарлар да мекенін тастап ауып кеткен деседі. 

Алтын қазушы кәсіпорынның жұмысына наразы жұрт ашық жиын түріндегі қоғамдық тыңдауларға да қатысқан, пікірлерін айтқан. Олардың сөзіне құлақ аспаған соң кейінгі тыңдауларға қатысудан бас тартып, бойкот жариялапты.

Ауыл тұрғындары фабриканың салынуына қарсы. Осы қарсылығымыз үшін ізімізге түсті. Құқық қорғау қызметкерлері үйімізге дейін тінтіп, телефонымды алып кетті. Әкімдікке шақырып алып сұрақтың астына алды. Меніңше мұның бәрі халықтың фабрика құрылысына қарсылығын тоқтату үшін жасалып жатқан қысым деп ойлаймын, – деді тағы бір тұрғын Жанат Кәрібаева.

Ауыл тұрғындары айтып отырған қоғамдастықты құруға жергілікті әкімдіктің өзі түрткі болған.

Ұйым құрып, заң аясында жұмыс істеңіздер деп әкімдіктегілердің өздері айтты. Сосын біз ауыл әкіміне құжаттарды бекіттіріп, мөр алдық. Сөйтіп фабриканың жұмысын тексеруді бастадық. Анықтаған кемшіліктерді көрсетіп жоғары жаққа, оның ішінде министрлерге, депутаттар мен әкімдерге хат жолдадық. Алайда біздің қоғамдастық Әділет министрлігінде тіркелмеген соң полиция оның қызметін заңсыз деп тапты, - деп түсіндірді Маралды халқы.

Ауыл тұрғындары жауапты министрліктердің өкілдерімен, Парламент Мәжілісінің депутаттарымен, облыс әкімінің орынбасарларымен, басқармалардың басшыларымен және басқа да мамандармен кездесіп, талап-тілектерін айтқан. Халықтың тілегі – фабрика құрылысын тоқтату!

 

Инвестордың айтар өз уәжі бар

Маралды ауылының іргесіндегі алтын фабрикасын «ВСАМ Продакшн» компаниясы салып жатыр. Компания директоры Марат Аусабаев зауытты салудан бастап кен өндіруге дейінгі барлық құжаттар бейінді министрліктердің тексеруінен өткенін, бәрі заң талаптарына сай келетінін мәлім етті. Бұған қоса тәуелсіз сарапшылар мен құзырлы органдар тарапынан да қаншама рет тексеру жүргізіліп, ешқандай заңбұзушылық табылмағанын айтты.

Кен өндіру барысында болуы ықтимал қауіп-қатерлерді анықтау үшін жүздеген тексеру жүргізілді. Бірақ бірде-бір заңсыздық анықталмады. Ал алтын өндіруде қолданылатын цианид қоспасына келсек, ондай технология әлемнің көптеген елінде қолданылады. Біз де сол технологиямен жұмыс істейміз. Қауіпсіздік талаптары толық сақталады. Цианид ағып кетіп, өзен суына қосылады деген сөзді фабриканың құрылысына қарсы адамдар айтып жүр. Фабрикада барлық қауіпсіздік техникасы қатаң сақталған. Бізде техногендік апаттан қорғайтын екі сатылы қорғаныс бар, егер техника істен шыққан күннің өзінде жағдай бақылауда болады. Ерітінді қалай десек те Маралды өзеніне жетпейді, – дейді «ВСАМ Продакшн» компаниясының директоры Марат Аусабаев.  

Кәсіпорын басшысының айтуынша, фабрика құрылысын тоқтатуға ешқандай негіз жоқ. Жобада су нысандарын қорғаудың барлық шаралары қарастырылған. Соттың шешімі бойынша да фабрика салуға рұқсат берілген. Оның үстіне компанияның қызметін құзырлы органдар мен жергілікті билік те жіті қадағалап отыратынын жеткізген. Қандай да бір заңбұузышылық анықталса зауыт жұмысы бірден тоқтатылады.

Маралдыдағы фабрика дауы: соңғы нүктені комиссия қоя ма?©El.kz/Қуан СЕЙІТ

Ауылды жерде үлкен бір өндіріс орнының ашылуы жергілікті халықтың тұрмысына, әлеуметтік жағдайына да оң әсер ететіні түсінікті. Бұл жобаның іске асырылуы сондай-ақ алтынды бұрыннан бері жабайы әдіспен өндіріп келген «қара қазушылардың» көлеңкелі бизнесіне тосқауыл болмақ.

Біз бизнестің әлеуметтік жауапкершілігі аясында жергілікті тұрғындарға қолдау көрсетеміз. Оның сыртында келісірмшарт бойынша мойнымызға алған міндеттемелер бар. Мәселен, Қойтас ауылындағы ескі көпірді қайта жаңартуды, жергілікті мектепті материалдық-техникалық жарақтандыруға қаражат бөлуді, ауылдық округ түлектерін жоғары оқу орындары мен колледждерде оқытуды жоспарлап отырмыз, – деген болатын қоғамдық тыңдаулардың бірінде Марат Аусабаев.

Кәсіпорын медицина мекемелерін жөндеу, мүгедектерге тұрғын үй алып беру сияқты әлеуметтік міндеттемелерді де мойнына алып отыр екен.

 Серіктестік басшылығы ауыл тұрғындары айтып жүрген Қызыл кітапқа енген өсімдіктердің кеніш аумағында өсіп тұрғанын растады және оларға қорғайтынын айтты. Ал тау-тасты жарған кезде пайда болатын шаң ауылға жетпей ауаға тарап кететінін, сондықтан халық зиян шекпейтінін айтты.

Халық жалған ақпаратқа сеніп, дүрлігіп жүр. Бәзбір адамдар өздерінің қарсылығын көрсету үшін жалған ақпарат таратып, бүкіл елді шулатып қойды. «Өзендерді ластап, тау-тасты түгел құртпақшы екен» деп дабыл қағып жатыр. Мұның бәрі жалған және ол мүмкін емес, – дейді «ВСАМ Продакшн» компаниясының директоры.

Экологтар не дейді?

Ресми ақпаратқа сүйенсек, Маралдыдағы алтын өндіру фабрикасы Өнеркәсіп және құрылыс министрлігімен жасалған шарттар аясында жұмыс істейді. Құрылыс экологиялық рұқсатнама негізінде жүргізіліп жатыр.

Маралдылықтардың өтінішімен арнайы жұмыс топтары құрылып, прокуратура органдарымен бірлесіп кен орнында тексеру жүргізді. Барлық талаптар қаперге алынды. Су бойынша ешқандай заң бұзушылық табылған жоқ. Ауыл халқы кеніш басындағы бұлақ үшін алаңдаушылық білдірген. Ол жерге су қорғау белдеуін орнату бойынша жоба әзірленіп, Ертіс бассейндік инспекциясымен келісілді. Барлық су қорғау белдеулері ескерілді. Қорғаныс шептері орнатылды, – деп түсіндірді Шығыс Қазақстан облысының экология департаменті экологиялық реттеу бөлімінің басшысы Наталья Гожеман.

Маралдыдағы фабрика дауы: соңғы нүктені комиссия қоя ма?©El.kz/Қуан СЕЙІТ

Облыстық табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасы басшысының орынбасары Еламан Мұхтарханов тұрғындар бойкот жариялап жүрген қоғамдық тыңдаулар тек тараптардың пікірін біліп, талап-тілектерді ескеру үшін өткізілетінін айтты.

Экологиялық кодекстің 96-бабы, 1-тармағына сәйкес мемлекеттік экологиялық сараптама басталғанға дейін немесе оны жүзеге асыру кезінде қоғамдық тыңдаулар өткізу міндетті. Қоғамдық тыңдаулар – жергілікті тұрғындар мен жер қойнауын пайдаланушылар арасындағы диалог. Осы жиында қос тарап өздерінің ұсыныс-пікірлерін айтуға мүмкіндік алады. Оның бәрі хаттамаға тіркеліп, жазылып алынады. Алайда мынаны ұмытпау керек, қоғамдық тыңдауларда ешқандай түпкілікті шешім қабылданбайды, – деген Еламан Мұхтарханов Маралды ауылындағы алтын өндіру фабрикасы құрылысының жобасы бойынша 2020 жылдан бері 11 қоғамдық тыңдау өткенін мәлім етті.

Маралды халқының алаңдаушылығын туғызған цианид қоспасын қолдану технологиясы туралы мамандар БАҚ өкілдерімен болған кездесуде талдап отырып түсіндіріп берді. Олардың айтуынша, жабық цехтағы химиялық сұйықтықтың табиғатқа, адамдарға зияны жоқ ешқандай зияны болмайды.  

Жалпы, цианид қоспасы арқылы алтын өндіру технологиясын Қазақстанда ойлап тапқан жоқ, бұл тәсіл өткен ғасырдың ортасынан бері әлемнің Австралия, Оңтүстік Африка қатарлы көптеген елінде кәдеге жаратылып келеді.

Цианидті пайдаланудың арнайы технологиясы бар. Оны ешкім ашық қолданбайды. Маралдыдағы алтын өндіру фабрикасында цианид жабық цехта су, белсендірілген көмір және басқа да заттармен араластырылып қоспа ретінде дайындалады, содан кейін оны құбыр арқылы кенге құяды. Ал кеннің өзі ені 4 метр болатын дамбының ішінде жабық аумақта сақталады және ол 250 мың тонна мөлшерінде. Жабық жерде сақталған кеннің астында жерасты сулары ластанудан қорғайтын арнайы экран болады. Ол экран қалыңдығы 30 см бетомата тақталардан тұрады. Оның үстінде арнайы геомембрана төселеді. Жобалық шешімде оның қалыңдығы 0,8 мм деп көрсетілсе, Маралдыдағы кәсіпорында қауіпсіздікті арттыру үшін оны 1,5 мм-ге дейін қалыңдатқан. Қорғаныш қабаты екі есеге дейін қалыңдады. Содан кейін ең жоғарғы қабатына топырақ жайылады. Топырақтың бетінде кен жатады. Кенге құйылған цианид қоспасы бірнеше қабаттан өтіп болғанша құрамына алтынды жинайды да, ең түбіне жеткенде кері қарай цехқа жабық құбырмен жөнелтіледі. Осылайша су көздері мен қоршаған ортаны ластанудан қорғау үшін фабрикада тұйық шеңберлі өндіру әдісі жүзеге асырылады. Айталық, фабрика мен сілтісіздендіру алаңының ортасында өндірістік су айналмалы жүйеде жүреді. Бүкіл өндіріс цехтың ішінде, жабық түрдегі арнайы құрылғылардың ішінде жүреді. Сондықтан цианидтің өзенге немесе жерасты суларына қосылуы мүмкін емес, – деп түсіндірді эколог Дәулет Асанов.

Эколог фабрикада сұйық қалдықтар болмайтынын айтты. Егер қандай да бір төтенше жағдай туындай қалса, кәсіпорындағы цинаид қоспасы арнайы шұңқырға ағызылады, онда да технологиялық қауіпсіздік қатаң сақталған. 

Деректерге ден қойсақ

Маралды халқының саны 2001 жылы 1312 болса, қазір барлығы 476 адам қалған. Оның ішінде 92-сі – зейнеткер, 21-і көпбалалы отбасы және атаулы әлеуметтік көмек алатын жанұялар бар. Алтын фабрикасы болашақта 295 адамды тұрақты жұмыспен қамтамасыз етуге дайын. Жергілікті биліктің пікірінше, кәсіпорын салынса көші-қон тоқтап, адамдар жұмыс тауып, жақсы жалақы алатын болады. Бұл өз кезегінде тұрғындарды әлеуметтік жағдайына оң әсерін тигізіп ғана қоймай, ауылдың дамуына да ықпалы етпек.

Маралдыдағы фабрика дауы: соңғы нүктені комиссия қоя ма?©El.kz/Қуан СЕЙІТ

Ауыл халқының азаюы мектептегі бала санының кемуіне де әсер етіп отыр. Үш жыл бұрын Маралдыда 126 бала болса, қазір 85 оқушы ғана қалған. 1993 жылы салынған мектеп ғимараты 600-ге дейін оқушыны сыйғыза алады.

Кейінгі үш жылда Маралды орта мектебінде балалар санының азаюы байқалады. Айталық, үш жыл бұрын 126 бала болса, былтырғы оқу жылында 105 болған. Қазір 85 бала бар. Оның ішінде 68 бала – 1-11-сынып оқушылары, қалғаны шағын орталықта тәрбиеленіп жатқан бүлдіршіндер. Халық ауылдан көше беретін болса енді бірер жылда Маралдыда ешкім қалмауы мүмкін, – дейді Шығыс Қазақстан облыстық білім басқармасының басшысы Иннеса Чернышева.

Ауылдағы тұрақты жұмыс орнының бірі – мектеп. Білім ошағында қазір 49 тұрғын еңбек етіп жатыр. Оның ішінде 24-і – педагог, қалғаны – қосалқы қызметкерлер.

Ресми ақпаратқа сүйенсек, Маралды ауылдық округі өз кірісінен 22 есе көп бюджет қаражатын алып отырған көрінеді. Мамырдың 1-і күнгі жағдай бойынша ауылдық округтің бюджеті 68,9 млн теңге болды. Мұның ішінде 3,2 млн теңге меншікті кіріс болса, қалған 65,7 млн теңге жоғарғы бюджеттен трансферт және мемлекеттен субвенция түрінде түскен қаражат.

Парламент Мәжілісінің депутаттары Мақсат Толықбай мен Ринат Зайытов маралдылықтармен кездесті. Кездесуде алтын фабрикасына қатысты мәселелер талқыланып, тұрғындар сұрағына жауап берілді.

Ең әуелі комиссия құрып, фабрикада цианид қоспасын пайдаланудың қоршаған ортаға зияны бар ма, жоқ па соны тексеру керек. – деп атап өтті Мақсат Толықбай, – Ол комиссияның құрамына экологтар мен жауапты министрліктердің өкілдері, сонымен қатар міндетті түрде жергілікті халықтың ішінен белсенді адамдар болуы керек. Егер, тексеру барысында фабриканың жұмысы шынымен де су көзін ластайтыны анықталса, онда кәсіпорынды тоқтату қажет болады. Өйткені адамдардың өмірі, халықтың денсаулығы бәрінен маңызды.  

Депутаттар ауыл жұртымен бірге кеніш басына барды. Тұрғындар сол аумақта өсіп тұрған Қызыл кітапқа енетін таушымылдық, рауағаш сияқты өсімдіктерді көрсетті.

Біздің Маралдыға келгендегі мақсатымыз осындағы жағдайды көзбен көріп, ауыл халқының талап-тілегін естіп қайту болатын. Біраз дүние айтылды, көп жайтқа қанық болдық. Енді осылардың бәрін тиісті министрліктерге жеткіземіз, - деді Парламент Мәжілісінің депутаты Ринат Зайытов.

Айта кетейік, облыс басшылығы тарапынан ауыл ішіндегі көше жолдарына асфальт төсеу, ауызсу тарту, әлеуметтік нысандарды жөндеу, мектептің материалдық базасын нығайту, маралдылық аналарды қалаға әкеліп медициналық тексеруден өткізу сияқты жұмыстар жүзге асырылып жаты. Алдағы уақытта Маралдыда жазда шағын футбол, қыста хоккей мұз айдыны болатын әмбебап спорт нысаны салынып, 1,6 шақырымға жарық тартылып және басқа да жұмыстар атқарылатын болады.

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға