Жаңалықтар

Марқакөл аңызы

Шығыс Қазақстанда Марқакөл деген табиғаты әсем көрікті жер бар.
22.10.2015 07:15 37264

Марқакөл аңызы

Шығыс Қазақстанда Марқакөл деген табиғаты әсем көрікті жер бар. Тіпті сонда республикамызда құрылған алтыншы мемлекеттік қорық орналасқан. Қорықта көптеген шипалық мәні бар жоғарғы сатыдағы өсімдіктер де баршылық. Жағалауын қайың, қарағай, шырша өскен орманды алқап алып жатыр. Балыққа бай (табан, сазан, аққайран, хариус, майқан, қарабалық, мөңке балық, т.б.), зоопланктонның 60 түрі кездеседі. Құстың ондаған түрі мекендейді. Ағаштар арасынан қоңыр аюларды, бұғыларды, түлкілерді, жабайы мысықтарды, маралдарды, құндыздарды, бүркітті, сирек кездесетін қызыл қасқыр, қара ләйлектерді және басқаларын көруге болады.Мұнда Марқакөл қорығы ұйымдастырылған.

Марқакөл – Шығыс Қазақстан облысында орналасқан әдемі көлдердің бірі. Көл Азутау және Күршім жоталарының аралығында, теңіз деңгейінен 1449,3 м биіктікте орналасқан. Суының мөлдірлігі мен көлді айналдыра қоршаған биік таулардың және әсем шыршалардың келбеті табиғатқа керемет көрініс береді.

Аңыздарға сүйенсек, Марқакөлдің атауы туралы да қызықты әңгімелер бар. Марқакөл қорығының табиғат байлығын, оның таңғажайып сұлу көрінісін қазақтың көрінекті жазушысы Ж.Аймауытов «Ақбілек» атты романында ерекше атап көрсеткен. Марқакөл көлін осы аймақтың інжу-маржаны деп атауға болады. Және, бұл мекенді көрген адам сұлу жер туралы аңызды да біле жүргені абзал.

(І нұсқа)

Ерте кезде көлдің орнында кең жазық дала болыпты. Бұл жерде алуан түрлі әсем жасыл шөптер өскен екен.

Оны жайлаған бір байдың жүйрік аты бір орнында тұра ал­май, қатты мазасызданыпты. Бір кезде су атқылап шығады. Атқылаған су шөптерді, ағаштарды басып, жоғары көтеріліп, тау баурайына дейін жетеді. Ауыл көшіп үлгере алмай, байдың бір көген қозы-марқалары су астында қалып қойыпты. Осыдан барып пайда болған көл «Марқакөл» деп аталыпты.

(ІІ нұсқа)

Бұл оқиға ертеде болған. Таулардың арасындағы жазықта кішкентай ғана таза бұлақ сылдырап ағып жататын. Әкесі мен ұлы бағатын қойлар осында су ішуге келетін. Олардың отарында бір кішкентай марқа қозы болушы еді. Бір күні сол қозы бұлақтан су ішуді ойлайды. Кенет оны су тарта бастайды. Мұны көрген бала марқаны құтқаруға жүгіреді. Бірақ қанша тырысқанымен шамасы келмейді. Содан соң көмекке әкесін шақырады. Олар екеулеп тартып жүріп, ақыры қозыны құтқарады. Сол кезде бұлақтан су атқылап кетеді де, бүкіл жайылымды басады. Сөйтіп, көл пайда болды. Содан бері бұл көл «Марқакөл» аталып кетті.


Әзірлеген: Досжан Мейірім

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға