Жаңалықтар

Мақсат Толықбай: Қожа Ахмет Яссауи кесенесіне жер астына кетіп қалу қаупі төніп тұр

Мақсат Толықбай: Қожа Ахмет Яссауи кесенесіне жер астына кетіп қалу қаупі төніп тұр
Фото: Уикипедия 20.04.2023 11:49 1773

Бүгін Мәжілістің жалпы отырысында депутат Мақсат Толықбай премьер-министрдің орынбасары Алтай Көлгіновке Қожа Ахмет Яссауи кесенесінің мүшкіл жағдайына қатысты сауал жолдады, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.

Мәжілісмен ЮНЕСКО-ның Бүкіләлемдік мұра тізіміне енген кесененің қабырғалары ылғал тартқандықтан, күмбездің беткі қабаты қопсып, тұзы шығып жатқанын айтады. Тіпті күмбездің бетіне қара дақтар пайда болған. Ал қызметкерлер туристердің төбесінен сылақ түсіп жүрмесін деп, Тайқазанның аумағын қызыл лентамен қоршап қоюға мәжбүр. Өкінішке қарай, абаттандыру жұмыстарына ғана ден қойған жергілікті әкімдіктен мамандар кеңесіне құлақ асар ешкім табылмай тұр.

Ғалымдардың айтуынша, кесененің әу бастағы жобасын ғылыми тұрғыда зерттеп алмай, жыл сайын реставрация жүргізу қыруар ақшаны далаға шашқанмен бірдей. Өйткені кесененің алдында тұрған кірпіштер мен астында ғасырлар бойы жатқан қамысты алып тастап, ол жерге жалтыраған бетон гранит тақталар қойған соң ылғал тартып жатқанын айтады. Сондай-ақ күмбездегі тесіктерді бітеп қана қоймай, ішкі жағын қалың гипспен бес елідей етіп жапқан, - делінген сауалда.    

2021-2022 жылдары аталмыш кесенеге зерттеу-сараптау жұмыстарын жүргізілген. Нәтижесінде «Қазқайтажаңғырту» республикалық мемлекеттік кәсіпорны тарихи нышанның жағдайын «қанағаттанарлық» деп қана бағалаған. Сондықтан, мәжілісменнің айтуынша, бұл олқылықтың алдын алмаса, Қожа Ахмет Яссауи кесенесіне жер астына кетіп қалуы әбден мүмкін. Толықбай Үкімет басшысының орынбасарынан Түркістандағы сапасыз құрылыстарды реттеуді қолға алуды сұрады.

Кесененің айналасындағы сапасыз, олқылықтары көп құрылыстарды кешіктірмей реттеуге және кесенеге төнген қауіптің алдын алуға назар аударуыңызды сұраймын. Ол үшін Үкімет кешенді жұмыс жоспарын әзірлеп, кесенені қалпына келтіруге қажетті қаражатты бөліп, жұмыстың орындалу барысын әр тоқсан сайын «AMANAT» фракциясының алдында баяндап, есеп берулеріңізді сұраймыз, - деді Толықбай.

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға