Мақсат Толықбай өңірлердегі баспана мәселесін шешуді сұрады
Мәжіліс депутаты Мақсат Толықбай ауылдар мен моноқалаларда баспана мәселесі тежеліп тұрғанын айтты, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.
Мәжілісмен ауылдық жерлерде, моноқалаларда шешілмеген үлкен мәселе барын айтты. Бұл – тұрғын үй салу.
Қай өңірге барсаң да жастардың бірінші айтатын мәселесі – баспана. Баспана болмаса, білікті мамандарды ауылдық жерлерде қалай ұстап қаламыз? Елдің барлығын Астана мен Алматыға жинамаймыз ғой. Бұл жақта да жағдай жетісіп тұрған жоқ. Не балабақша жетіспейді, не мектеп жетіспейді. Орталықтандырылған жылу жүйесіне қосылған тұрғын үйлерді өңірлерде де көптеп салуымыз қажет. Соңғы кездері құрылыс тоқтап қалды. Құрылыс субсидияланған жоқ. Жұмыс қарқыны өте төмен, - деді депутат.
Ауылдағы тұрғын үйлерді қолдау үшін депутаттар заңнамалық деңгейде жағдай жасап бергенін атап өтті. Сондай-ақ Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігінен заңнаманы жүзеге асыру үшін қандай жоспары барын сұрады.
Қазіргі уақытта ел бойынша 10 703 отбасы тұрғын үймен қамтамасыз етіледі. Бұл арендалық тұрғын үй шеңберінде. Ал несиелік тұрғын үй шеңберінде 12 095 пәтер беріледі. Ауылдық жерлерде сумен қамтамасыз ету мәселесі бойынша 2025 жылға дейін 100 пайыз қамту жоспарланып отыр. Оның ішінде ауылдық елді мекендер қазіргі уақытта 94,5 пайызды құрап отыр. Ал қалаларда 98,5 пайызды құрап отыр, - деп жауап берді индустрия және инфрақұрылымдық даму вице-министрі Азамат Бейісбеков.