Жаңалықтар

Мақпал Жүнісоваға хит ән жазған танымал композитордың бүгінгі тағдыры туралы не білеміз?

Мақпал Жүнісоваға хит ән жазған танымал композитордың бүгінгі тағдыры туралы не білеміз?
Фото: ©El.kz/Эльмира Жапарбекқызы 18.04.2023 11:51 12362

Қазақстанның халық артисі Мақпал Жүнісованың екінші тынысын ашып, басына түскен қайғылы жағдайдан кейін есін жинап, киелі сахнаға қайта оралуына себепкер болған «Қазақтың ерке қызымын», «Мен анамын» деген әндер еді. Ал сол әндердің авторы кім екенін білеміз бе? Талай эстрада жұлдыздарының бағын жаққан әндер жазған композитордың тағдыры неге ешкімді алаңдатпайды? El.kz  ақпарат агенттігінің Шымкенттегі тілшісі Мұхит Қасқырбаевтың үйінде болып, сұхбаттасып қайтты.

Айта кетейік, Мұхит Қасқырбаев 1968 жылы Шымкент қаласында өмірге келген. 11 жылдық мектепті Спатаев атындағы №7 мектеп-лицейінде тәмамдап, кейін Оңтүстік Саз колледжін бітірген. Қазіргі таңда жұбайы, 2 ұлы мен 2 немересі бар.

Мақпал Жүнісоваға хит ән жазған танымал композитордың бүгінгі тағдыры туралы не білеміз?

Ол Мақпал Жүнісовадан бөлек, Дәурен Сейітжановтың тағдырынан сыр шерткен «Ақ қайың» мен «Қайран өмір», әр мерекеде тұсаукесер әнге айналған «Жігіттер» квартетінің «Мереке» сынды халыққа танымал біраз әндердің авторы. «Думансыз» өтпейтін думандарда гитара тартып, «Гүлдерде» өнер көрсеткен сазгер Мұхит Қасқырбаевтың есімін бірге жүрген достары неге ұмытты? Басына түскен қиындықтармен қалай күресіп жүр? Ел медицинасы нақты диагноз қоя алмайтын әлжуаз сала ма? Композитор сұрақтардың жауабын тілшімізге ашып айтты.  

El.kz: Мұхит аға, өзіңізден бұрын әндеріңізді танымал. Бір қалада тұрсақ та, алғаш рет бетпе-бет жолығып отырмын. Алғашқы сұрағым – талай хит әндерді жазса да, дарынды композиторлардың елге танымал қалуына не себеп деп ойлайсыз?

М.Қасқырбаев: Жетісайда, Алматыда жүргенімде көп әнші білетін. Ал халық әдетте кино көргенде режиссерді емес, актерді таниды ғой, сол сияқты сазгерден гөрі әнші елге тез танылады.

El.kz: Сіз «режиссер» болғанда, жаныңызда жүрген «актерлер» кім еді? Ән салуға емес, ән шығаруға әуестігіңіз неден басталды?

М.Қасқырбаев: 1987 жылы Жетісайға көшіп барып, «Думан» тобын ашып, квартет болдық. Тобымызда Айжан Тәженова мен келіншегім Бибайша Омарханова, өзім және бір жігіт бар еді. Қазақстанды шулатқанбыз, қазіргі тілмен айтқанда, хит болдық. Біздің жұлдызды шағымыз 1993 жылға дейін жалғасты. Осы жылдары ән жазуды бастадым. 1988 жылы тұңғышымыз өмірге келді. Ол бір жасқа толғанда «Тұсаукер» деген әнімді шығардым. Бұл әнді әуелі Шымкентте Айгүл Мырзаева орындады, сонан соң Алматыда «Алматы» тобы айтты. Ән шығаруға ізденісім осы кезден басталды. 1993-1994 жылдар болуы керек, Жетісайға Жұбаныш Жексен колледжге оқуға түсті. Екеуміз бірігіп «Наз» тобын аштық. Басында 3 альбом: «Сағым жылдар», «Нурикамал», «Өмір-өзен» ән жинақтарын шығардық. Жұбанышпен 1995 жылдан 1999 жылға дейін бірге жүрдік. Ол 2000 жылдары Шымкентке, содан соң Алматыға көшіп кетті. Ал мен ауылда қалып, сазгерлігімді шыңдай бердім. 

Мақпал Жүнісоваға хит ән жазған танымал композитордың бүгінгі тағдыры туралы не білеміз?

El.kz: Жұбанышпен жүргенде хит болған әндеріңіз бар ма?

М.Қасқырбаев: Баршылық. «Мереке» әнін ең бірінші Жұбаныш алып шыққан. Кез келген мерекеде шырқалатын ән болсын деген оймен өзі сөзін жаздырды, соған лайық ән туды. Кейіннен «Жігіттер» квартеті орындады. Халық қазір «Жігіттердің» орындауымен танып қалды.

El.kz: «О, қала» деп әндететін Дәурен Сейітжановтың табиғаты сіздің жан дүниеңізбен үйлесетін сияқты. Репертуарындағы 10 шақты әннің жартысының авторы өзіңіз екенсіз. Әндеріңіздің қайсысында жеке өміріңіз суреттелген? Жалпы, ән қандай жағдайда туады?

М.Қасқырбаев:  «О, қала...» деп басталатын әнді Ержан Серікбаев жазған. Дәурен менен «Ақ қайың», «Қайран өмір», тағы да басқа әндерімді алған... «Ақ қайың» әнін аяғым сынғанда шығардым. «Қайран өмір» де осы сарындас. Денсаулығым сыр бере бастағанда, өмірім көз алдымда лентадай өтіп жатты. Содан шықты. Көбіне орыс композиторларын тыңдап, солардың шығармашылығымен танысып жүремін. Махаббат әндерінен басқа да тақырып болсын деп осы әндерді шығардым. Сөздерін Зікірия Қожаев деген ақынымыз жазды. Орындаған Дәурен. Жұбаныш 100 әнім болса да, көбісінің сапасы жоқ деп айтады. Ал Дәуреннің репертуарында 10 ән ғана болса да, бәрі халықтың жүрегінде. Өйткені Сейітжановта ерекше дауыс бар. Ол – талант. Орындағанда сондай әсерлі шығады.

El.kz: Ал «Қазақтың ерке қызымын» қалай өмірге келді? Мақпал Жүнісоваға арнайылап шығарылған ба?

М.Қасқырбаев:  Кез келген әнді шығармас бұрын өзім алғашқы төрт жолын жазып қоямын. Мақпал 4 әнімді орындады. «Қазақтың ерке қызымын», «Мен анамын» және тағы екеуі бар. 1985 жылы «Гүлдер» ансамблінде гитарист боп ойнадым. Мақпалмен содан бері таныспын. Араға 20 жыл салып Алматыда қайта жолықтық. 2008 жылы Қазақконцерттен студия ашқанбыз. Жұлдыздардың барлығы келетін. Сол жерде Мақпал да болды. Оған әннің үлгісін көрсеттім, бірден ұнады да «екінші куплетін шығарыңдаршы» деп айтты. Содан бұрқ етті ғой. Негізі бастапқыда «Бауыржан шоудағы» Қарагөз Тілеубековаға жазып бастағамын. Бірақ Қарагөз «өмірден өткендерді жоқтай бергенсіңдер» деп, жақтырмай қойды. Ол қаламағанымен, Мақпал ұнатты. Содан сөздерін екінші шумағымен қосып Мақпалдың табиғатына сай етіп жазып шығардық. О-о-о, бұл ән Мақпалдың екінші тынысын ашты. Дәл сол сәтте құрдасымның Заманбектен айырылып, қиналып жүрген кезі болатын. Жан жарасын емдегендей болды. Еңбегімді бағалап, гонорарын да жақсы берді. «Мен анамын» әні де осылай туған.

El.kz: Достарға арналған әндеріңіз көп. Соған қарағанда, көңіліңізді қалдырған жора-жолдастарыңыз көп-ау?

М.Қасқырбаев: Жетісайда жүргенде көлік қағып кетіп, төсекте 3 айдай жаттым. Сонда 3-4 досым келмей қалды. Соларға арнап «Жалған дос» әнін шығардым. Сөзін Зікірия Қожаев жазып берді. Бұл ән шыққан соң олар естіді, естіген соң мүлде келмей қойды. Жалпы әндерімнің сөзін 10 жылдан астам уақыт Зікірия Қожаев пен Бауыржан Кеттебеков екеуі жазып беріп жүрді. Қазір екінші ұлым Ел-Нұр Әлімбай да әнге сөз жазуға жарап қалды. Бала кезден қасымда жүріп, өлең жазуға қызығатын. Қазір барлығын өзі жазады. Ақындарға айтсаң, сөзін күрделендіріп, қиындатып жібереді. Сонда балам «былай ауыстырыңыз, былай ауыстырыңыз» деп жүріп өзі үйреніп кетті.

Мақпал Жүнісоваға хит ән жазған танымал композитордың бүгінгі тағдыры туралы не білеміз?

El.kz: Жұбайыңыз әнші, өзіңіз сазгер, екінші ұлыңыз ақын, тұңғышыңыз да шығармашылықтың ауылынан алыс емес шығар?

М.Қасқырбаев: Келіншегім Түркістанның қызы. Жетісайдан 2017 жылы Шымкентке көшіп келдік. 2014 жылы анам қайтыс болды. Маған бауырларыма бас-көз бол деп айтып отыратын. Сол аманатын жерге тастамауға тырысамын. Ағайын-туыстың барлығы осында. Біз 10 ағайындымыз. Құдай көпсінбесін, немере, жиендерді қосқанда 150-ден асамыз, бір ауыл болдық. Мен де ән жазуды сирете бастадым, бірақ ән айтамын. Ал келіншегім саудаға шығып кетті. Екінші ұл жанымызда. Үлкен ұлым Тимур (Әлімбай) актер. Көптеген киноға түсіп жүр.

El.kz: Алматыны өнер ордасы деп жатамыз, өзіңіз де бір жылдары барып студия аштыңыз. Кейіннен туған жерге қайтуға тура келіпті. Алматы ұнамады ма әлде басқа себеп бар ма?

М.Қасқырбаев: Басында үлкен махаббатпен, арманмен бардық. Бірақ денсаулығым сыр берді. Сегіз айдан кейін таяқ ұстауға мәжбүр болдым. Өйткені қан айналымы нашарлағаннан жүруден қала бастадым. 2004 жылы бір құлағанмын. 2008 жылы таяқ ұстадым. Содан аздап басталған. 2012 жылы инфаркт алдым. Жақында тағы бір емделіп шықтым. Аяғымдағы нервтер жансызданып қалған. Шетелде бір-ақ сәтте нақты диагноз қояды ғой, бізде әлі күнге диагнозды қоя алмады. Медицинамыз әлі де дамымаған. Өзім әрең жүргенде 2015 жылы көлік қағып кетті. Жығылғанға жұдырық болды. Мүгедіктік бойынша бірінші топқа шықтым. Ал былтырдан бері өмір бойы «мүгедектік» статусын алдым. Оның өзін әзер дегенде берді. «Әне кел, міне кел» деп созып жүріп алды. Қазір сол зейнетақым бар. Арасында ән жазып тұрамын.

El.kz: Гонорар алып тұрасыз ба?

М.Қасқырбаев: Қайдағы? Гонорарды әр әнші әртүрлі төлейді. Ал республикадан беретін гонорардың жолы кесілді. Дым жоқ, алмаймыз. Әншілерден ең көп бергені Мақпал. Әр әнге 500 доллардан ұстатқан. «Азия» тобы «Сен ойлаймын», «Сенсіз», «Билейік-билейік, қане, достар» тағы да басқа әндерімді орындап жүр. Олар да келісіммен. Біреулер 100 мың теңге, кейбір әншілер «барым осы» деп 60-70 мың теңге береді. Тіпті тегін де  жазып беретін сәттер бар. Бізде авторлық құқық та сақталмайды не авторлық құқықтан төленбейді. Киноға тректі пайдаланды, бірақ авторлары жазылмайды. Ұрланған әнім жоқ, әйтсе де идеям ұрланады. Сыртымыздан барлығы бай деп ойлайды. Тіпті кейбір азаматтар бір әнді 3000 долларға сатады депті. Олай болса, қанеки?! Меншігімде екі бөлмелі үйімнен басқа ешнәрсем жоқ. Ең бастысы, ұйыған отбасым, немерлерім, шығармашылығым бар. Соған шүкір деймін. Жеңіл музыкаға өттім. Ауыр әндер жазсам, халық тыңдамайды. Хит болмайды. Тыңдарманның талғамын түсіну қиын. Сол үшін жеңіл-желпі ән шығаруға көштім.

El.kz: Неге халық жеңіл ән тыңдауға көшті?

М.Қасқырбаев: «Жайдарман» ойнап жүргендер барлығын құрта бастады. Әннің сазын да, сөзін де өздері жазып, әбден былықтырды. Әлеуметтік желі үшін жасай ма, білмеймін, халық талғамын түсіну қиын. Барлығы плагиат. Біле білгенге ән шығару – таза еңбек. Сөзді ұйқастыра аласың, ал ән ұйқаспайды. Жас кезімізде білетіндерден сұрап, ізденуші едік, қазіргілердің көбісі сұрамақ түгілі мойындамайды. Қарап беріңізші, әнімді тыңдаңызшы деп іздеп келетіндер аз. Қазір ақылы барлар емес, ақылы жоқтар «диктовать» ететін заман ғой.

El.kz: Қазіргі композиторларға көңіліңіз тола ма? Кімдерді атар едіңіз?

М.Қасқырбаев: Көз көргеннен ешкім қалмады. Әсет Бейсеуов, Кеңес Дүйсекеевтің есімдері бөлек. Ержан Серікбаев. Олар – тарих. Жас дейтін кім бар? Жақында Арман Дүйсенов өмірден өтіп кетті. Қалмай барады есті ән жазатын сазгерлер. Ғазизхан Шекербековті айтуға болады. Талғамы бар, өз стилі қалыптасқан. Басқа... білмеймін.

Мақпал Жүнісоваға хит ән жазған танымал композитордың бүгінгі тағдыры туралы не білеміз?

El.kz: Қандай әндерді тыңдайсыз?

М.Қасқырбаев: Өз әндерімді тыңдаймын. Интернеттен, теледидардан Өзбекстан мен Түркия әндерін тыңдап отырамын. Кейбірі шабыт берсе, бірден жаңа ән туады. Сол кезде дереу гитарамды алам да диктофонға демосын жазып, «Азия» тобындағы жігіттерге жіберемін. Олар ұнатса, ары қарай әнді жазамыз. Болмаса, басқа ән шығаруға көшемін. Шынымды айтсам, саз – дертімнің дауасы. Бар қиындығымды шығармашылығыммен еңсеріп келемін.

 
 
 
 
 
Посмотреть эту публикацию в Instagram
 
 
 
 
 
 
 
 
 
 
 

Публикация от EL.KZ (@el.kz)

El.kz: Көп рақмет! Деніңіз сау, әндеріңіз өміршең болсын!

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға