Жаңалықтар

Желтоқсаншы Мәншүк Мусина: «4 жылдан соң ақталдым»

Желтоқсан көтерілісінің куәгері
Желтоқсаншы Мәншүк Мусина: «4 жылдан соң ақталдым»
14.12.2017 10:08 5631

1986 жылдың 16 желтоқсаны. Қазақстан КП Орталық комитетінің бірінші хатшылығына қазаққа мүлде таныс емес Г.Колбиннің келуі намысшыл, ұлттық рухты биік қойған қазақ жастарының көтерілуіне сеп болды. Олар осы сайлаудың ертеңіне 17 желтоқсан күні бейбіт шерулер ұйымдастырып, Орталықтың жүргізіп отырған саясатына наразылықтарын білдіргісі келді. Бірақ, бейбіт шерулер қанды қырғынға айналып, жан-жақтан жастарды ұстау үшін милиция қызметкерлері тартылып, мұздай су шашылып, иттер жіберілді. Мыңдаған жастар ұсталып, тікелей түрмеге тоғытылды. Қаншама жастың ғұмыры үзілді.

Міне, осындай Талдықорғанда өткен бейбіт шеруге ұрандатып шыққан бір топ жастардың ішінде заң колледжінің қабырғасында жүрген 18 жастағы Мәншүк Мусина да бар еді.  

« – Мен 1968 жылы Атырау қаласында дүниеге келгенмін, әкем есімімді Ұлы Отан соғысының батыры Мәншүк Мәметованың құрметіне қойған. 16 желтоқсан күні Қазақстанға бірінші хатшылыққа Г.Колбиннің тағайындалғаны туралы хабар құлағымызға жеткен еді. Бұл тағайындалуға ашық түрде наразылық білдіруге алаңға шыққан едік, бірақ та түрмеге жабылып, қудалауға ұшырап кетеміз деген ой мүлде болмаған.

Батыс Қазақстан аймағынан 1986 жылғы желтоқсан көтерілісіне қатысқан жалғыз қызбын. Біз алаңға барғанда ешқандай басбұзарлыққа барған жоқпыз, тентектік те жасамаған едік. Тек қазаққа қазақ басшы неге тағайындалмады деп ұрандаттық, әндеттік. Немесе осында туылған кез келген ұлттың өкілін қойса да жарар еді. Себебі жергілікті адам сол елдің барлық шиеленіскен мәселесінен, сол күнгі қазақтың басындағы жай-күйден хабардар болады ғой. Талдықорғандағы алаңға жүз шақты адам жиналды. Біраз уақыт ұрандатып, әндеткен соң, өз жөнімізбен кете бардық. Ертесіне жатақханаға екі адам келіп, мені ұстап әкетті. Барып әбден тергеуге салды. Менен алаңға шыққан басқалардың аты-жөнін сұрап, айтып беруімді талап етті, «әркім өз ісіне жауап береді» деп ешкімді атағаным жоқ. Біз оқып жатқан техникум менің үздік студент екенімді айтып, тергеудің тоқтатылуын өтініп, хат жолдапты. Бірақ, алаңға шыққандардың барлығын соттау туралы үкім шыққан екен. Содан бір-ақ күнде, 28 желтоқсан күні, Анар Серехенова мен мені соттап жіберді. Сот үкімі шыққанда да мені апарып абақтыға қамап тастайды деген ой да болмаған. 18 жастағы аңғал қызбын. «Қылмыс жасаған жоқпын, мені неге соттайды» деп алаңсыз отырғанмын ғой. Үкімді естігенде қасымдағы кураторым есінен танып құласа да көзім бақырайып отыра беріппін. Менімен бірге ұсталған Анар Шамалғандағы түрмеге кетті. Ол қыз туралы ешқандайда дерек жоқ. Тіпті, өлі-тірісін білмеймін»  – дейді желтоқсаншы.

  

«Талдықорған қаласындағы заң техникумының үшінші курсының студенті бола тұра, Қазақ КСР ҚК  200-бабының «бұзақылық жасағаны үшін» деп аталатын 2-бөлімі бойынша 1 жыл 6 айға қамалып кеттім. Үкім шығарылғаннан кейін,  жазаны өтеу үшін Целиноград облысы (қазіргі Ақмола) Вишневка  ауылына жіберді. Талдырқорғандағы тергеу изоляторынан Ақмолаға аттанбас бұрын түс көрдім. Түсімде орта бойлы келген ер адам темір тордың есігін ашып, «сен боссың! Шыға бер» деп, маған ақ жолды нұсқады. Бұл – бір күні шынымен де, ақталып, босап шығатынымның белгісі болса керек. Дегенмен, ол сәт тез жете қоймады. Сегіз айдан кейін ғана жақсы тәртібіме байланысты шартты түрде мерзімнен бұрын босатылдым.

Менде болып жатқан оқиға жайында отбасым хабарсыз еді. Оларға техникумнан хат келген соң, әкем бірден маған қарай жол тартыпты. Мен әкеме «бостандыққа шығып, кінәсіз екенімді дәлелдеймін» деп сөз бердім. Осындай сәттері жақын адамдарыңның қолдауы өте қажет қой. Олар маған сенді, қолдады. Ақталып шығатыныма үмітпен қарады.

Біраз уақыт өткеннен кейін жұмыс орнымнан  жақсы мінездеме алып, техникумға қайта қабылдандым. Ал бес жылдан соң, ҚазКСР Жоғарғы сотының қылмыстық істер ұжымының кірісуімен, үстімнен қозғалған қылмыстық іс тоқтатылды. Мен ақталдым! Кейін оқуымды жалғастыра жүріп, Атырау облыстық соты президиумының хатшысы болып орналастым. Бүгінгі таңда, 27 жылдық өтілі бар заңгермін».

«Мен халқыма ортақ жеңісіміз үшін ризамын! Замандастарымызбен бірге көптеген қиын күндерді бастан кешірдік, алайда біздің отанымызға деген ортақ махаббатымыз, егемендігімізге қол сұғушылардан да күштірек болды.  Мен өз халқымды мақтан етемін және өз елімді сүйемін. Әрдайым біздің жерімізде бейбітшілік пен тыныштық болсын!» – дейді Мәншүк.

1 жыл 6 ай мерзімнің 8 айын өтеген кейіноқуын жалғастырған қылмыстық және азаматтық істер бойынша Атырау облыстық сотының хатшысы қызметін атқарған, 1991 жылы ақталғаны жөнінде анықтама алыпты. Қазір өзінің материалдық кеңсесі бар. Мәншүк – Әділет Министрлігімен 5 жыл соттасып жүріп, моральдық шығынды өтетіп алған желтоқсаншыл. Ол туралы өзі де көп ақтарылып айта бермейді.

«Жалпы, қандай қиындықты бастан кешсем де, алаңға бекер шықпадық. Егемендік алайық деген ой маған қуат берді. Желтоқсанда нақақтан нақақ шапа шеккендерге қолдау көрсетілсе, олар тасада қалмаса деген тілек бар» – дейді, желтоқсан оқиғасының куәсі болған Мәншүк.

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға