Маңғыстаулықтар Әзербайжан азаматтарын еліне шығарып салды
Бүгін, 26 желтоқсан күні, ұшақ апатынан зардап шеккен әзербайжандық 14 азамат пен күні кеше Ақтауға келген Әзербайжан делегациясының 20 мүшесі өз елдеріне оралды. Оның ішінде аман қалған 2 бортсерік пен 1 бала бар. Олар ауруханада қажетті ем алып, жағдайлары тұрақталған соң Бакуге аттанды, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.
Маңғыстау облысы әкімдігінің мәліметінше, зардап шеккендерді шығарып салуға Маңғыстау облысы әкімінің орынбасары Тілеген Әбішев, Ақтау қаласының әкімі Әбілқайыр Байпақов, Қазақстан халқы Ассамблеясының мүшелері, ел ақсақалдары, жастар және қоғам өкілдері қатысты.
Маңғыстаулықтар бауырлас елге жылы тілектерін білдіріп, қолдау білдірді.
Қазіргі таңда Маңғыстау облыстық көпбейінді ауруханасында алты науқас ем алуда. Оның ішінде төрт адамның жағдайы ауыр, екі адамның жағдайы орташа. Жарақат алғандарға барлық қажетті медициналық көмек көрсетілуде.
Айта кетейік, апат себебін анықтау мақсатында Ақтауда вице-премьер Қанат Бозымбаевтың басқаруымен Үкіметтік комиссия жұмыс істеп жатыр.
Маңғыстау облысының әкімі Нұрдәулет Қилыбай зардап шеккендерге мемлекет тарапынан барлық қажетті қолдау көрсетіліп жатқанын атап өтті.