Астана қаласында өткен «Ғылым әлемін ашамыз» атты ғарыштық зерттеулерге арналған халықаралық ғылыми жобалар конкурсында маңғыстаулық оқушылар жоғары нәтиже көрсетіп, жүлделі орындарға ие болды, деп хабарлайды El.kz интернет-порталы.
Қоғамдық коммуникация орталығының мәліметінше, бұл ауқымды іс-шара Ғарышкерлер күні мен Ғылым қызметкерлері күніне орай ұйымдастырылған. Байқауға Қазақстанның барлық өңірінен бөлек, Гонконг пен Түркиядан келген 200-ге жуық дарынды оқушы қатысып, өз жобаларын ұсынды.
Нәтижесінде Маңғыстау облысының оқушылары бірнеше бағыт бойынша үздіктер қатарынан көрінді. Атап айтқанда, жасанды интеллект пен коммерциялық компоненттерді пайдалана отырып ғарыштық жобаларды әзірлеуге арналған AEROO Space AI Competition санатында ІІ орынды Ақтау қаласындағы «Жас Қанат» жекеменшік мектеп-лицейінің 10-сынып оқушылары Джамиль Сарқытбай, Аянат Өтемұрат, Жазира Балғабаева және Кәусар Алпысбайқызы иеленді.
Осы санат бойынша ІІІ орын Маңғыстау ауданы Жармыш жалпы білім беретін мектебінің 8-сынып оқушылары Айкөркем Өтелген, Аида Ботабай және Аякөз Таңатароваға бұйырды.
Ал «Күн жүйесі» бағыты бойынша өткен AEROO Rocket Science Competition (су және модельдік зымырандарды жобалау, құрастыру және ұшыру) санатында ІІІ орынды Ақтау қаласындағы №14 мектептің 9-сынып оқушылары Аян Иса мен Алдияр Кеңес, сондай-ақ Мұнайлы ауданындағы №19 мектептің 9-сынып оқушылары Азиз Жанұзақ бен Бағдәулет Ізбасқан иеленді.
Айта кетейік, бұған дейін қазақстандық оқушылар ауыз су тапшылығын азайтудың инновациялық тәсілін ұсынғаны жайлы жазған едік.