El.kz

Миландағы элиталық мектепте сабақ беретін маңғыстаулық мұғалім

23.02.2026 14:04

Математика – сандар ғана емес, жүйе. Ал жүйе – тек мектеп қабырғасы емес, тұтас көзқарас. Маңғыстаудағы қарапайым мектептен басталған жол Нұржігіт Екібаевты Италиядағы H-FARM International School-ге алып келді. Бүгінде ол Еуропадағы ең қымбат халықаралық мектептердің бірінде математикадан сабақ береді. 

El.kz: Нұржігіт мырза, шетелдегі ең қымбат халықаралық мектептердің бірінде сабақ беріп жүрген қазақ мұғалімі ретінде жолыңыз ерекше. Италияға дейінгі өмір жолыңыз туралы айтып берсеңіз.

Нұржігіт Екібаев: Мен Өзбекстанда дүниеге келдім. 8-сыныпқа дейін сол жақта білім алдым. 2012 жылы отбасымызбен тарихи Отанымызға - Қазақстанға қоныс аудардық. Маңғыстау облысы, Бейнеу ауданына келдік. Ауылда мектеп болмағандықтан, Мұнайлы ауданындағы №2 орта мектепте оқып, оны үздік тәмамдадым. Кейін Қ. Жұбанов атындағы Ақтөбе мемлекеттік университетінің «Математика» мамандығын қызыл дипломмен бітірдім. Алғашқы еңбек жолымды Ақтаудағы №14 орта мектепте бастадым. Сонымен қатар EtonHouse International School мектебінде ағылшын тілінде математикадан сабақ бердім. Бір жылдан кейін Астанадағы BINOM мектебінде қызмет атқардым. Мен үшін бұл тек мансаптық баспалдақ емес, әр кезең - кәсіби қалыптасудың жаңа деңгейі болды. Ауыл мектебінен халықаралық ортаға дейінгі жол - еңбек пен табандылықтың нәтижесі.

El.kz: Италиядағы беделді мектепке қалай жұмысқа тұрдыңыз? Іріктеу қаншалықты қиын болды?

Нұржігіт Екібаев: Астанадағы жұмысымнан кейін Италияның Верона қаласына магистратураға түстім. Бағытым - білім беру саласындағы математика. Оқу барысында Ресей консулдығы жанындағы мектепте балаларға математикадан дәріс бердім. Магистратураны үздік аяқтаған соң Миландағы Bloom International School мектебінде бір жыл жұмыс істедім. Сол кезде кәсіби тәжірибем айтарлықтай нығайды. Қазақстанға ораламын деп жүргенде қазіргі жұмыс орнымнан ұсыныс түсті. H-FARM International School - Еуропадағы ең заманауи, технологиялық бағыттағы мектептердің бірі. Мұғалімдерді іріктеу процесі өте мұқият жүргізіледі. Менің жағдайымда жазбаша тест болмады, бірақ екі рет кәсіби сұхбат және бір демонстрациялық сабақ өткіздім. Негізгі рөлді еңбек өтілім мен халықаралық тәжірибе атқарды. Бұл жерде тек диплом емес, сыныптағы шынайы шеберлік бағаланады.

Фото: instagram.com/nurzhigit1111

El.kz: Италияға кеткеннен кейін ұстаз ретіндегі ұстанымыңыз өзгерді ме?

Нұржігіт Екібаев: Негізгі ұстанымым өзгерген жоқ. Мен үшін ұстаздық - жай ғана жұмыс емес, бұл - миссия. Қай елде болсам да, қай ортада жұмыс істесем де, балаларға деген көзқарасым бірдей. Білім беруде ұлтқа, дінге, әлеуметтік жағдайға қарау деген ұғым болмауы керек. Әр бала - жеке тұлға. Әрқайсысының мүмкіндігі шексіз. Ұстаздың міндеті - сол мүмкіндікті ашу. Әрине, халықаралық орта маған әдіснамалық тұрғыдан көп нәрсе үйретті: академиялық еркіндік, сыни ойлау, оқушының пікірін құрметтеу. Бірақ ұстаздық миссиям өзгерген жоқ.

El.kz: Бүгінгі қазақ мұғалімі қандай болуы керек деп ойлайсыз?

Нұржігіт Екібаев: Ең алдымен, өз құқығын білетін мұғалім болуы керек. Өзін кәсіби тұрғыда бағалай алатын, біліміне сенімді, әлемдік трендтерден қалыспайтын ұстаз қажет. Қазіргі заман мұғалімі - тек ақпарат жеткізуші емес. Ол - бағыт көрсетуші, ментор, зерттеуші. Жаңалыққа ашық, технологияны меңгерген, сонымен қатар ұлттық құндылықтарды сақтай алатын тұлға болуы тиіс. Бәсекеге қабілетті ұрпақ тәрбиелеу үшін, бәсекеге қабілетті мұғалім керек.

El.kz: Қазақ жастары халықаралық ортада бәсекеге қабілетті ме? Шетелге шығамын деген жас мұғалімге қандай кеңес берер едіңіз?

Нұржігіт Екібаев: Қазақ жастарының әлеуеті өте жоғары. Мен халықаралық ортада жұмыс істей отырып, бұған талай рет көз жеткіздім. Біздің түлектер білім деңгейі жағынан ешкімнен кем емес. Иә, кей елдерде дипломды тікелей мойындау мәселесі болуы мүмкін. Бірақ тиісті квалификациядан өтіп, кәсіби талаптарға сай сертификаттар алса, өз дипломыңмен де жұмыс істеуге толық мүмкіндік бар.

Шетелге шығамын деген жас мұғалімге айтар алғашқы кеңесім - ағылшын тілін кәсіби деңгейде меңгеру. Тек сөйлеу емес, академиялық тіл. Екінші - халықаралық бағдарламаларға, әсіресе IB (International Baccalaureate) жүйесіне қатысты сертификаттар алу. Бұл сіздің есіктерді ашатын «кілтіңіз» болады.

El.kz: Алдағы 10 жылда мектеп пәндерінің тағдыры қандай болады деп ойлайсыз?

Нұржігіт Екібаев: Жасанды интеллекттің (AI) қарқынды дамуы білім беру жүйесіне үлкен өзгеріс әкелетіні анық. Көптеген пәндер мазмұндық және әдістемелік тұрғыдан трансформацияланады. Бірақ базалық математикалық білім өз маңызын жоғалтпайды деп есептеймін. Формуланы жаттау емес, логиканы түсіну - болашақтың талабы. Қалай өзгерсе де, ойлау қабілетін дамытатын пәндер әрдайым өзекті болады.

El.kz: ЖИ мұғалімді алмастыра ала ма, әлде оны күшейте ме? Математика мұғалімін алмастыра ала ма?

Нұржігіт Екібаев: Жоқ, ЖИ мұғалімді толық алмастыра алмайды. Ол - құрал. Қуатты, жылдам, тиімді құрал. Бірақ тәрбие, эмоциялық интеллект, сыныптағы атмосфера, оқушының ішкі күйін сезіну - мұның бәрін алгоритм жасай алмайды. Математикада да солай: есептің жауабын шығару бір басқа, баланың қалай ойлағанын түсіну - мүлде басқа. ЖИ мұғалімді әлсіретпейді, керісінше, дұрыс қолданса - күшейтеді.

El.kz: Итальян және қазақстандық оқушының ең үлкен айырмашылығы неде?

Нұржігіт Екібаев: Жаһандану дәуірінде оқушылар арасындағы айырмашылық айтарлықтай азайды. Ақпаратқа қолжетімділік барлығына ортақ. Әрине, менталитет тұрғысынан айырмашылықтар болуы мүмкін. Бірақ жыл сайын бұл алшақтық қысқарып келеді. Қазіргі бала - әлемдік азамат.

El.kz: Біздің оқушыларда қай қасиет бар, бірақ біз оны өзіміз байқамаймыз?

Нұржігіт Екібаев: Мен үшін ұлтқа қарамай барлық бала тең. Дегенмен, біздің балаларда бейімделу қабілеті өте жоғары. Олар жаңа ортаға тез үйренеді, қиындыққа төзімді. Кейде біз өз әлеуетімізді өзіміз бағаламаймыз.

El.kz: IB жүйесі баланың ойлауын қалай өзгертеді? Бұл Қазақстанға не бере алады?

Нұржігіт Екібаев: IB жүйесінің басты ерекшелігі - ойлайтын тұлға тәрбиелеу. Баланы дайын ақпаратпен шектемейміз, оны сұрақ қоюға үйретеміз. Мысалы, «1914 жылы Бірінші дүниежүзілік соғыс басталды» деп жаттамаймыз. «Неге басталды? Қандай факторлар әсер етті? Балама шешім болды ма?» деген сұрақтарға жауап іздейміз. 1968 жылдан бері дамып келе жатқан бұл бағдарлама сыни ойлауға, зерттеуге, пікір айтуға, алған білімін өмірде қолдануға үйретеді. Қазақстан үшін бұл - формализмнен мазмұнға көшу мүмкіндігі.

Фото: instagram.com/nurzhigit1111

El.kz: «Баға емес, кері байланыс маңызды» деген ұстаным шынымен әсер ете ме?

Нұржігіт Екібаев: Менің ойымша, екеуі де маңызды. Баға болуы керек, бірақ оның критерийлері ашық әрі түсінікті болуы шарт. Ал сапалы кері байланыс оқушыға «сен қателестің» деп айту емес, «қалай жақсартуға болады?» деген бағыт көрсету. Баға - нәтиже. Кері байланыс - даму құралы.

El.kz: Халықаралық мектеп сізді неліктен таңдады деп ойлайсыз? Қазақ мұғалімінің артықшылығы неде?

Нұржігіт Екібаев: Менің басты артықшылығым - кәсіби білімім деп ойлаймын. Бірақ халықаралық ортада тек білім жеткіліксіз. Көптілділік - үлкен капитал. Мен ағылшын, орыс, қазақ, түрік және итальян тілдерінде еркін сөйлей аламын. Бұл маған әртүрлі мәдени ортадағы оқушылармен және әріптестермен тез тіл табысуға мүмкіндік береді. Қазақ мұғалімінің тағы бір ерекшелігі - бейімделгіштік. Біз әртүрлі жүйеден өтеміз: мемлекеттік мектеп, жеке мектеп, халықаралық стандарт. Бұл икемділік халықаралық ортада жоғары бағаланады.

El.kz: Егер Италияға келмегенде, бүгін қай жүйеде, қандай мұғалім болар едіңіз?

Нұржігіт Екібаев: Шынымды айтсам, өз бизнесімді дамытып жүрген болар едім деп ойлаймын. Себебі мемлекеттік те, жеке де мектепте жұмыс істедім. Екі жүйенің де артықшылығы мен кемшілігін көрдім. Қазақстандағы мектептерде жас маман ретінде үйренетін нәрсе өте көп. Мен сол тәжірибені толық алдым деп есептеймін. Сол база болмаса, бүгін халықаралық деңгейге шығу қиын болар еді.

El.kz: Қазақстандағы қымбат мектептер мен Италиядағы халықаралық мектептердің айырмасы неде?

Нұржігіт Екібаев: Ең басты айырмашылық - жүйеде. Италиядағы жеке мектептер негізінен IGCSE (Cambridge) немесе IB бағдарламалары бойынша білім беріп, халықаралық диплом ұсынады. Бұл - жаһандық университеттерге тікелей жол. Қазақстанда жеке мектептердің саны артқанымен, олардың көпшілігі ҰБТ-ға дайындық форматын алмастырып отыр. Яғни жүйелік реформа емес, емтиханға бағытталған модель басым. Италияда ата-ана баласына халықаралық білім беру үшін жеке мектепке береді. Қазақстанда кей жағдайда ата-ана мемлекеттік мектеп сапасына көңілі толмағандықтан жекеге жүгінеді. Халықаралық диплом беретін мектептер бізде бар, бірақ саны әлі де аз.

El.kz: Сіз жұмыс істейтін мектепте қателесуге көзқарас қандай? Ал Қазақстанда қалай қабылданады?

Нұржігіт Екібаев: Қателікке деген көзқарас мәдениеттің көрсеткіші. Біздің мектепте қателік - жазаланатын нәрсе емес, талданатын процесс. Әрине, қателіктің деңгейі маңызды. Бірақ шағын қате үшін сөгіс жариялау емес, қолдау көрсету басым. Қазақстанда қателікке деген реакция кейде шамадан тыс эмоциямен қабылданады. Қате жіберу – үйренудің бір бөлігі екенін мойындаудың орнына, оны беделге нұқсан, әлсіздік белгісі ретінде қарастыру жиі кездеседі. Ал шын мәнінде, қателік – құлдырау емес, өсу нүктесі. Ал халықаралық ортада қате - даму нүктесі. Қателеспейтін адам - әрекет етпейтін адам.

El.kz: Қымбат мектепте мұғалімге қойылатын талап қандай? Ал сырт көзге көрінбейтін әлсіз тұсы бар ма?

Нұржігіт Екібаев: Талап өте жоғары. Тек диплом жеткіліксіз - кәсіби біліктілік, тәжірибе, халықаралық стандарттарды білу, коммуникация, көптілділік, психологиялық тұрақтылық - бәрі қатар жүруі керек. Қысқаша айтқанда, «отқа салса жанбайтын, суға салса батпайтын» деңгейде болу қажет. Себебі мұнда сен тек пән мұғалімі емес, менторсың, сарапшысың, кейде модераторсың. Әлсіз тұсына келсек - әзірге айқын жүйелік әлсіздік көрген жоқпын. Себебі мұндай мектептерде ішкі аудит, бақылау, кәсіби сүзгі өте қатаң. Әлсіздікке мүмкіндік аз.

El.kz: Қазақстандағы ата-ана мен Италиядағы ата-ананың күткені қалай өзгеше?

Нұржігіт Екібаев: Айырмашылық өте үлкен. Бұл - мен үшін ең қызық тақырып. Италияда ата-ана мұғалімді кәсіби маман ретінде қабылдайды. Аптасына екі сағат арнайы ата-аналарға арналған уақытым бар. Сол уақытта ғана онлайн немесе офлайн байланысамыз. Бұл уақыт - ақылы жұмыс сағаты. Жеке WhatsApp-қа хабарласып, кез келген уақытта мазалау деген түсінік жоқ. Электронды поштаға хат жазады, бірақ жұмыс уақытынан тыс жауап беруге міндетті емеспіз. Ата-аналар сабақты бақылауы мүмкін, бірақ жұмыс үдерісіне араласпайды. Сенім бар. Ал сенім - кәсіби сүзгіден өткен жүйенің нәтижесі.

El.kz: Қымбат мектептегі ата-ана – тұтынушы ма, әлде серіктес пе?

Нұржігіт Екібаев:  Көбіне серіктес. Қызығы - қанша ақша төлесе де, бір рет болсын «баға көтеріп беріңіз» деген жағдай болған емес. Себебі мұнда мұғалімнің кәсібилігіне күмән жоқ. Ата-ана бізді кәсіби маман ретінде қабылдайды. Олар ақшаны «араласу» үшін емес, баласына сапалы білім алу үшін төлейді.

El.kz: Ақша төлеген ата-ана оқу үдерісіне қаншалықты араласуы керек?

Нұржігіт Екібаев: Тәрбиелік тұрғыдан - міндетті түрде араласуы керек. Бала тәрбиесі тек мектептің жұмысы емес. Ал кәсіби академиялық шешімдерге тікелей араласу дұрыс емес. Әрине, ата-ана өз ұсынысын, қалауын айтуға толық құқылы. Бірақ соңғы педагогикалық шешімді мұғалім қабылдайды. Серіктестік деген - шекараны білу.

El.kz: Қымбат мектептер білімдегі алшақтықты күшейте ме, әлде жүйені алға тарта ма?

Нұржігіт Екібаев: Меніңше, алшақтықты күшейтпейді. Көп жағдайда ата-ана баласын қымбат мектепке академиялық себептен ғана емес, орта үшін, мүмкіндіктер үшін береді: тілдік орта, халықаралық байланыс, университетке жол. Ал жүйенің негізгі қозғаушы күші - мемлекеттік мектептер. Елдің білім сапасын көтеретін - солар. Жеке мектептер модель бола алады, бірақ жүйені толық алмастыра алмайды.

El.kz: Италияда элиталық мектеп оқушыны қалай таңдайды: ақшасына ма, әлеуетіне ме?

Нұржігіт Екібаев: Бірінші кезекте - білімі мен тәртібіне қарайды. Тәртібі нашар оқушыны сабақтан шеттету, тіпті мектептен шығару да мүмкін. Бұл қалыпты тәжірибе. Сол сияқты академиялық деңгейі талапқа сай келмесе, келесі сыныпқа өтпеуі де мүмкін. Яғни, ақша бәрін шешпейді. Элиталық мектептің басты принципі - стандарттан төмен түспеу.

El.kz: Қазақстанда талантты, бірақ қаржысы жоқ балаға мүмкіндік бар ма?

Нұржігіт Екібаев: Иә, мүмкіндік бар. Біздің мектеп жыл сайын ТМД елдерінен 50 оқушыға толық грант бөледі. Бұл тек оқу ақысын ғана емес - жатақхана, тамақ, тіпті тоқсан сайын Қазақстанға барып-қайту әуе билеттеріне дейін қамтиды. Қазіргі таңда Қазақстаннан қарапайым отбасынан шыққан бірнеше оқушы білім алып жатыр. Демек, қаржы - жалғыз кедергі емес. Қазақстандағы үздік жекеменшік мектептерде де гранттық бағдарламалар бар. Сондықтан «оқимын» деген баланың жолы әрқашан табылады. Мәселе - ниет пен дайындықта.

El.kz: Қазақстандағы жекеменшік мектептер Италиядағы халықаралық мектептердің бір қағидасын алса, ол қайсысы болар еді?

Нұржігіт Екібаев: Бұл сұраққа біржақты жауап беру қиын. Себебі Қазақстандағы жеке мектептердің өзі бірнеше бағытқа бөлінеді: элиталық мектептер, ҰБТ-ға бағытталған мектептер, түрлі қаржылық модельмен жұмыс істейтін мектептер. Мен жұмыс істейтін мектепті Қазақстандағы нағыз элиталық мектептермен ғана салыстыруға болады. Ал қалған модельдермен салыстыру қисынсыз. Егер бір қағида айту керек болса - жүйелілік. Халықаралық стандартпен нақты жұмыс істеу, диплом деңгейінде жауапкершілік алу. Емтихан нәтижесіне емес, академиялық философияға сүйену.

El.kz: Қазақстанда жекеменшік мектептер көбіне нәтижені (балл, рейтинг) қуалайды. Ал сіздің мектебіңізде басты өлшем не?

Нұржігіт Екібаев: Біз ешқандай ұлттық рейтингке тәуелді емеспіз. Негізгі өлшем - білім сапасы. Мектеп академиялық стандартты төмендетпейді. Қажет болса, оқушыны келесі сыныпқа көшірмей қалдыруға да қауқарлы. Сондықтан балалар «баға үшін» емес, өз болашағы үшін оқиды. Жүйе қатал болған сайын, мотивация сыртқы емес, ішкі болады.

El.kz: Италияда жүріп Қазақстанның білім жүйесіне сырт көзбен қарауды үйрендіңіз бе?

Нұржігіт Екібаев: Шынымды айтсам, мен елде жүргенде де сырттай қарайтынмын. Ұнамаған тұсын ашық айтатынмын. Сол үшін кейде басшылыққа ең «ыңғайсыз» қызметкер болған шығармын. Сыртта жүру тек масштабты кеңейтті. Бірақ сыни ойлау әдеті бұрыннан бар еді.

El.kz: Бізде бар, бірақ өзіміз бағаламай жүрген қандай мықты тұстар бар? Қазақстан мектебіне не жетіспейді?

Нұржігіт Екібаев: Біз мұғалімнің уақытын бағаламаймыз. Ал ең үлкен ресурс - уақыт. Қазақстан мұғалімдері өте еңбекқор. Курстарға қатысады, ашық сабақ өткізеді, өзін дамытады. Бірақ сол еңбектің жүйелі бағалануы әлсіз. Қазақстан мектебіне ресурс жетіспейді деп айта алмаймын. Сенім де бар. Негізгі мәселе - мұғалімге сапалы жұмыс істеуге мүмкіндік пен тыныштық беру. Артық есеп, артық бюрократия азайса - нәтиже өздігінен көтеріледі.

El.kz: Сіз үшін «жақсы мектеп» ұғымы бір сөйлеммен қалай сипатталады?

Нұржігіт Екібаев: Happy teacher - happy students. Бақытты мұғалім ғана бақытты оқушы тәрбиелей алады.

El.kz: Қазақстанда математика неге «қорқынышты пән» болып қабылданады?

Нұржігіт Екібаев: Меніңше, бұл кеңес дәуірінен қалған модельдің әсері. Бағдарлама күрделі, кейде шамадан тыс академиялық. Сонымен қатар өмірмен байланыс әлсіз болды. Мысалы, статистика сияқты маңызды бөлімдер бұрын жеткілікті деңгейде оқытылмады. Математика - логика мен ойлау құралы. Бірақ біз оны көбіне «қателеспеу» пәніне айналдырып жібердік.

El.kz: Біздің оқулықтардағы басты проблема не? Алдағы 10-15 жылда математика қалай өзгеруі тиіс?

Нұржігіт Екібаев: Соңғы бес жылда Қазақстан мектептерінде жұмыс істемегендіктен, нақты оқулықтарға баға беру дұрыс болмас. Бірақ Жасанды интеллект дамыған сайын мектеп бағдарламасы да өзгеруі тиіс деп ойлаймын. Есепті шығару емес, есепті құра білу маңызды болады.

Сонымен қатар бір нәрсе анық: фундаменталды математикалық база барлық оқушыға міндетті түрде берілуі тиіс. Ал жоғары деңгейдегі терең математика - саралануы керек. Баршаға бірдей күрделілік емес, баршаға бірдей база қажет.