Жаңалықтар

Маңғыстаудағы білім беру жүйесінің жетістіктері мен даму жоспарлары қандай

Маңғыстаудағы білім беру жүйесінің жетістіктері мен даму жоспарлары қандай
Фото: Маңғыстау облыстық қоғамдық коммуникация қызметі 01.01.2025 06:38 500

Маңғыстау облысындағы білім беру жүйесінің жетістіктері мен даму жоспарлары туралы дерек белгілі болды, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.

Маңғыстау облысында 402 мектепке дейінгі ұйым жұмыс істеп, 45 275 бала (мемлекеттік – 140, жекеменшік - 262) мектепке дейінгі білім мен тәрбие алуда. Мектепалды даярлық сыныптарда 8924 бала білім алуда. Бұл туралы Қоғамдық коммуникация орталығында өткен брифингте Маңғыстау облысы білім басқармасы басшысының міндетін атқарушы Гүлмира Мамаева хабарлады.

Спикердің айтуынша, 2-6 жастағы балаларды мектепке дейінгі тәрбиемен қамту көрсеткіші 93,9%-ды құрайды. Ағымдағы жылы 4272 жаңа орын ашылды, оның ішінде 3532 орындық 37 жаңа мектепке дейінгі ұйым іске қосылды. 740 орын жұмыс жасап тұрған балабақшаларды кеңейту есебінен.

Облыс бойынша 210 мектеп жұмыс істейді, онда 191 650 оқушы білім алуда. Оқу жылының басында 1 сыныпқа 20 197 бала қабылданды. Мектептерде 20 мыңнан астам педагог қызмет етеді. 2024-2025 оқу жылында «Білім беру инфрақұрылымын қолдау қоры» арқылы 4800 орындық 4 мектеп (Ақтау қаласы – 2, Мұнайлы ауданы – 2) іске қосылды. Жер қойнауын пайдаланушы мекемелердің демеушілік қаражаты есебінен Маңғыстау ауданы Бекі ауылында 100 орынды жаңа мектеп пайдалануға берілді. «Ауыл – ел бесігі» бағдарламасы аясында Шетпе ауылында А.Меңдалыұлы атындағы орта мектепке жапсаржай құрылысы жүргізілуде. «Жайлы мектеп» жобасы аясында желтоқсан айында Ақтау қаласында және Мұнайлы ауданында 4500 орындық 4 мектеп ашылды. Қалған 8100 орынды 9 мектептің құрылысы 2025 жылға жоспарланды. Биылғы жылы 891 оқушы халықаралық және республикалық конкурстарға қатысып, 357 медаль жеңіп алды, оның ішінде 86 алтын, 119 күміс және 152 қола медаль бар. Маңғыстаулық оқушылар халықаралық олимпиадалар мен чемпионаттарда жоғары нәтижелерге қол жеткізді, атап айтқанда, химия пәні бойынша халықаралық олимпиадада қола медаль жеңіп алды.

Қорытындылай кетсек, Маңғыстау облысында білім беру жүйесін дамыту бағытында жүзеге асырылып жатқан шаралар жастардың кәсіби біліктілігін арттыруға, білім сапасын жоғарылатуға және еңбек нарығында бәсекеге қабілеттілігін қамтамасыз етуге бағытталған. Облыс әкімдігі мен білім беру басқармасы алдағы уақытта да білім саласындағы жобаларды іске асыруды жалғастырады.

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға