Жаңалықтар

Маңғыстауда жылына екі миллион тонна жасыл сутегін өндіретін зауыт салынады

Маңғыстауда жылына екі миллион тонна жасыл сутегін өндіретін зауыт салынады
Фото: ©El.kz/Бейбарыс СҰЛТАНҰЛЫ 21.06.2023 16:24 1350

Қазақстанға жасаған ресми сапары аясында Германия президенті Франк-Вальтер Штайнмайер Ақтаудағы «SVEVIND Energy Group» компаниясының жобасымен танысып, зауыт құрылысының басталу рәсіміне қатысты, деп хабарлайды El.kz ақпараттық агенттігі.

Қазақстан 2030 жылы алғаш рет жасыл сутегін жаңартылатын баламалы энергия көздерінен алып, энергияны қолдана отырып өндіруді көздеп отыр. Бұл жоба Маңғыстауда күн батареялары мен жел генераторлары арқылы 40 гигаватт қуат алынып, жүзеге асырылатын болады. 

Маңғыстауда жылына екі миллион тонна жасыл сутегін өндіретін зауыт салынады

Осы энергия Каспий теңізінің жағалауындағы жасыл сутегін өндіретін электролизерлерді іске қосуға бағытталған. Сонда зауыт жылына екі миллион тонна жасыл сутегін өндіруге қауқарлы болмақ. Бұл  2030 жылы Еуроодақ тұтынуы мүмкін барлық сутегі көлемінің 20 пайызын құрайды. Аймақтың экспорттық әлеуетіне сай Маңғыстау өңірінен алынған сутекті экспорттау ыңғайлы және қолайлы болып отыр. Сол мақсатта кәсіби техникалық қажеттілік бойынша мамандар дайындау үшін оқу бағдарламасына жаңа бағыттар қосуға сұраныс туындаған.

Ал жаңадан құрылатын институт «жасыл» сутектің құн тізбегіндегі «білім үшбұрышына» (білім беру, зерттеу, инновация), сондай-ақ Маңғыстаудың әлеуметтік-экономикалық дамуына басымдық беретіні айтылды. 

Жобаны жүзеге асырудың арқасында Маңғыстау облысында кәсіпорын құрылысы кезеңінде 3500-ге жуық жұмыс орны құрылады. Ол кезең-кезеңімен іске қосылған кезде өндірісте тағы 1800-ге жуық жаңа жұмыс орны пайда болады. Осыған орай, Германия жоғары оқу орындарымен бірлесіп, Есенов университетінде жаңа өндірісте жұмыс істейтін мамандар дайындауды қолға алып отыр. 

Бұл институт аясында энергетика, логистика, мұнай-химия инжинирингі, экология, ақпараттық технологиялар салаларында жоғары инженерлік білім алуда Германия ЖОО стандарттарын енгізуге бағытталған.

Маңғыстауда жылына екі миллион тонна жасыл сутегін өндіретін зауыт салынады

Осы орайда Есенов университеті Солтүстік Германиядағы алдыңғы қатарлы Гамбург қолданбалы ғылымдар университеті университетімен үшжақты келісімшарт жасап отыр. Сонымен қатар Анхальт қолданбалы ғылымдар университетінде екіжақты және Вильдау техникалық университетімен үшжақты келісімдерге қол қойған еді. 

Германияның бірқатар жетекші жоғары оқу орындарының басшыларымен кездесулер нәтижесінде Берлин техникалық университетімен Жер жүйесі туралы ғылымдар және логистика, Smart Sensing/Smart Cities бағыттары, Вильдау техникалық университетімен Логистика бағыты, Гамбург техникалық университетімен Энергетика және экологиялық инженерия, Технологиялық процестерді жобалау, Электротехника, Жаңартылатын энергия жүйесі бағыттары, Анхальт қолданбалы ғылымдар университетімен Заттар интернеті (The Internet of Things (IoT), Биоинженерия, Автоматтандыру және басқару бағыттары, Берлин еркін университетімен су ресурстары және экологиялық технологиялар бағыты бойынша бағдарламалар және бірлесіп атқарылатын жұмыстар талқыланды.

Жаңа институт биыл қыркүйекте Вильдау техникалық университетімен серіктестікте «Логистика», Гамбург техникалық университетімен серіктестікте «Энергетикалық және экологиялық инжиниринг» білім беру бағдарламаларын іске қосады. Екі білім беру бағдарламасы бойынша мемлекеттік тапсырыс негізінде 60 студент қабылданады. Институт 2030 жылға дейін 8 бакалавриат пен 6 магистратура білім беру бағдарламаларында жалпы саны 1000 студент оқытуды жоспарланған. 

Маңғыстауда жылына екі миллион тонна жасыл сутегін өндіретін зауыт салынады

Германия тарапы жоғары білікті инженерлік-техникалық мамандардың әлемдік еңбек нарығында үлкен сұранысқа ие екенін ескеріп, бірлескен бастаманы қолдайтынын білдірді. Институт құрылысын жүзеге асыру және сапалы мамандарды дайындауда Қазақстанмен ғылыми және мәдени ынтымақтастықты нығайтуға елеулі үлес қосады деп күтіліп отыр. 

Қазақ-неміс тұрақты инженерия институты перспективасы жоғары технологияларды пайдалана отырып, болашақ ұрпақтың кәсіби құзыретін дамытуға қызмет етеді. Бірлескен бастаманың жұмысы Қазақстан мен Германия арасындағы ғылыми және мәдени ынтымақтастықты нығайтуға елеулі үлес қосады. Сондай-ақ, баламалы энергия көздерін Қазақстанда өндіруге оң ықпалын тигізетін болады.

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға