Жаңалықтар

Маңғыстауда жыл басынан бері зорлық-зомбылыққа қатысты 899 хабарлама келіп түскен

Маңғыстауда жыл басынан бері зорлық-зомбылыққа қатысты 899 хабарлама келіп түскен
Фото: ©El.kz/Артем ЧУРСИНОВ 26.11.2023 13:28 689

Маңғыстауда жыл басынан бері отбасылық-тұрмыстық зорлық-зомбылыққа қатысты 899 хабарлама келіп түскен, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі mangystaumedia.kz сайтына сілтеме жасап. 

Маңғыстау облысы полиция департаментінің әйелдерді зорлық-зомбылықтан қорғау тобының аға инспекторы Ақсәуле Тұрғымбаеваның айтуынша, 73-бап – отбасы-тұрмыстық қатынастар аясындағы құқыққа қарсы әрекеттер, 73-1 бап – денсаулыққа қасақана жеңіл зиян келтіру және 73-2 бап – ұрып-соғу фактілері бойынша 594 жағдай тіркелген. Ал қалған 305 өтініш дәлелдің жоқтығына байланысты есептен шығарылған. 

2371 ер адамға отбасылық-тұрмыстық жанжалдар саласындағы құқыққа қайшы әрекеттері үшін қорғау ұйғарымы шығарылған, ал 236 адамға соттан ерекше талаптар қойылды.

Қорғау нұсқамаларының шамамен 98%-ы әйелдердің құқығын қорғау мақсатында белгіленген. Учаскелік инспектор қорғау нұсқамасын жәбірленуші жүгінгеннен кейін 30 күнге дейінгі мерзімге белгілейді. Жәбір көрсетуші қорғаныс нұсқамасының талаптарын орындамаған немесе үнемі бұзған жағдайда жәбірленуші немесе уәкілетті орган сотқа жүгінуге құқылы. Сот шешімі бойынша жәбірлеушіге қатысты 3 айдан 12 айға дейінгі мерзімге мінез-құлқына ерекше талаптар белгіленеді. Ал өтініштердің қалған 1,9%-ы лудомандарға, есірткі және алкогольге тәуелді адамдарға қатысты, - деді Ақсауле Тұрғымбаева.

Сондай-ақ биылғы жылдың 10 айында 18 қылмыс жасалған. Бұл 2022 жылғы көрсеткіштен 1 фактіге ғана аз.

Бұл – отбасылық және тұрмыстық жанжал кезінде отбасы мүшелерінің бірі ауыр жарақат немесе дене жарақатын алған, тіпті қайтыс болған жағдайлар. Мәселен, жанжал кезінде күйеуі әйеліне пышақ сұғып, жәбірленуші көп қан жоғалтқанының кесірінен қаза тапқан оқиға болды. Бұдан бөлек ер адам әйелі мен балаларына қайнаған су құйған жағдай да кездесті. Тіпті есірткіге тәуелді жігіт жаңа доза алуға ақша беруден бас тартқан анасын пышақтаған факті де тіркелді. Мұның бәрі – отбасылық-тұрмыстық қатынастар саласындағы қылмыстардың бір бөлігі ғана,- деп атап өтті Маңғыстау облысы полиция департаментінің әйелдерді зорлық-зомбылықтан қорғау тобының аға инспекторы Ақсәуле Тұрғымбаева.

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға