Жаңалықтар

Маңғыстауда жыл басынан бері 284 интернет-алаяқтық тіркелді

Маңғыстауда жыл басынан бері 284 интернет-алаяқтық тіркелді
Фото: otpannews.kz 13.11.2024 00:37 455

Бұл туралы Қоғамдық коммуникация орталығында өткен брифингте Маңғыстау облысы ПД КПБ бастығының орынбасары Ерлан Нысанов мәлімдеді, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі otpannews.kz-ке сілтеме жасап.

Оның айтуынша, 2022 жылдың желтоқсанында Ішкі істер министрлігі Криминалдық полиция департаменті киберқылмысқа, оның ішінде телефон және интернет-алаяқтыққа қарсы 2023-2025 жылдарға арналған іс-қимыл бағдарламасын жасақтап, қала-аудандарға тапсырған. 

Соған сәйкес, арнайы «CyberPol» жедел-тергеу тобы заманауи техникалық құралдармен қамтамасыз етілді. Маңғыстау облысы Полиция департаментінің қызметкерлері ағымдағы жылдың басынан бастап интернет-алаяқтықтың алдын алу үшін «OLX», «Маркет», «Kolesa», «Крыша», «Instagram», «Вконтакте» сияқты ресурстарда күнделікті мониторинг жүргізуде. Сонымен қатар, «Кибернадзор» жүйесі арқылы 473 заңсыз интернет-ресурсты бұғаттауға жіберді. Профилактикалық жұмыстарды күшейту мақсатында Маңғыстау облысы прокуратурасымен бірге ведомствоаралық жұмыс тобы құрылды. Интернет-алаяқтықтың алдын алу және халықтың ақпараттық сауаттылығын арттыру мақсатында, бұқаралық ақпарат құралдарында, әсіресе интернетте, алаяқтардың әрекет ету тәсілдері туралы ақпарат белсенді түрде жариялануда. Сонымен қатар, облыс аумағындағы мемлекеттік қызметкерлер, мұғалімдер, дәрігерлер және басқа да бюджеттік сала қызметкерлеріне интернет-алаяқтықтың құрбаны болмау үшін профилактикалық түсіндірме жұмыстар жүргізілді,- деді Ерлан Нысанов.

Сонымен қатар 2023-2025 жылдарға арналған бағдарлама аясында халық арасында қылмыстың алдын алу мақсатында ақпараттық-түсіндіру шаралары күшейтілген. 2024 жылдың алғашқы он айында 32 брифинг ұйымдастырылып, 3500 дана жарнамалық буклет қоғамдық орындарға орналастырылған. Әлеуметтік желілерде 279 рет бейнероликтер жарияланып, телеарналарда тікелей эфирде 8 сұхбат берілген. Бүгінде Ақтау қаласының қоғамдық орындарында баннерлер орнатылып, қоғамдық көліктердегі мониторларда профилактикалық бейнероликтер көрсетілуде. 

Интернет-алаяқтық қылмыстарының өсуін тежеу мақсатында 2023 жылдың 8 маусымында Маңғыстау облысы ПД бастығының орынбасарының төрағалығымен, полиция департаментінің криминалдық полиция басқармасы, облыстық прокуратура, Қаржы нарығын реттеу агенттігі, екінші деңгейлі банктердің өкілдері және басқа да мүдделі тараптардың қатысуымен банк саласына қатысты интернет-алаяқтық қылмыстары бойынша дөңгелек үстел өткен.

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға