Жаңалықтар

Маңғыстауда кене көбейіп мал қырылды

Маңғыстауда кене көбейіп мал қырылды
Фото: ©El.kz/Ғазиз ШАКИРОВ 02.05.2024 23:42 837

Маңғыстау облысы Түпқараған ауданындағы түйе шаруа қожалықтарында кене көбейіп кетті. Салдарынан біршама бота өлген, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі inbusiness.kz-ке сілтеме жасап. 

Шаруалардың айтуынша, жәндіктер қуаңшылықтан кейін пайда болған. Биыл кенелердің саны әдеттегіден көп. Ал малшылар жануарлар мен қораларды кенеден тазартып үлгермей жатыр. Түйелердің жүнін қырқып, өз бетінше улап жүрген азаматтар әзірге нақты нәтиже болмай жатқанын айтты.

Бес бота өлді. Зиянкесті улау үшін Үкіметтен көмек сұраймыз. Біздің өз күшімізбен құртуға шамамыз келер емес. Қуаңшылықта азайып қалған малымызды енді кенеге талатып отырмыз, - деді шаруа Есбол Естұрлиев.

Маңғыстау облыстық ауыл шаруашылығы басқармасы басшыларының мәліметіне сүйенсек, шаруалар жылына бір рет малдың жүнін қырқып, паразиттерге қарсы ерітіндіге тоғытуы қажет. Сондай-ақ қораларды дезинфекциялау да аса маңызды. Ал мұндай міндет шаруалардың өз күшімен атқарылуы тиіс. Басқармаға жүгінсе, ақылы қызмет көрсететін мамандарды беруге дайын.

Әр кәсіпкер паразиттар ауруларының алдын алуға міндетті. Ал біздің тарапымыздан жұқпалы ауруларға қарсы профилактикалық-диагностикалық іс-шара жасалады. Ал түйелердің жаппай қырылуы үш жыл қатарынан тіркелсе ғана, министрлікке шығып, қауіпті дәлелдеп, залалсыздандыру шараларына қаражат бөлдіруге болады. Қазіргі жағдайда шаруаларға өз күштерімен улау шараларын жүргізуге тура келеді, – деді Ауыл шаруашылығы басқармасы басшысының орынбасары Бердібек Марқабаев.                                 

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға