Маңғыстау облыстық әкімдігі

Маңғыстауда «Келешек мектептері» жобасы аясында оныншы мектеп ашылды

Ақтау қаласында мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Келешек мектептері» ұлттық жобасы аясында оныншы мектеп пайдалануға берілді. Маңғыстау облысы әкімдігінің мәліметінше, жаңа №34 жалпы орта білім беретін білім ошағы 1500 оқушыға арналған, деп хабарлайды El.kz интернет порталы.

Салтанатты шараға Маңғыстау облысының әкімі Нұрдәулет Қилыбай қатысып, жаңа білім ошағының жұмысына сәттілік тіледі.

Нұрдәулет Қилыбай

Бұл мектеп – мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша салынған маңызды әлеуметтік нысан. Бала тәрбиесі – елдің болашағына салынған ең үлкен инвестиция. Сондықтан білім сапасы мен балалардың қауіпсіздігіне айрықша мән беруіміз қажет. Жаңа мектеп халықаралық стандарттарға сай бой көтеріп, дамыған елдердегі білім ордаларымен деңгейлес. Кеңес Одағынан кейінгі 15 мемлекеттің ішінде мұндай үлгідегі мектептерді салып жатқан тек Қазақстан. Бүгінде өзге елдер де біздің тәжірибемізге қызығушылық танытуда. Қазіргі басты басымдығымыз – білім мен денсаулық саласы. Бұл екі бағытқа мемлекет барынша қолдау көрсетіп келеді, – деді Нұрдәулет Қилыбай.

Жалпы аумағы 14 мың шаршы метрден асатын заманауи мектепте 67 пән кабинеті бар. Оның ішінде STEM, робототехника, дизайн және технология, музыка, тамақтану мәдениеті сияқты бағыттағы сыныптар оқушылардың жан-жақты дамуына мүмкіндік береді. Ерекше білімді қажет ететін балалар үшін сенсорлық бөлме, инклюзивті білім беруді қолдау кабинеті және арнайы жеделсаты орнатылған.

Маңғыстау облыстық әкімдігі

Оқушылардың қауіпсіздігі үшін нысан толықтай бейнебақылау жүйесімен қамтылған, аумағында ойын және спорт алаңдары салынған.

Айта кетейік, бұған дейін өңірде «Келешек мектептері» жобасы аясында 7 500 астам баланы біліммен қамтитын 9 мектеп ашылған болатын. Бұған қоса жыл аяғына дейін аталған жоба бойынша Ақтау, Жаңаөзен қалалары мен Мұнайлы ауданында тағы үш жаңа мектеп пайдалануға беріледі.